Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мұсылманның құлшылығындағы Ихсанның көріністері
21 маусым, 2021 жыл 281 Басып шығару нұсқасы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

«Ихсан» сөзі араб тіліндегі «ахсана» (мінсіз, мұқият орындау) етістігінен шығады. Сөздіктерде «ізгілік», «игілік» және «жақсылық» деген мағыналарда келеді.

Пайғамбарлардың мөрі Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және Жәбірейіл періштенің арасындағы әңгіме келтірілген хадиске сәйкес: «Ихсан дегеніміз – Алланы көріп тұрғаныңдай оған кұлшылық етуің. Себебі сен Оны көрмесең де, шүбәсіз, Ол сені көруде».

Көріп отырғанымыздай бұл ұғымның ауқымы өте кең. Осыған орай, бұл мақаламызда біз құлшылықтағы Ихсанның көріністерін ашып беруді жөн көрдік.

Намаз –ғибадаттың ең абзалы. Құлшылықтың бұл түрі арқылы адам баласы Раббысын үнемі еске алып отырады. Намазды дұрыс әрі тиянақтыөтеу – мұсылмандар үшін ең маңызды міндет.

Қасиетті Құранда бұл туралы:

«Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар. Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда парыз етілді»[1], деп айтылады.

Демек, мұсылманның мұқият дәрет алып, таза киім киіп, дұрыс ниет етіп, ерекше ұқыптылықпен, ойын бөлмей намаз оқуы – ихсанның бірден-бір көрінісі деп сеніммен айта аламыз.

Ораза – Алла мен адамның арасындағы риясыз құлшылық, ерекше ғибадат түрі.

Таңның бірінші шапағынан күннің батуына дейін, яғни күні бойы нәр татпай, ауызашар уақытында бар ықыласымен:

«Алла Тағалам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір», деген сөздер де осы рухани ілім жолымен тікелей байланысты.

        Қажылық – белгілі айларда орындалатын сауабы мол құлшылық түрі. Бұл ғибадат – адамның үлкенді-кішілі күнәларын жойып, ішкі жан дүниесіне ерекше әсер етеді.

Бұл туралы Құранда:

   «Қажылық белгілі айларда өтелетін құлшылық. Кімде-кім сол белгілі айларда құлшылық парызын өтеуге ниет етіп, бел буса, онда қажылық парызын өтеу барысында жұбайлардың бір-бірімен төсек қатынасына түсуіне, шариғаттың шеңберінен шығуға, дауласуға және шекісуге жол жоқ. Сондай-ақ қандай жақсылық жасасаңдар да Алла оны міндетті түрде біліп тұрады. (Өзгелерге мұқтаж болмас үшін) азықтарыңды жақсылап қамдап алыңдар һәм біліп қойыңдар, ең қайырлы азық тақуалық! Менен қорқып тақуалық шеңберінде әрекет етіңдер»[2], деп келтіріледі.

Ихрамға кіріп, Арафат тауында тұрып, тауап жасап және өзге де қажылық амалдарын, әсіресе «Ләббәйкә Аллаһумма ләббәйк ...» – «Уа, Аллаһым! Міне мен Сенің алдыңдамын ...» тәлбиясын айту арқылы Алланың құзырында екендігіңді толық сезіну де ихсан болып табылады.

Көріп отырғанымыздай, Ихсан секілді рухани тәрбие жолының мән-мағынасын терең меңгерген мұсылман,әрдайым және барлық жерде Алланың назарында жүргенін түсінеді. Оның өмірінің ең маңызды мақсаты – Аллаға толық әрі кемел түрде құлшылық ету болып табылады. Сол себепті, олөзінің құлшылығын көркем түрде орындауға ұмтылып, ізгілікке толы ғұмыр кешіп, өзгелерге жақсылық жасауға бар күшін салады.

Ізгілік кемелдікке жетелейді, ал әр нәрседегі кемелдік біздің түпкі мақсатымыз болуы тиіс. Біз Алланың көз алдында жоғары дәрежеге жетуіміз үшін тек құлшылығымызды ғана емес, өміріміздің барлық қырын жетілдіруге, сондай-ақ айналамыздағы барлық нәрсені жақсартуға тырысуымыз қажет.

Алла Тағала баршамызға құлшылықтарын толық һәм кемел орындайтын құлдарынанболуға жазсын! Әмин!

Естай Айтуғанұлы,

Теміртау қаласының «Әлихан Бөкейхан»

атындағы орталық мешітінің бас имамы

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

  1. «Ниса» сүресі, 103-ші аят.
  2. «Бақара» сүресі, 197-ші аят.
ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары