Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мұсаның (ғ.с.) асатаяғы
25 тамыз, 2021 жыл 235 Басып шығару нұсқасы

Құран Кәрімде жиырма бес пайғамбардың есімі аталғанын білеміз. Ол пайғамбарлар ішінде тек есімдері аталып, бірақ қиссасы әңгімеленбегені бар. Сонымен бірге, кейбірінің өмірінен үзінді қиссасы бар, алайда есімдері аталмаған. Сондай-ақ, кейбір сүрелер пайғамбарлар есімімен аталған. Ал, біз сөз етпек болып тұрған пайғамбардың қиссасы Құран Кәрімде толығымен баяндалып, дүниеге келу оқиғасынан бастап егжей-тегжей айтылған. Анасы жайлы да, әпкесі мен ағасы жайлы да келтірілген. Қала берді, қайын атасы мен әйелі жайлы да аяттар бар. Ол – Мұса (ғ.с.) пайғамбар.

Құран Кәрімде: «Ол таяғым. Оған таянамын. Онымен қойларыма жапырақ қағып беремін әрі онда басқа да істерім бар»,-деді[1]»,-деген аят бар.

Бұл Мұсаның (ғ.с.) Жаратушы Алламен тұңғыш тілдесу кезіндегі сөзі. Анығырақ айтсақ, Мұса (ғ.с.) пайғамбардың қолындағы асатаяғы мұғжиза құралы болар алдын айтылған сөздер. Алла Тағала пайғамбарларды мұғжизамен қолдап-қуаттап отырған. Мұса пайғамбарға берілген бірқатар мұғжизаның ішінде ғажайып асатаяқ та болды. Құран Кәрімде Мұсаның қолындағы асатаяғы шынайы жыланға айналып, перғауын сиқыршыларының қолындағы жұрттың көзін бояған, өтірік жыландарын арқандары мен жіптерін жұтқаны баяндалады.

Бұл асатаяқты хазреті Адам (ғ.с.) жәннаттан алып түскен деген риуаяттар бар. Сәті келгенде Жәбірейіл періште ғажайып асатаяқты Мұсаға (ғ.с.) бергені айтылады. Мұса пайғамбар асатаяқты күнделікті тұрмыста пайдаланатын. Асатаяққа сүйеніп жүретін әрі қойларына ағаштың жапырақтарын қағып түсіріп беретін. Мал қайтаратын құралы да болатын. Сонымен бірге, қасқыр шапса немесе қасгөй тиіссе қорғанатын қарудың да қызметін атқарған екен. Асатаяқтың ұзындығы он зирағ болатын. Зирағ – 70 см тең келетін ұзындық өлшем бірлігі. Асатаяқтың басы айыр болған көрінеді. Оған садағы мен жебесін іліп қояды екен. Қараңғы түнде асатаяқтың басы шам сияқты сәуле шашады екен. Құдықтан су алатын болса Құдықтың түбіне жететіндей ұзарып баратын көрінеді. Шөл далада асатаяқпен жерді бір ұрса, бұлақ көзі ашылатын болған. Асатаяқ алғаш рет айдаһарға айналған кезде аттың жалындай жалы болғандығы, ал ауызының көлемі қырық зирағ боп ашылғаны айтылады. Осындай махлұқ жолында кездескен тас пен ағашты жұтып жіберген көрінеді. Тіпті, Мұса (ғ.с.) айдаһардың ішінен үлкен тастардың дыбысын естіген айтылады. Осындай бұрын-соңды адам баласы көрмеген айдаһар кейпіндегі асатаяқтың аузына Мұса қолын салуы жайлы иләһи әмір келеді. Бұл Мұсаның жүрегіне күш-қайрат беру үшін, ішіндегі пенделік қорқыныш пен үрейді жеңу үшін берілген бұйрық болатын. Мұса қолын салған сәтте айдаһар да асатаяққа айналды. Бұл сиқыр емес еді. Бұл адам баласының санасы жете бермейтін Жаратушы тарапынан берілген мұғжиза еді.

Мұса (ғ.с.) пайғамбардың қолындағы асатаяғымен көрсеткен ең үлкен мұғжизасы былай болды. Мұса (ғ.с.) Исраил ұрпағы ішіндегі мұсылмандарын перғауынның патшалығынан алып шықпақшы болады. Исраил – Яқұб пайғамбардың екінші аты. Бұл Мысыр елінде болып жатқан жайт. Перғауынның езгісінде жүрген жұртты ілестіріп теңіз жағасына келеді. Құдай Тағала пайғамбарына асатаяқпен теңізді ұруды әмір етіп уахи жібереді. Асатаяқпен жерді соққан сәтте, теңізден он екі құрғақ жол ашылады. Мұсамен бірге алты жүз мың халық теңіздің арғы жетіне аман-есен өтеді. Ал, бұл перғауынның елдегі мерекемен әуре-сарсаң болып жатқан кезі. Исраил халқының Мысырдан қашып бара жатқанын кеш естіген перғауын өзі бастаған көп әскермен олардың ізіне түседі. Алайда, теңіздің ортасына жеткен сәтте Хақ Тағала құдыретімен ашылған теңіз ішінен жолдар қайта жабылып перғауын әскерімен түгел суға батқан екен.

 

[1] Таһа сүресі, 18-аят

muftyat.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары