Қазақта ұрпағыңмен мың жаса деген тәмсіл бар. Жалпы аталарымыз ұлт болашағы өскелең ұрпақтың қолында деген қанатты сөзді ұстанып «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген қағиданы қалыптастырып бала тәрбиесіне мән берген. Сол себепті өскелен ұрпақты рухани тәрбиемен имандылық жолына баулығанын білеміз. Асыл дініміз исламда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Қасиетті құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыз Мухаммад Мұстафа (с.ғ.с.) ның мүбарак хадистерінде бала тәрбиесіне қатысты көптеген өсиеттер барын білеміз. Жаратушыдан өздеріне перзент тілейтіні анық. Осы тұста қасиетті Құран Кәрімде мынандай дұғалар кездеседі: «Олар: «Уа Раббымыз, бізге жұбайларымыздан және ұрпақтарымыздан көзайым болатын (салиқалы жандар) нәсіп ет, бізді тақуа иелеріне жолбасшы ет» дейді» (әл Фурқан сүресі, 25/74). Бұл аятта бала сөзінің орнына «көзқарашығындай бағалы» деген мағынада «қуррату айнин» сөзі таңдалған. Бұл біз қалағандай әрі расында Алладан қорқатын тақуа иесі ұрпақ дегенді білдіреді. Бұл құран аятынан баланы тілеу жаратқан иеден салиқалы ұрпақ бер деп тілеудің көрісін байқатады. Аталарымыз ия жаратқан ием «бала бер бала берсен сана бер деп» салиқалы ұрпақ тілеген еді.Исламда бала тәрбиесіне, болмысына, салғырт қарамайтындығын анғаруға болады. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.ғ.с. ) «Әкесінің баласына жасаған жақсылықтарының ең бағалысы- жақсы тәрбие» - деген. Яғни, баланы тәрбиелеу ата-анаға жүктелген үлкен жауапкершілік. Балам жаман болсын дейтін ата-ана жоқ, бірақ сол «жақсы бала» тәрбиелеп шығару көп ата-ананың қолынан келе бермейді. Баланы ата салты мен дәстүрін дәріптеп Пайғамбар сүннетімен тәрбиелейтіндер аз. Әлемге машһүр болған Абай атамыз былай дейді: «Адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды естіп, көріп, ұстап, дүниеге жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады»- деді. Жалпы баланың тәрбиесіне әсер ететін төрт фактор бар:
1. Отбасы.
2. Сыртқы орта («көше»).
3. Мектеп.
4. Қоғам және жалпы қоғамдық мәдениет.
Демек, бала тәрбиесі ата-ананың, мектептің, қоғамның қоршаған ортаның әсері. Білімді
ұрпақ тәрбиелеу қазірде үлкен жауапкершілік десек қателеспейміз. Сонымен, бала тәрбиесінің
басты ұстанымдарын былайша бөлуге болады:
1. Жаңа туылған нәрестеге мейлінше сүйіспеншілікпен, мейірім-шапағатпен ыстық ықыласпен қарау керек. Алғашқы кезеңде мұның барлығын оның анасы береді. Алайда мейірімнің өзі мөлшерімен берілуі тиіс. Шектен тыс өбектеу, еркелету нәрестенің өзімшіл болып өсуіне әкеліп соқтырады. Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде «Мейірім көрсетпегенге мейірім болмайды» деген. Дей тұрғанмен қазақта баланды аясан аяма деген өсиет бар тым еркелетіп бетімен жібермей тізгіндейде білген. Қазақи қағидамен қарайтын болсақ баланы бес жасына дейін патшадай сыйла он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса одан кейін сырласындай ұста деп тәрбие сатысын өз орнымен болу керек екенін жеткізген. Исламдағы бала тәрбиесіне Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үлгі болғаны анық. Пайғамбарымыздың балаға деген сүйіспеншілігі балаларды райхан гүліне ұқсатып, ал иісін жаннаттың иісіне теңеген. Бір күні немерелері Хасан мен Хусейінді арқалаған күйде мешітке кіреді. Жамағатқа имам болып намаз өткізу үшін балаларды оң жағына отырғызады да намаз бастайды. Алла расулы сәждеге барғанда сәждені ұзақ жасайды. Намаз біткен соң халық: «Уа, расулулла, намазда сәждені көбірек создыңыз. Мұндай сәждені бұрын-соңды көрмеген едік. Бұл Алла тағаланың әмірі ме?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Жоқ, бұл Алланың әмірі емес. Немерем арқама мініп алды. Өзі түскенге дейін күткенді дұрыс көрдім»,- деп жауап береді (Мүстадрак, 3/165-166). Тағы бірде немересі Хасанды еркелетіп, сүйгіштеп отырғанда, қасына келген Ақра ибн Хабис: «Менің он балам бар, ешқайсысын әлі күнге басынан сипап, маңдайынан сүйген емеспін»,- дейді таңданып. Сонда Пайғамбарымыз: «Сен басқаларға мейірімділік танытпасаң, Алла да саған мейірімділік көрсетпейді», - деп жауап қатады (Әбу Дәуіт, Әдаб 156.).
