Қарағанды қаласындағы «Әл Ғаффар» мешітінің әйел-қыздар жамағаты құрған «Иқро көзайым» оқырман ханымдар клубында қыркүйек айының таңдаулы кітабы ретінде «Адамзаттың асыл тәжі» еңбегі оқылды.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ өмірі мен өнегесін, имандылық пен сабырдың шынайы үлгісін насихаттайтын бұл туынды ай бойы жамағатқа рухани шабыт, жүрекке жылу сыйлады.
Ай қорытындысында клуб мүшелері арасында ерекше форматтағы кеш ұйымдастырылып, қатысушылар үш топқа бөлініп, куиз ойыны арқылы өз білімдерін сынады. Әрбір сұрақ Пайғамбарымыздың ﷺ өмірінен алынған тағылымды оқиғаларға негізделіп, ойын барысында тәрбиелік мәні зор сәттерге толы әсерлі әңгімелер өрбіді.
Куиз жеңімпаздары мешіт ұжымы тарапынан марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, мешіт ұстазы Бақыт Амантайқызы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көркем мінезі мен өнегелі өмірінен тағылымды ойлар айтты.
Бұл бастама — тек кітап оқу емес, жүректерді иманмен біріктірген, білім мен сүйіспеншілікті тоғыстырған бір рухани сапар болды.
Алла Тағала осындай игі істердің жалғасын нәсіп етсін!
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі