Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Хушуғ түрлері
09 маусым, 2021 жыл 1163 Басып шығару нұсқасы

Хушуғ – намаздың мәні де сәні. Мағынасы: «Намазда Алла Тағаланың алдында жан-тәнімен беріле, өзін төмен түсіріп, оқылған аяттар мен зікірлерге терең бойлаған халде тұру». Хушуғпен оқылған намаз – құлшылықтың абзалы, бойсұну амалдарының ең құрметтісі. Алла Тағала нағыз мүминдерді сипаттағанда, ең алдымен олардың намазды хушуғпен оқитынын атап өтіп: «Мүминдер мұратына жетті, сондай намазда хушуғпен тұратындар», - деді («Мүминун» сүресі, 1-2 аяттар). Намазды хушуғпен оқитын дәрежеге жеткен адам құлшылық және иманның ләззатын сезеді. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көздерімнің қуанышы намаздан берілді», – деген (ән-Нәсаи, 3940). Хадистегі біз «көздердің қуанышы» деп аударған «қуррату әъйюн» тіркесі – шексіз шаттық, бақыт, рахат, ләззат дегенді білдіреді.

Ғалымдарымыздың айтуымен, хушуғ екі түрде орын алады:

1. Жүректе орын алған хушуғ. Бұл кезде адам намазды кемеліне жеткізе орындап, әр оқыған дұғасының мағынасына мән береді.

2. Тәннің хушуғі. Намазда ойдың бөлінуіне сеп болатын есінеу, қобалжу, артық қимылдар жасау секілді дүниелерден ада болу осы тәннің хушуғынан болып табылады.

Намазды хушуғпен оқуға көмектесетін бірнеше әдіс бар. Солардың кейбіріне тоқталсақ:

1. Намазға әзірлік жасау.

Яғни, ерлер үшін мешітке ертерек бару, намаздың алдында орындалатын сүннеттерді оқу, киімдердің ең жақсысын кию, намазға жайбарақат, ешнәрсеге алаңдамай бару.

2. Көңіл бөлінетін нәрселерден алыстау.

Яғни, намаз оқушының алдында суреттер не қызықтыратын нәрселердің немесе көңілін бөлетін дыбыстардың болмауы. Намазға дәреті қысып немесе тамақ, не сусын дайын бола тұра, аш не шөлдеген күйі кіріспеу. Өйткені осындай нәрселер намазханның зейінін бастағалы тұрған ұлы іс - намаздан және Раббысына мінәжат етуден басқа жаққа бұрады.

3. Намаздағы байыптылық.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз оқығанда, рукуғ пен сәждені әр мүше өз орнына түсетіндей етіп, байыппен орындайтын. Хадистердің бірінде ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазын салғырттықпен оқыған кісіге намаздағы барлық амалдарды байыппен орындауға бұйырса, басқа хадистерде намаздағы шапшаңдыққа тыйым салып, оны қарғаның шоқығанына теңеген. Бірде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең жаманы - өз намазынан ұрлайтыны» деді. Адамдар: «Иә, Расулуллаһ! Қалай ол намазынан ұрлайды?» - деп сұрады. Сонда ол: «Рукуғ пен сәждені толық жасамайды», - деді (Ахмад, 22642). Намазды байыппен оқымаған адамның хушуғқа жетуі мүмкін емес. Өйткені асығыстық хушуғты кетірсе, қарға секілді шоқу намаздың сауабын кетіреді.

4. Алла Тағаланың ұлықтығын сезіну.

Бұл дегеніміз – өзін төмен ұстап, жан-тәнімен беріле Жаратушының ұлықтығын және өзінің әлсіздігі мен шарасыздығын; Раббысының алдында, Онымен сұхбаттасып және тілек тілеп тұрғанын  еске алу. Хатимуль Асамм есімді әулие кісі намазды лайықты түрде орындау жайында былай деп кеңес еткен: “Әуелі намаз үшін қажет болған дайындықты ең көркем түрде орындағын. Одан кейін Қағбаны көз алдыңда, Сырат көпірін аяғыңның астында, жәннатты оң жағыңда, тозақты сол жағыңда елестет. Желкеңде Әзірейілдің сенің жаныңды алайын деп күтіп тұрғанын ойла. Сосын: “Осы намаз өмірімдегі ең соңғы намазым” деп, қорқыныш пен үміт халінде Әлемнің Раббысының алдында тұрғаныңды сезін. Шын жүрекпен тәкбір айт. Ақырын және мағынасын ойлай отырып Құран сүрелерін оқы. Қарапайымдылықпен рукуғқа бар, хушуғпен сәжде жаса. Денең намаздың негізгі шарттарын орындай берсін, бірақ рухың, яғни көңілің үнемі сәжде күйінде болсын және бір сәт те болса Алламен бірге екеніңді ұмытпа!...”

5. Намазда оқылатын аяттар мен зікірлердің мағынасына үңілу, онымен өзара байланыс орнату. Мұны “тәдәббур” деп атайды.

Құран адамдар оның мағыналарына ой жүгіртіп, терең үңілуі үшін түсірілген. Алла Тағала: «Бұл – адамдар аяттарына терең үңілсін, ақыл иелері үгіт алсын деп, Біз саған түсірген берекелі Кітап», – деген («Сод» сүресі, 29-аят).

Алла Тағала баршамызды намазды толық орындаушылардан қылғай! Әмин.

 

Сәтбаев қаласы

«Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің

ұстазы Бауыржан Амангелдіұлы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары