Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінің имамы Асылхан Нұртайұлының ұйымдастыруымен «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының қызметі бойынша қаладағы «Жалаңтөс батыр» мазарының аумағында сенбілік жұмыстарын жүргізіп, 45 тонна қоқыс шығарды.
Игі шараның мақсаты – киелі тарихи орынның тазалығын сақтап, келушілерге көркем орта қалыптастыру. Сенбілік барысында қатысушылар мазар аумағындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, қоршаған ортаны ретке келтіру жұмыстарын атқарды.
Нәтижесінде 45 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, мазар айналасы толық тазартылды.
Имам Асылхан Нұртайұлы сенбіліктің маңыздылығына тоқталып, мұндай іс-шаралар жамағат арасында жауапкершілік пен табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыратынын атап өтті.
– «Мұсылман баласы тазалыққа, қоршаған ортаны күтіп ұстауға мән беруі керек. Бұл – дініміздегі иманның бір көрінісі. Біздің мақсатымыз – тарихи орындарды таза ұстап, келушілерге үлгі көрсету», – деді мешіт имамы.
Сенбілікке мешіт жамағаты мен ерікті азаматтар белсене қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосты.