Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Адам жер бетінде өз орнын біліп, не үшін жаратылғанын ұмытай тіршілік етуі үшін екі түрлі байлығы болғаны дұрыс. Оның бірі материалдық байлығы болса, екіншісі – рухани құндылықтары. Рухани байлық – ақылы мен иманы, көркем мінезі, игі амалдарымен сипатталады. Бұл екі байлық та біз үшін өте маңызды. Алайда бірін басқасынан артық көріп кетпей, екеуін тең ұстауымыз қажет. Дүниенің артынан қуып, өмірге келген мақсатымызды ұмытып кетпеуіміз керек. Дүниедегі байлықтарды жүрекке кіргізіп алмай, бірінші орынға қоймау Зуһд деп аталады. Зуһд жолы – байлықтан мүлде бас тартып, кедей болып өмір сүру емес. Зуһд Алла мен оның пайғамбарынан басқа ештеңені жоғары көрмей, Алланың берген нығметтерін кедейленіп қалудан қорықпай мұқтаждармен бөлісіп, жомарттық көрсету. Алланың байлығы шексіз екенін терең ұғынып, тәуекелмен өмір сүру.
Алла Тағаланың 99 есімінің бірі – әл-Ғани. Мағынасы Алланың өте шексіз бай екенін сипаттайды. Адамның қолына түскен осы дүниенің байлығы Алланың жұмақтағы пендесіне беретін байлығымен салыстырғанда түкке тұрмайды. Біз осыны ойлап, жүрегімізді дүниеге байламай, қолымызда ғана ұстап, ақыретіміз үшін әрекет етуіміз қажет. «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады және бұзақылыққа бұйырады. Ал, Алла сендерге Өз жағынан жарылқау және мархабатты уәде етеді....» - деп «Бақара» сүресінің 268-аятында айтылған. Яғни лағынеті шайтан әрқашан бізді кедейленіп қалумен қорқытып, дүниеде берілген нығметтің барлығын өзімізге жаратуымызды, жетім-жесірге садақа бермеуіміз үшін барын салып азғырады. Сол кезде Алланың осы аяттарын еске алып, Алланың мейірімінен үміт етіп, Алланың «әл-Ғани» атын дұғамызға қосып, қол жайсақ сөзсіз сауап иесі болар едік.
Зуһд жасаушылар дініміз алғашқы қанат жая бастағанда-ақ пайда болған. Мүміндердің анасы, Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жары Хадиша анамыз өте дәулетті кісі болған. Ислам діні пайда болып, иман келтіргеннен кейін Хадиша анамыз бар мал-дәулетін Алла жолында, мұсылмандарға көмектесу үшін жұмсай білген жомарт жан. Ислам діні жолында тер төгіп, ғылым-білім үйренген атақты ғалым Абу Ханифа да бай блла тұра құлшылығын тастамай, қаражатын қайырымдылыққа жұмсап, бүкіл мұсылман қауымға үлгі бола білген ғалым. Осындай жаны жомарт, қайырымды тұлғалардың іс-әрекетінен ғибрат ала білуіміз керек.
Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадис-шарифтерінде: «Тек екі түрлі адамға қызығуға болады, бірі: Алла тағала мал-дүние берген кісіге. Ол дүниесін дұрыс жолда (жақсылық, қайырымдылық және Алла тағала риза болатын жолда) жұмсайды. Екіншісі: Алла тағала даналық (білім) берген адам. Ол біліміне амал етеді және адамдарға да үйретеді»,- делінген. Яғни біз нағыз үлгі алып, ұқсауға тырысатын адамдар – олар ғалымдар мен қайырымды, дәулетті кісілер екен. Екі әлем сардарының (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Шынында мал-мүлік тәтті нәрсе. Кім де кім оны адал жолмен тауып, сол малда ақысы бар кісілерге инфақ етсе, Аллаһ ол кісіге сый-сыйяпат көрсетіп, жәннатына кіргізеді» делінген. Мұндай қайырымды кісілердің барар жері мәңгілік жәннат, ақыреттегі сыйы – Алланың разылығы. Алла тағала баршамызға осындай қайырымды жандар қатарынан болуды жазып, өзінің разылығын алуымызды нәсіп еткей!
Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат
ihsan.kz
Пікірлер