Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Адал еңбек – абырой
14 қазан, 2021 жыл 551 Басып шығару нұсқасы

Адал кәсіп жасау – парыздан кейінгі парыз

Пайғамбар Мұхаммед ()

Осы мақалада қоғамымыздағы екі үлкен жамандық жайлы сөз қозғағым келіп тұр. Оның бірі масылдық, екіншісі ақша табамын деп арам әрекеттер жасау.

Масылдық  өзгенің мойнында отыру, өзгенің еңбегінен түскен нәпақаға ортақтасу, өзгеге тілену. Басқаша оны жұмысқа құлқы жоқ, біреудің еңбегімен жатып ішуге дағдылану, арам тамақ болып, кесірін тигізу деп қатты айтсақта орынды.

Пайғамбарымыз осы жаман қасиет жайлы былай деді:

«Қайбір кісі (еңбек етпей) өзгеден тіленудің есігін өзіне ашып алған болса, Алла оған пақырлықтың есігін ашып қояды. Ал кімде-кім арын сақтап, сабырлық қылса, Алла оны кеңшілігімен абыройын сақтайды. (Өзгеге мұқтаж қылмайды). Ал кім өзін өзгеге мұқтаж етпесе, Алла оны байытады. Шындығында сендер үшін арқан алып, мына ойпаттан асып,тау жағалай отын теріп, оны базарға бір уыс құрмаға болса да сатқандарың сендер үшін беру бермеуі белгісіз кісіден сұрағандарыңнан қайырлы» (Имам Ахмад риуаясы 417\2)

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», - деген аталы осы хадисті қуаттайды емем пе!?

«Қайыр сұрама – қайыр ет!» – деген сөз, « берген қол алған қолдан хайырлы» деген хадиске амал етуге халқымыздың үндеуі.

Абдурохман ибн Ауф есімді сахаба дінінің амандығы үшін, елін жерін тастап Меккеден Мәдинаға көшкенде оны Пайғамбар бауырластырған бауыры жақсы күткен еді. Абдурахманға «менің үйімнің жартысы сенікі, дүниемнің жартысы сенікі, қаласаң тіпті сені үйлендіріп жіберейін» - деп жақсы ілтипат білдіреді. Өзгеге масыл болмайын деген ниетпен Абдурахман (Алла одан разы болсын) cол жақсылықты қабыл алмай, тек базарға жол көрсетуін сұрайды. Өзі сауда жасап өз жағдайын өзі жасауға тырысады. Міне нағыз ерлік. Бізге үлгі болуы керек ер кісінің амалы.

Адал кәсіп – берекет

Арам кәсіп – пәлекет – демекші, мұсылман адам адалға ұмтылып, арамнан безу керек.  Жалпы адамның қолында көп дүниенің болуының өзі қауіпті, оған Алла тағаланың мына сөзі дәлел:

 

وَلَوْ بَسَطَ اللَّـهُ الرِّزْقَ لِعِبَادِهِ لَبَغَوْا فِي الْأَرْضِ وَلَـٰكِن يُنَزِّلُ بِقَدَرٍ مَّا يَشَاءُۚ إِنَّهُ بِعِبَادِهِ خَبِيرٌ بَصِيرٌ

«Егер Алла құлдарына ризық-несібені үнемі үйіп-төгіп берер болса, онда олар, шүбәсіз, жер бетінде әбден азғындап, озбырлық жасауда шектен шығар еді. Алайда Ол ризықты Өзі қалаған мөлшерде түсіреді. Өйткені Ол құлдарының жай-күйінен толық хабардар, оларды әрдайым көріп, бақылап тұрады.» (Аш-Шура: 27)  Сондықтан Алла әркімге тиесілі несібесін өлшеп беріп, оны еңбекке байлаған деп түсінсек болады.

Көп дүниенің өзі үлкен сынақ екенін білсек сол көп дүние табу үшін арам жолға басудың өзі қандай ақымақтық екенін түсінген боларсыз.

Адал еңбекпен ризығын іздеу – пайғамбарлардың жолы. «Ешкімге де қол еңбегінен артық ризық бұйырмаған.  Дәуіт Пайғамбар да өз еңбегімен күн көрген»,– деп айтқан пайғамбарымыз (Сахих Бұхари).

Ардақты Мұхаммед () Пайғамбарымыз көптеген хадистерінде адал еңбек жасап жүрген мұсылмандарды мақтап, адал несібе іздеуге шақырған.

«Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеуде». (Дәйлами); 

«Кейбір күнәлар бар, оларға намаз, ораза, қажылық та кәффарат бола алмайды. Тек күн көріс қамымен қажымай жұмыс істеу ғана оны жуып-шая алады».( Таборани);

«Қара жұмыстан қолы күстеніп немесе шаршап-шалдығып келіп ұйқыға бас қойған адам кешірімге ие болып, күнәларынан арылады».( Байһақи);

«Сенімді әрі адал саудагер ақыретте шейіттермен, сыддықтармен, Пайғамбарлармен бірге болады».( Ибн Омардан, Кутуб әс-Ситтә 3/8.);

«Бала-шағасын адалынан асырауға тырысып жүрген жан Алла жолында күресушімен тең. Ар-ұятын сақтап, адал дүниені іздегендер шейіттер-мен деңгейлес».( Табарани, Аусат, Ихия Улумуддин 2/235.);

«Адал кәсіп жасау – парыздан кейінгі парыз».(Байһақи).

 

Әнуарбеков Мейіржан

«Ахмет Ишан Оразайұлы» атындағы

мешіттің наиб имамы

 

 

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары