Рухани келісім күніне орай Қарағанды қаласындағы Хоспис мекемесінде науқас жандарға арналған игі қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Шараға Қарағанды қаласының түрлі діни бірлестіктері қатысып, бірлік пен мейірімнің жарқын үлгісін көрсетті.
Ізгі іс-шара аясында ем қабылдап жатқан науқастарға және мекеме қызметкерлеріне қажетті азық-түлік пен сый-сияпаттар үлестіріліп, жылы лебіздер мен игі тілектер айтылды.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша «Зекет және қайырымдылық» қорының ат салысуымен жүзеге асқан қайырымдылық шарасына облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы, "Дін мен дәстүр" бағытының жауапты маманы Бақдәулет Қыдырбайұлы арнайы қатысып, Рухани келісім күнінің мәні мен маңызы туралы уағыз-насихат айтып өтті.
«Бірлік пен бейбітшілік – біздің ең үлкен байлығымыз. Рухани келісім күні – түрлі дін өкілдерінің өзара құрметі мен мейірімін нығайтатын игі мереке», – деп атап өтті имам өз сөзінде.
Шара соңында Хоспис ұжымы мен емделушілер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, осындай ізгі амалдардың қоғамдағы адамгершілік пен бірлік құндылықтарын арттыратынын атап өтті.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі