Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Шыншылдықты қалыптастыратын факторлар
16 шілде, 2021 жыл 464 Басып шығару нұсқасы

Кезінде Әл-Фараби атамыз сомдаған адамның тұлғалық болмысына тән он екі қасиеттің бірі шыншылдық. Шыншылдық (صِدْقٌ–сыдқ) сөзінің тілдік мағынасы–шындықты айту, алдамау, растау деген мағынаны білдіреді. Шыншылдықтың шариғи мағынасы: Мұсылманның сөзі мен амалы қайшылықта болмауы. Терминдік мағынасы: «Хабар естілген жайт қалай орын алса, сол қалпында өзгертпей жеткізуі». Адамның кісілік болмысына тән бұл қасиет қашан да қоғам алдында бәрінен де жоғары тұрады. Қоғамда шындық өмір сүрмесе, мемлекет, қоғам тарапынан шынайылық бағаланбаса, ел өмірінде мәдени өзгеріс, даму болған емес. Мәдени өзгерістің негізінде қоғамдық сана түрлерінің дамуы, қоғамның рухани кемелденуі жатыр. Шынайылық әлеуметтік дамудың шеңберінде қабілет пен тәрбие, білім, еңбек, кәсіп, әділеттілік сынды жеке адамның рухани қасиеттерімен ұштасатын әлеуметтік құндылықтардың өмір сүруін қамтамасыз етіп отырады.Шындық әлем, қоғам, адам болмысын біріктіріп отыратын ұғым. Шындықсыз мүмкіндік жоқ. Кез келген әлеуметтік дамудың құбылыстарын негіздеп отыратын мүмкіндік шындық арқылы көрінеді және адам өмірінің рухани келбетін айқындаушы мәнге айналып отырады. Шындық болмаса, білім де жетілмейді, білімнің де негізге алатыны шындық. Тарихқа қарайтын болсақ, нағыз зиялы адамдар шындық үшін жігерін сарқа жұмсаған. Жалпы шыншылдық  көптеген мағынаны береді. Мысалы, шыншылдық- ол тек қана шындықты пайымдау ғана емес, оны жақсы және жағымды түрде жеткізу. Бұндай талапсыз, адамгершілік тұрғыдан алғанда, шыншылдықтың пайдасы аз болар еді. Шыншылдық - шындықты өз сөзімен ашық жеткізуі. Шыншылдық - бұл адамгершілік мөлшері және борышы негізінде іс істеуге дайын бола білуі. Шыншылдық - бұл айналадағы ақиқатты объективті қабылдай білу және өз қағидаларына сәйкес іс-әрекеттер жасау. Шыншылдық - бұл ақиқатты өзінен және сырттан іздеу. Шыншылдық - бұл әлемді қабылдау тәсілі, айналадағы адамдардың наразылығын тудырса да қараны қара, ақты ақ деп тану. Шыншылдық- бұл жаныңның, ішкі және сыртқы дүниеңнің қорғаны. Шыншылдықтың басты артықшылығы ол өз ойыңды және пікіріңді еркін айтуға, өтіріктен және жағымпаздықтан, қорғай білуге, сонымен қатар айналадағы адамдардың сыйластығын қамтамасыз етеді. Тіпті кейбір өтірік айтатын адамдар шындықты ашық айтатын адамдарға сыйластықпен қарайды. Адам шынайылықты бағалау арқылы рухани өмірдегі қайшылықтарды бір-бірінен ажыратып отырады. Шындық ақиқаттың алаңы. Шыншылдық - адамның адамгершілік - ерік қасиетінің бір түрі, оны бала кезден бастап тәрбиелейді; ең алдымен өзің үлгі көрсетуің қажет. Шыншылдық адам бойындағы көркем қасиеттерінің бірі. Аллаһ Тағала шыншылдарға жәннаты сый ететінін уәде еткен. (Ахзаб сүресі, 24 аят) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылманның шыншыл болуына қатысты: «Білімсіз берілген пәтуаның күнәсі, сол пәтуаны берген адамға болады. Жауапты біліп тұрып, оны жасырған–қиянат еткен болады»–деп айтқан. Шындықтың негізінде әділеттілік бағаланады.

          Әділеттіліктің таразысы – жаратылыс. Адам баласы осыдан үлгі алып отыруы тиіс. Бұған қатысты қазақ даналығында былай делінген: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Бұл шындыққа жақын, әділеттілікке ден қоятын адамдардың шындығы жойылмайды деген мағынаны білдіреді «Шыншыл болыңдар! Өйткені, шыншылдық болған жерде тақуалық болады. Ал, шыншылдық пен тақуалықтың орны–жәннат (яғни, шыншылдық пен тақуалық жәннатты нәсіп етеді). Жалғандықтан сақтаныңдар! Өйткені, жалғандық болған жерде азғындық болады. Ал, жалғандық пен азғындықтың орыны–тозақ. Аллаһ Тағаладан денсаулық тілеңдер. Себебі, пенде үшін ақиқат иманнан кейін денсаулықтан артық нәрсе жоқ. Бір-біріңді күндемеңдер, жек көрмеңдер, қарым-қатынастарыңды үзбеңдер және өзара жауласпаңдар. Ей, Аллаһтың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар!» Кісілік қасиеттер жеке адамнан бастап, ұлттың тағдырын шешеді деген терең ұғым қашан да өркениетті елдің ұлттық санасында өмір сүрген. «Шындық – бұл ерлікке тәрбиелеудегі ең бір құнарлы құрал. Өтірік – ақырында тіпті нағыз шындыққа сәйкес келетін ресми материалдарға да сенімсіздік тудыратын ең зиянды у. Қорытындылай келе, «Жәннаттың амалы–шыншылдық. Шындықты айтқан пенде тақуалық қылған, тақуалық қылған шын жүректен иман келтірген болады. Ал, шын жүректен иман келтірген жәннатқа кіреді. Тозақтың амалы–жалғандық. Жалған айтқан пенде күнә істеген, күнә істеген күпірлік еткен болады. Ал, күпірлік еткен тозаққа кіреді». Шыншыл адамның екі дүниеде дәрежесі жоғары болатыные ескерген жөн.

        Шыншылдар қиямет күніпайғамбарлар әрі ізгі адамдармен бірге тіріледі.

Шыншылдық, бұл ақиқатты ақылмен ұғыну, шыншылдық бұл имандылық, ар-ұяттың болуы, намысшыл, мейірімді болу. Сонымен қатар, шыншылдық дегеніміз адалдық, рухани тазалықтан шығатын қасиет, қоғам, ұрпақ алдында абыройлы болу, рухани тереңдікті иелену. Шындық пен шынайылық қатар өмір сүрген қоғамда бірлік бар. Әлеуметтік ортада бірлік болмаса, қоғамға шынайылық жақындамайды. Қазіргі таңда  шындықтың қоғамда өмір сүруі, ұрпақтың шыншыл болып тәрбиеленуі және шынайылықтың қоғам тарапынан бағаланып отыруы үшін мемлекет пен зиялылардың арасында рухани байланыс болуы қажет. Сондықтан да құрметті жамағат шыншылдық қасиетке ерекше мән беріп, оны дәріптеуді ұрпаққа өсиет етіп отырайық.

 

Бейсембаев Дархан Даярбекұлы,

Жезқазған қаласы, «Ахмет Ишан Оразайұлы»

мешітінің найб имамы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары