Center Image
IHSAN.KZ
ҚЫЗМЕТКЕ АДАЛ БОЛУ – КӨРКЕМ МІНЕЗ КӨРІНІСІ
ҚЫЗМЕТКЕ АДАЛ БОЛУ – КӨРКЕМ МІНЕЗ КӨРІНІСІ

Асыл дініміз мұсылман баласын көркем түрде құлшылық етумен қатар адал еңбек етуге, қызмет әдебін сақтауға тәрбиелейді. Мұсылманның түсінігі бойынша қызмет ету тек нәпақа табу емес, ең әуелі Алланың разылығына жеткізетін амал. Қазіргі қоғамда адал табыс табу, қызметтік міндетті жауапкершілікпен орындау, ел игілігі үшін шынайы еңбек ету сынды адамгершілік қасиеттер әрқайсымызға ауадай қажет.

Қоғамның дамуы, халықтың әл-ауқатының көтерілуіадамдар арасындағы сенім мен өзара құрмет сынды жетістіктер әрбір азаматтың өз міндетіне адал болуына тікелей байланысты. Сондықтан қызметке адалболу иманның, көркем мінездің және мұсылмандық жауапкершіліктің белгісі деуге болады.

Қасиетті кітабымыз Құранда: «Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады...» («Ниса» сүресі, 58-аят), – деп бұйырылған. Бұл аят аманатқа қатысты ұғымның бәрін қамтып тұр. Демек Алланың бұл әмірі жауапкершілік алғандарға қатысты айтылған. Осы аятқа тәпсір жазған ғалымдарымыздың пікірінше, бұл аят Алла мен адамдардың ақысына қатысты түскен.    

Расында басшылық, қызмет сынды жауапкершіліктер бізге берілген аманаттар екенін ұмытпау қажет. Мұғалім оқушысына дұрыс білім мен тәрбие берсе, дәрігер өзінің алдына келген науқасты дұрыс емдесе, мемлекеттік қызметкерлер халыққа лайықты қызмететсе, кәсіпкер адал сауда жасасадін қызметкерлері жоғары дәрежеде жұмыс істесе өздіріне жүктелген аманатты адал атқарған болып саналады. 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Әрқайсыларың бақташысыңдар және әрқайсың өз қарамағындағылар үшін жауаптысыңдар», – деген. Бұл хадис әр адамның атқарып жүрген қызметіне жауапкершілікпен қарауы қажеттігін көрсетеді. Өкінішке қарай, кейде жұмыс уақытын босқа өткізу, тапсырманы салғырт орындау, мемлекет мүлкін жеке мақсатқа пайдалану, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану сияқты келеңсіз әрекеттер кездеседі.Мұндай іс-әрекеттер тек заң алдында ғана емес, Алланың алдында да үлкен жауапкершілік жүктейтінін естен шығармаған жөн.

Ислам діні еңбекті ерекше бағалайды.Адал жолмен табылған ризық ең таза әрі ең берекелі ризық ретінде саналады.Алла Тағала былай дейді: «Адамға өзінің еңбегінің ғана жемісі тиесілі»(«Нәжм» сүресі, 39-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешбір адам өз қолымен тапқан ризығынан артық ас жеген емес», – деген. Бұл хадис адал еңбекпен күн көрудің қадірін білдіреді. Біздің ата-бабаларымыз да: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп еңбекқорлықты насихаттаған. Өйткені адал еңбек адамның абыройын арттырады. Ал адал емес табыс уақытша пайда әкелгенімен, оның берекесі болмайды. Араммен келген дүние адамның жүрегін қарайтып, отбасының берекесін кетіреді.

Дініміз бен дәстүрімізде әрбір істі сапалы орындау үлкен құндылық саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Алла Тағала біреуің қандай да бір іс атқарса, оны сапалы әрі тиянақты орындағанын жақсы көреді», – деген.Бұл хадис мұсылманды кәсібилікке, өз ісін адал әрі лайықты түрде орындауға тәрбиелейді. 

Жұмыс уақытын қадірлеу адалдықтың белгісі екенін білген жөн.  Уақыт адам өміріндегі ең үлкен нығметтердің біріболғандықтан оны барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Алла Тағала «Аср» сүресінде: «Ғасырға серт! Ақиқатында адам баласы зиянда...» деп уақыттың қадірін еске салады. Қызмет уақыты жұмыс берушінің немесе халықтың аманаты екенін түсінген адам оны мейлінші пайдалы өткізуге тырысады. Сондықтан жұмыс уақытында жеке шаруамен айналысу, себепсіз кешігу, ерте кету, әлеуметтік желілерде уақыт өткізу сынды әрекеттер адалдық қағидатына қайшы. Пайғамбарымыз(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі нығмет бар. Көп адам олардың қадірін білмейді. Ол – денсаулық пен бос уақыт», – деген.Демек уақытын бағалаған адам өз өмірін де бағалайды.

