Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешітінің имамы Д.Қожекеев Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 11-бөлімшесінде кездесу өткізді.
Іс-шара барысында бөлім басшысы мен қызметкерлері адалдық пен береке тақырыптарында діни тұрғыдан мол мағлұмат алды. Имам Д.Қожекеев исламдағы рұқсат етілген амалдар мен тыйым салынған әрекеттерді Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистері арқылы түсіндіріп өтті.
Осындай кездесулер сала мамандарының төтенше жағдайларда жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауына, қызметіне деген ықыласы мен жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар рухани жігер беріп, адамгершілік қасиеттерді нығайтады.
Имам өз сөзінде: «Отбасын, өмірін қиып, қызыл жалынның ортасына кіретін әрбір маманның еңбегі бағалы. Істеріңізге адалдық, табыстарыңызға береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деп жылы лебізін білдірді.
Бұл бағыттағы рухани кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі