Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ИМАМ ШИБИЛИДІҢ НАСИХАТЫ
02 шілде, 2021 жыл 157 Басып шығару нұсқасы

Төртінші ғасырда өмір сүрген Әбу Бәкір Шибили деген бір тақуа кісі болатын. Имам Шибилиге бағдаттық әлдебір наубайшы оның білімдарлығы мен тақуалығына тәнті болып, өмірінде бір рет көруге қатты ынтық болады. Солай бола тұра жұмысын тастап кете алмайды. Имам Шибили жайлы сөз бола қалса: «Шіркін, сол кісіні бір рет көрсем ғой», – деп армандайды екен.

Бір күні наубайшының  алдына киімі жұпыны ақ сақалды қарт келеді. Қарт:

– Алла разылығы үшін жарты нан беріңізші, – дейді. Наубайшы ашуланып:

– Аулақ жүр. Сендерден әбден  шаршадық қой. Алла разылығы  дегенді  үйреніп  алғансыңдар, қайта-қайта мазалап, – деп қуып жібереді. Қолын жайып келген ақсақал ләм-мим деместен теріс айналып, өз жөнімен кетеді. Мұны көрген ел наубайшыны сөгіп:

– Сен не істедің? Бұл ақ сақалды қария сен тәнті болып жүрген имам Шибили ғой.
– Мына ескі-құсқы киім киген адам ба?
– Иә.
Аңтарылған наубайшы Шибилидің  артынан тұра жүгіріп, қуып жете етегіне жармасыып, «мені кешіріңіз» деп жалынады.

Алла разылығы үшін жарты нанын  бөліп бере алмаған наубайшыға  дәріс  болсын деп имам Шибили оған мынадай ұсыныс жасайды:

– Бағдат алаңында жүз алтыныңды қиып, халыққа тамақ таратсаң, кешірейін, – дейді.

– Құп болады. Сіз үшін жүз алтын сөз болып па? – деп келісілген жерде халыққа ас береді. Жұрт тегіс келеді. Тамақ жеп болған ел Шибилиден үгіт-насихат етуін күтеді. Адамдардың бірі:

– Жиналған халық жәннат пен тозақ жайлы насихат айтуыңызды сұрайды. Осы жайында уағыз айтсаңыз, – деп өтінеді. Сонда Имам Шибили былай дейді:

– Жәннаттықтардың кім екенін білмеймін, әйтсе де, тозақтықтардың  кім екенін  сұрасаңдар,  айтайын. Жиналғандар бір-біріне қарасты. Жамағат келіскен сыңай  танытып:

– Олай болса тозақтықтардың кім екенін айтыңыз, – десті.
–  Тозақтық адам көргілеріңіз  келсе,  сіздерге тамақ берген мына наубайшыға қараңыздар! Айнала тып-тыныш. Бәрі аң-таң. Сонда Шибили жағдайды былай түсіндіреді:

– Мына наубайшы Алла разылығы үшін жарты нан бермеді, бірақ Шибили үшін жүз алтындық ас беруден тайынбады, – деді. Жамағат үнсіз, терең ойға батқан күйі:

– Имам Шибили бізге ұмытылмас сабақ берді. Бәріміз бұдан ғибрат алуымыз керек,– деп сыбырлап қоя берді.

ғибратнама

muftyat.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары