Қарағанды облысы, Үштөбе ауылдық «Қажыбай қажы» мешітінде әйел-қыздар жамағатына «Отбасы берекесі» тақырыбында уағыз-насихат өткізілді.
Іс-шара барысында мешіт ұстазы Гүлнұр Қаныбекқызы отбасының исламдағы орны мен маңызы туралы тағылымды ойларымен бөлісті.
«Отбасы — адамзат өміріндегі ең қасиетті ұғымдардың бірі. Ол — Алланың адам баласына берген ең үлкен нығметі, тыныштық пен қуаныштың мекені. Берекелі отбасы — мықты қоғамның, мықты ұлттың тірегі. Сондықтан дінімізде отбасыға ерекше мән берілген», — деді ұстаз.
Сондай-ақ, Құран Кәрімнің «Рум» сүресінің 21-аятында:
«Ол сендерге өздеріңнен жұбайлар жаратып, олар арқылы жүректерің тыныштық табуы үшін, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім орнатты. Расында, мұнда ойланатын қауымға белгілер бар» — деп, Құраннан мысал келтіре отыра отбасының негізінде махаббат, мейірім және тыныштық жатқанын атап өтті.
Жиын соңында ұстаз әйелдерге отбасыда сүйіспеншілік пен кешірім, сабыр мен шүкіршіліктің маңызын түсіндіріп, қатысушыларға рухани әсер қалдырды.