2. Өзін-өзі ұстай білу, сабырлылық сезімін қалыптастыру. Қалауын орындату талабы нәрестенің бойында алғашқы кезеңнің өзінде-ақ пайда болады. Бірақ оның ырқына көне беруге болмайды. Бала тынышталса болды деп мазаламаса болғаны деген мақсатпен телефон гаджеттер ұстатып тынышталдыру дұрыс емес. Анасы оның еріксіз дәрет жіберіп қоюына, жылауына, қайта-қайта тамақ сұрауына шектеу қойып, ұстамдылық қалыптастыруы керек. Өсе келе оған әңгімелесу мен үлкендермен қарым-қатынаста ұстамды, әдепті болуға үйрету керек. Бала өзінің қалауының шектелуінің нақты, шынайы негізінен хабардар болуы қажет. Әсіресе балаға жалған сөйлемеген жөн. Қандай жағдайда да балаға өтірік айтпауы қажет. Ал алдамауға келсек, бірде Мадинаға хижрет жасаған сахаба аналарымыздың бірі Ләйла (р.а.) Пайғамбарымыздың үйінде отырған кезінде ойнап жүрген баласын жаныма келші, саған бір нәрсе беремін, дейді. Бұны естегенде Пайғамбарымыз (c.ғ.с.) дереу одан: - Ұлыңызға не бермексіз? – деп сұрайды. -Құрма берейін деп едім, - дегенінде: - Егер баланы алдап шақырып, еш нәрсе бермесеңіз, амал дәптеріңізге «өтірік айтты» деп жазылар еді, - деп ескертеді (Әбу Дәуіт, Әдаб,80.) Бұл жерден өзімізге түйетініміз кейде балаға өтірік уәде ету арқылы алдауға жол беріп жатамыз. Осы хадистен алдау өтірік айту, уәдеде тұрмау сынды шариғатта айыпталған күнәлі істер екенін аңғарғанымыз дұрыс болар.
3. Ата-ананың жақсы үлгі болуы. Алғашқы кезеңде нәресте айналасындағы адамдарға еліктейді. Біздің өмірімізде орын алған оқиғада әкесі баласына «аяқ алысыңды аңдап абайлап жүр десе, әкетай өзіңіз абайлап жүріңіз мен сіздің ізіңізбен жүремін» деген екен. Ал 5-7 жастан бастап жаман мен жақсыны ұғына бастайды. Осы уақытта оған жақсы достар керек. «Ұлың өссе ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе қызы жақсымен көрші бол» деп қазақ тегін айтпаған. Пайғамбарымыз ұл қыз деп бөле жара қарамады. Үй ішінде ұлды артық көріп, қызды кемсітуге жол бермеген. Қызды қор көрмеуге шақырып, «Кімде кімнің үш қызы болып, ұлды олардан артық санамаса, жақсы тәрбиелесе, Алла ондай ата-анаға жұмақты нәсіп етеді» дейтін (Ибн Мажә, Әдеб, 3;) Бір сөзбен айтар болсақ ата ана бала үшін айна сол үшін бала естігенін істемейді көргенін істейді деп айтып жатады. Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер деп көрегендікті сыйпаттаса. Синонимы көргенсіз деп те айтыларын білеміз. Ата ана балаға жақсы үлгі болу үшін тәрбиеге мән берген.
4. Жақсы білім беру. Жалпы бала тәрбиесінде ислам дінінің қайнар бұлақтары – Құран мен пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне сүйену керек. Осы негіз бойынша Жаратушының алдында жанұя үшін әкенің жауапкершілігі үлкен екендігін айта кеткен жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай өсиет еткен: «Адам өлгенде оның үш нәрсесінен-тоқтаусыз садақасы (мысалы, құдық, көпір, медресе) немесе пайда келтіретін білімі (таратқан білімі) немесе артынан дұға қылатын игі жақсы баласынан басқа барлық амалы тоқтайды». Егер ата-ана нағыз шынайы мұсылман етіп тәрбиелей алса, олардың баласы Қияметте жәннат қақпасының алдында отырып: «Әке-шешем кірмесе мен де кірмеймін», - деп отырады. Балаға оқу білімді ғылымды үйрету ата-ананың борышы болмақ. Екі дүние іліміне баули отыра жан жақты дамыту үшін баланың білімді болуы үшін күш қаражат жұмсау дінімізде садақа саналатынын ескеруіміз керек.
5. Баланы жан
жақты жетілдіру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) баланың жан-жақты жетілгенін құп
көретін. Баланы әдепке баулитын: тамақтан бұрын және тамақтан кейін қол жуу, оң
қолмен жеу, «бисмилламен» бастау, өз алдынан жеу, ұл мен қыздың төсегін бөлек
салу т.с.с. Денесін шынықтыруға көңіл бөлетін. Ер балаларға күрес, садақ ату,
жүгіру, суда жүзуді үйретуге шақырған. Тәрбиелі қоғам қалыптастыруда ұлт
мақтаныштары болған аталарымыз өзінен кейін аталы сөз қалдырып ұрпаққа мирас
етті. «Тәрбиедегі мақсат- адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын
мағынасымен адам қылып шығару» Мағжан Жұмабаев «Ұл тәрбиелей отырып, халықты
тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» Мұхтар Әуезов қорыта
келгенде, Ислам дінінде балаға көңіл бөлу, баланы дұрыс тәрбиелеуге зор көңіл
бөлетінін айтуға болады. Дініміз ұл мен қызды өз табиғатына сай істерге
жастайынан үйретуге, еңбекқорлыққа, тазалыққа, дене шынықтыруға және
адамгершілік пен әдепке баулуға ерекше мән береді. Дұрыс қоғам құру жасөспірім
кезден алған тәрбиеге байланысты. Бұл тұрғыда ата-ана көбірек сауатты болып,
өздері де бірінші кезекте үлгі көрсете білуі қажет. Ал бала әке-шешесіне қарап
үлгі алады. Жас кезінен есірткі, сыра, темекі, зинақорлық секілді теріс
қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы, есейгенде қоғамға пайдалы
азамат болып қалыптасуы ата-ананың берген тәриесінің нәтижесі болып табылады.
Қарағанды қалалық «Бұқар Жырау» мешітінің найб имамы Аманбол Рымқұлұлы
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы