Исламдағы ахлақ (этика) ізгілік, адамгершілік мінез-құлық нормалары мен ұстанымдарының жиынтығынан тұрады. Ол - мейірімділік, төзімділік, ықыластылық, шыншылдық, тазалық, жомарттық, бауырмалдық, кеңпейілдік, аманатқа қиянат жасамау, ар-намысты сақтау, уәдеде тұру сияқты көптеген жалпы адамзаттық құндылықтарды қамтиды.
Тарихта «ахлақ» сөзіне мұылман ойшылдары әртүрлі анықтамалар берген. Солардың бірі, танымал мұсылман ғалымы имам әл-Ғазали: «Ахлақ – адам бойына пікірсіз, зорлықсыз оңай жасалынатын туа біткен қасиеттер» деп түсіндірген.
Терминдік мағынасына келер болсақ, Ахлақ – ешқандай ойды немесе пікірді кажет етпей көрініс табатын қимыл іс-әрекеттер мен жаттанды хал.
Хал деп – адам бойында толығымен орнықпаған іс-әрекетті айтамыз. Мысалы, бір адамның анда-санда күлуі, қорқуы, абыржуы т.б. сияқты. Ал, мына бір тұрғыдан қарағанда тағы бір ерекшелік байқалады. Ол адам бойынан оңайлықпен ажырата алмайтын әдеттенген мінез-құлық. Мысалы, жомарттық, шыншылдық немесе олардың антонимі сараң, өтірікші сияқты.
Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде: «Иман тұрғысынан ең жетілген мұсылман – өнегесі жақсы мұсылман»,– деген. Ислам әдебі ілімінің ерекшелігі о дүниелік сана негіз етіледі. Екінші өмірде ізгілер жәннәтқа кіреді, әдепсіздер тозаққа түсу ықтималға жориды.
Асыл дініміздің негізгі мақсаттарының бірі адамзатты тәриелеу болып саналады. Сондықтан да, біздің бабаларымыз да халық ретінде осы діннің осы мақсатын жете білген. «Әдепті бала – арлы бала, Әдепсіз бала – сорлы бала», «Сіз» деген әдеп,«Біз» деген көмек», «Әдепсіз үйге кірме, Басшысыз елде тұрма» деген мақалдар қалдырған.
Ал, Хакім Абай да адам бойындағы асыл және жаман қасиеттер жайлы өз өлеңінде:
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол –
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз, – (Абай, Алматы «Жазушы» 1986ж., 1-том, өлеңдер мен поэмалар, 41-бет) деп әдеп тақырыбын қозғайды. Яғни, «бес асыл іс» пен «бес дұшпан» деп әдеп мәселесінің тиісті шет-шегін белгілейді.
Міне, біздің руханиятымыз да әдеп мәселесін маңызды орынға қояды. Айтып-айтпай, әдеп мәселесі адамзат үшін аса маңызды. Сол үшін де, асыл дінімізде арнайы қарастырылады. Қазақ сөзіне айналған «әдеп» сөзінің шығу төркіні – араб тілі. Дәл сол «әдеп» (أدب) сөзінің синонимы «مكارم الأخلاق» (макаримүл-ахләқ), яғни «әдептілік, көркеммінезділік» деп айтады. Шариғат саласында да әдептілік дәл осы «مكارم الأخلاق» (макаримүл-ахләқ) сөзімен белгіленеді. Әдептіліктің ең үлкен көрінісі – көркем мінезділік. Әбу Һурайра (родиял-лаһу ъанһу) Нәбиден (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм): «Уа Расулуллаһ! Көркеммінезділік деген не?», - деп сұрағанда, Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) былай деп жауап берген:
"تُعْطِي مَنْ حَرَمَكَ، وَتَصِلُ مَنْ قَطَعَكَ، وَتَعْفُو عَمَّنْ ظَلَمَكَ"
- «Қолыңды қайтарғанға беруің, сенімен қатынасын үзген біреумен қатынасыңды жалғастыруың, саған зұлымдық еткенді кешіруің». («Мажмаъуз-Зауаид», 13473). Адамгершіліктің шыңы болған әдептілік Жаратушы Иенің разылығына лайық болудың бірден-бір жолы десек қателеспейміз. Әдептілік адам бойындағы кішіпейілшдіктен, сабырлылықтан, шүкірліктен, терең білімнен көрініс табады. Әдептілік пендені жәннатқа жетелейді.
ihsan.kz
Пікірлер