Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Тәкаппар болма, ұтыласың!
24 маусым, 2021 жыл 1526 Басып шығару нұсқасы

Бір  әулие  кісі көпірден  өтіп  келе  жатып, алдынан итті кезіктірген  екен. Көпір бір ғана  адам  өте  алатындай  көлемде  болады. Әулие  адам:  «Әй  ит! Сен  жат, мен  сенің  үстіңнен  өтейін»- дейді. Сонда әлгі  итке  Алланың  құдіретімен  тіл  бітіп: «Жоқ  сен  жат,  мен  сенің  үстіңнен  өтейін»-депті. Әулие адам: «Мен  жол  жүріп  келемін, сен  менің  үстімнен  өткенде, сілекейің ағып  киіміме  тисе оны жуу  керек  болады. Сосын  менің  кір киімді тазалайтындай мүмкіндігім  жоқ»-деп  жағдайын  түсіндіреді. Сонда  әлгі  ит: «Сен  менің  үстімнен  өтіп бара жатқанда, сенің  ойыңа: «Мен адаммын! Бұл ит! Мен сондықтан  бұның  үстінен  өтіп  барамын»- деген  ой келе ме?»-деп  қорқамын. Егер мен айтқандай  болса,  жүрегіңе  тәкаппарлық орнап, бір  дақ пайда  болады, жүрекке біткен  дақты  сумен  жуып  кетіре алмайсың! Ал  менің  сілекейім киіміңе  тисе,  оны  сумен  жуып  тазарта  аласың!»-деп  жауап  берген  екен.

 Шындығында да тәкаппарлық күнәні ең алғаш бастаған махлұқ Ібіліс болатын. Құран Кәрімде ол жайында былайша баяндалады. ﴿وَلَقَدْ خَلَقْنَاكُمْ ثُمَّ صَوَّرْنَاكُمْ ثُمَّ قُلْنَا لِلْمَلآئِكَةِ اسْجُدُواْ لآدَمَ فَسَجَدُواْ إِلاَّ إِبْلِيسَ لَمْ يَكُن مِّنَ السَّاجِدِينَ * قَالَ مَا مَنَعَكَ أَلاَّ تَسْجُدَ إِذْ أَمَرْتُكَ قَالَ أَنَاْ خَيْرٌ مِّنْهُ خَلَقْتَنِي مِن نَّارٍ وَخَلَقْتَهُ مِن طِينٍ * قَالَ فَاهْبِطْ مِنْهَا فَمَا يَكُونُ لَكَ أَن تَتَكَبَّرَ فِيهَا فَاخْرُجْ إِنَّكَ مِنَ الصَّاغِرِينَ﴾ «(Уа, адамзат!) Біз сендерді жаратып, бейнелеп, сосын періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар», – дедік. Сонда олардың барлығы сәжде қылды да, тек Ібіліс сәжде етушілерден болмады. Сонда Алла: «Мен бұйырған кезде сенің сәжде жасауыңа не кедергі болды?» – деп сұрады.  Сонда ол (Ібіліс): «Мен одан артықпын! Сен мені оттан жараттың, ал оны топырақтан жараттың», – деп менменсіді. Сонда Алла: «Сен ол жерден (жәннаттан) түс! Ол сенің тәкаппарланып жүретін жерің емес. Дереу шық! Сен енді қор болғандардансың», – деді» (Ағраф, 11-13).

Тәкаппарлыққа байлығының, тегінің, мансабының, дене бітімінің, көркінің, күш-қуатының, ақыл-ойының артықшылығына, білімінің көптігіне мақтанып, астамсыну сияқты менмендік қасиеттер жатады. Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Уа, адамдар! Сендердің барлығың да Адам атаның ұрпақтарысыңдар! Ал Адам топырақтан жаратылды. Ата-бабаларымен мақтанатындар ондай қылықтарынан тыйылсын, болмаса олар Алланың алдында қи қоңыздарынан да төмен дәрежеге душар болады». Баззар риуаят еткен хадис

Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен бір хадис шәрифте Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Тәкаппарлықпен дамбалының балағын сүйретіп келе жатқан бір адамды Алла Тағала оны бір сәтте жерге жұттырды. Енді ол Қиямет күніне дейін жердің астында азап тартады», – деді. Бұхари риуаяты. Бұл хадис шәриф тәкаппар адамның жазасы зор болатындығына дәлел. Алланың қаһарына ұшыраған ол пенде Қияметке дейін қабірде қатты азап тартатын болады. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Шынында Алла әрбір тәкәппар, менмендерді ұнатпайды» (Лұқман, 18).  Алланың өзін өзгелерден тым жоғары санайтын тәкаппарларға даярлаған ең ауыр жазасының бірі сондай – Қиямет күні оған назарын да салмайды.  Ибн Масғұдтан, Алла одан разы болғай; Пайғамбар, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, былай деген: «Жүрегінде зәренің (атомның) мысқалындай тәкаппарлығы бар жан жұмаққа кірмейді», – деді. Сонда бір кісі: «Алайда кейбір адам киімінің, аяқкиімінің әдемі болғанын қалайды ғой», – дегенде ол (с.а.с.): «Шындығында Алла көркем әрі көркемдікті жақсы көреді. Ал, тәкаппарлық – ақиқатты мойындамау, адамдарды менсінбеу», – деді. Мүслім риуаят еткен. Хадистерде жұмаққа кіретін пенделердің көбі кедей, әлсіз болса, ал тозаққа кіретіндердің жұртты менсінбей, өзін жоғары санайтын тәкаппар, менмен жандар болатындығы айтылады.  Сондықтан, барымызға шүкір етіп, қарапайым халде өмір сүрейік.

 

 

Айтқазин Рауан

Балқаш қалалық мешітінің наиб имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары