Қарағанды қалалық «Төлеутай ата» мешітінің имамы Рауан Төлеубекұлының ұйымдастыруымен және мешіт жамағатының қолдауымен кезекті қайырымдылық шарасы болып өтті.
Шара аясында аймақтағы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға картоп, сәбіз, пияз сынды күнделікті тұрмысқа қажетті көкөніс түрлері үлестірілді.
Іс-шара барысында мешіттің наиб имамы Дархан Түменбай жиналған жамағатқа қайырымдылықтың дініміздегі орны мен маңызы жайлы насихат айтты. Ол өз сөзінде:
«Қайырымдылық – мұқтажға қол ұшын беру ғана емес, ол – Алла разылығы үшін жасалған шынайы ізгі амал. Әрбір мұсылман қолындағы барымен бөлісуді әдетке айналдырса, қоғамда мейірім мен береке артады», – деп атап өтті.
Мешіт ұжымы осындай игі шараларды тұрақты түрде өткізіп, көмекке мұқтаж жандарға демеу болуды жалғастыруды мақсат етіп отыр.