Ислам діні кез келген әділетсіз табысқа қатаң тыйым салады. Алла Тағала: «Бір-біріңнің мал-мүліктеріңді арам жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін басшыларға апармаңдар» дейді («Бақара» сүресі, 188-аят). Бұл – Исламдағы экономикалық әділдіктің, адал еңбектің және қоғамдық сенімнің негізін қалайтын маңызды аяттардың бірі. Онда адамдардың бір-бірінің ақысын жеуіне, заңсыз пайда табуына және билік пен сот жүйесін жеке мүддесіне пайдалануға қатаң тыйым салынған.

Аятта Алла Тағала: «Өзгенің малын»емес, «бір-біріңнің мал-мүліктеріңді»деп баяндайды. Тәпсір ғалымдары мұның астарында үлкен тәрбиелік мән бар екенін айтады. Өйткені мұсылман үмбеті бауырмалдыққа негізделген біртұтас қауым. Бір мұсылманның дүниесіне қол сұғу – бүкіл қоғамның амандығына қол сұғумен тең. Егер қоғамда бір адамның ақысы желінсе, ертең өзгелердің де құқығы тапталуы мүмкін. Сондықтан әрбір адамның мүлкі бүкіл қоғамның аманаты ретінде қорғалуға тиіс.

«Арам жолмен жемеңдер» дегенаяттың мағынасына келсек, тәпсіршілер бұл сөздің аясына ұрлық жасамауалаяқтыққа бармау, пара алмау немесе бермеуөсімқорлық жасамау, жалған құжат жасаудан аулақ болу, таразыдан жемеу, аманатқа қиянат жасамау, қызмет бабын жеке пайдасына пайдаланбау, жетімнің малын жемеужалған куәлік беру арқылы дүние иеленбеу, жалақы алып, жұмысты адал атқармаумемлекет мүлкін талан-таражға салмау сынды әрекеттердің бәрі кіретінін айтқан.

«Басшыларға апармаңдар» деген сөздің мәні «билік иелеріне жеткізу», «сотқа апару», «шенеуніктерге беру» деген мағыналарды қамтиды.Классикалық тәпсірлерде бұл сөз бірнеше қырынан түсіндіріледі. Біріншісі – пара беру. Яғни адам өзіне тиесілі емес дүниені иелену үшін билік өкіліне сыйлық немесе ақша береді. Екіншісі – жалған куәлік арқылы сотта жеңіске жету.Үшіншісі – заңдағы олқылықтарды пайдаланып, өзгенің ақысын заңды етіп көрсету. Төртіншісі – қызметтік ықпалын пайдаланып, әділетсіз шешім шығарту.Имам әл-Қуртуби бұл аяттың парақорлыққа қатысты ең негізгі дәлелдердің бірі екенін айтады.Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Пара берушіге де, пара алушыға да Алланың лағынеті болсын», – деген. Парақорлық қоғамдағы сенімді жояды, әділеттілікті әлсіретеді, адал еңбек еткен азаматтың еңсесін түсіреді. Сондықтан мұсылман қандай жағдайда да адалдық жолынан таймауы керек.

Қызмет барысында әділдік пен шыншылдыққа басымдық берген адам әрқашан жетістікке жетеді. Өйткені адал қызметкер өтірік айтпайды. Уәдесін бұзбайды. Өзгенің ақысын жемейді.Ұжымда әділдік пен сыйластықты сақтайды. Құранда: «Расында, Алла әділдік жасауды бұйырады...» делінген («Нахыл» сүресі, 90-аят). Әділдік орнаған жерде сенім қалыптасады. Сенім бар жерде береке болады.

Қазақ халқы адал еңбек пен адалдықты ерекше бағалаған. Абай Құнанбайұлы атамыз: «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас», – десе,Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз: «Адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл –
Үшеуі болса, адам боласың», – дегенөсиет қалдырған. Бабаларымыздың бұл сөздері Исламның еңбек туралы ұстанымымен толық үндеседі.

Қызметке адалдық – мұсылманның көркем мінезінің көрінісі. Өз ісін адал атқарған жан елдің сеніміне ие болады, отбасының берекесін арттырады, қоғамның дамуына үлес қосады әрі Алланың разылығына жетеді. Әрбір мұсылман жұмысын құлшылық ретінде санаса, уақытын қадірлесе, аманатқа қиянат жасамаса, халықтың ақысын жемесе, кәсіби шеберлігін жетілдірсе, әділдік пен шыншылдықты өмірлік ұстаным етсе өзі де, өзі өмір сүріп отырған қоғам да дами түседі. Алла Тағала баршамызды адал еңбек ететін, аманатқа берік, қызметіне жауапты, халқына қалтқысыз қызмет ететін пенделерінің қатарынан етсін!


Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

 


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz