«Әл Ғаффар» мешітінің әйел-қыздар жамағатының ұйымдастыруымен Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ дүниеге келген Мәуліт айына арналған «Ғасырлардан жүрекке» атты рухани кеш өтті.
Бұл кеш – тек басқосу емес, жүректерге иман нұрын себелеп, сүйіспеншілік пен мейірімге үндеген ерекше сәт болды.
Іс-шараны мешіттің имамы Оралбай Әділбекұлы әсерлі уағызбен ашып, Мәуліттің мәні мен маңызы туралы тағылымды ойлар айтты. Сонымен қатар «Адамзаттың асыл тәжі» кітабы негізінде үш топ арасында қызықты жарыс ұйымдастырылды. Қатысушылар білімдері мен Пайғамбар ﷺ сүйіспеншілігін өзара жарыста көрсетіп, қомақты сыйлықтарға ие болды.
Жалпы кешке 60-қа жуық адам қатысып, әркім өз жүрегіндегі Алла Елшісіне ﷺ деген махаббатын ісімен дәлелдеді. Қасиетті Мәуліт – өткенге тағзым, болашаққа бағдар.
Кеш соңында жамағат Пайғамбарымызға ﷺ салауат айтып, рухани әсерге бөленді.
Алла Тағала осындай игі істің ұйытқысы болған жандарға разы болсын!
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі