ҚМДБ-ның Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауылдық «Қажыбай қажы» мешітінің ұйымдастыруымен адамзаттың ардақтысы, соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) туған айы – Мәуліт айының құрметіне арналған «Ғаламның рақым нұры» атты рухани мәуліт кеші болып өтті.
Игі шараның мақсаты – адамзатқа рақым етіп жіберілген сүйікті Елшінің (ﷺ) өмірі мен өнегесін насихаттау, жамағаттың рухани санасын жаңғырту және жастардың жүрегіне имандылық пен ізгілік ұялату болды.
Рухани кеш алдымен Құран аяттары оқылып, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауаттар айтумен бастау алды.
Алғашқы сөз Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Құмар Қоныскерей қажыға берілді. Имам өз сөзінде кеш қонақтарына ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, мәуліт айының мәні мен маңызына кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ, «Әнет баба» мешітінің ұстазы Бауыржан Мейімбекұлы Пайғамбарымыздың (ﷺ) көркем мінезі мен мұсылман үмбетіне қалдырған өшпес өнегесі жөнінде тағылымды уағыз айтты.
Шараның рухани шырайын арттырған Халықаралық және Республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Айтбай Жұмағұлов, сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Айтыстың ақтаңгері» атанған Дидар Қами жырдан шашу шашып, Мәулітке арналған арнау жырларын орындады.
Алматы қаласынан арнайы келген ақын, жыршы Серік Құлатай да сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) көркем мінезін, мейірім мен рақымға толы өмірін дәріптеген жүрекжарды жырын орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш соңында жамағатқа ақ дастархан жайылып, ізгі тілектер айтылды.
Қатысушылар игі шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай имани шаралардың қоғамдағы бірлік пен мейірімділікті нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.
Мәуліт мерекесі — мұсылман қауымын жақсылық пен ізгілікке үндейтін, Пайғамбарымыздың (ﷺ) өнегелі өмірін еске салып, жүректерге жылулық пен нұр сыйлайтын рухани мереке екені тағы бір мәрте айқындалды.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі