Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ЖАМАНДЫҚТАН ТЫЮ
28 қыркүйек, 2022 жыл 368 Басып шығару нұсқасы

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  осы тақырыпқа байланысты хадисінде былай айтады: «Сендерден қайсы бірің жаман бір істі көре қалса, дереу оны қолымен туырласын. Алайда, оған әлі жетпесе тілімен (оған айтып) ескертсін. Оған да әлі жетпесе жүрегімен ұнатпасын. Бұл иманның ең төменгі дәрежесі» деген.(Муслим).

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  жаман, әрі хақсыз бір әректті көре қалған мұсылмандардың мұндайға үндемей қалмау керектігін білдіріп әрі істеген әрекетке насихат айтуды үгіттейді. Насихат үш түрлі жолмен жасалады екен. Шамасы жетсе қолымен туралайды, жамандығына тосқауыл болады. Бұл міндет басшыларға қатысты болса керек. Осылайша жамандықтың алдын ораған болады. Бұған шама - шарқы жетпесе ақыл айтып, насихат ету, жамандықтың әкелер қайғы - қасіретін айту. Бұл ақын жазушылар мен ұстаздардың міндетті болса керек. Айтқан ақылы мен келтірген мысалы ақылға қонымды болса жамандықтан құтқарған болады. Оған да шамасы келмесе ол істі құптамағандығын іс - әрекетімен білдіруі тиіс, көмекші болмауы керек. Осылай істеген жағдайда бәлкім райынынан қайтып жамандыққа беттемейтін шығар. Жүрегімен Алладан дұға тілеп, кешірім сұрау керек. Бұл кез – келген жұмыр басты пенденің міндеті болса керек.

Мінекей ардақты Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  әртүрлі себептермен бұл міндетті мұсылмандарға ескертуде. Әбу Сайд әл-Худри деген сахаба айтады: Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жолдың үстінде отырудан сақтаныңдар» дейді. Сахабалар:

- Жолда отыру біз үшін қажет-ақ. Қажетті нәрселеріміздің кездесе қалғанда сөйлесеміз деп айтады. Бұған:

- Жолдың үстінде отырудан бас тартпасаңдар онда жолдың ақысын беріңдер? дейді. Сахабалар сұрайды:

- Уа Алланың елшісі, жолдың ақысы не екен? деп.

– Харам нәрселерге қарамау, жолдан өтушілерге қиындық туғызбау, сәлемге жауап қайтару, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю. (міне осы жолдың ақысы) деген екен. (Бұхари, Муслим)

Мұсылмандардың бұл міндетін атқармаса, жамандық пен хақсыздықтар мүмкіндігінше жайла берері анық. Алғашқыда ол жамандықтан кесірі сол жерде қалатын сияқты, алайда жұқпалы ауру секілді ол жұртқа тарап, лезде зияндығын тигізеді. Сонымен қатар жамандыққа бөгет болмаған елдің басына келер пәлекетін Хз. Пайғамбарыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  бір мысалмен былай түсіндіреді: «Кемедегі жолаушылар өз орнын иемдену үшін жеребе тарту арқылы белгілейді. Нәтижеде біраз адамдар кеменің үстінде болады, қалғаны кеменің түбінде орналасатын болды. Төменгі қабатта су болмағандықтан жоғарыға шығуға мәжбүр болады. Жоғары қабатқа шыққаннан соң олар адамдардың арасынан өтіп бара жатып, өзара былай сөйлесіп қалады: «Өзімізге тиесілі болған орында бір тесік ашып алсақ, суды ол жерден ақ алар едік» деседі. Сөйтіп төменгі қабаттан су алу үшін бір жерді тесе бастайды. Ендеше жоғарыдағы адамдар мұны көретін болса, әрі оған көз жұма қарайтын болса, ештеңе демей, кедергі болмаса, ол тесіктен су кіріп, кемені суға батырады. Міне, мұнда тек қана тесікті жасағандар ғана емес, кемедегі барлық адамдардың суға батары анық. Ал егерде жоғарыдағы адамдар оларды бұлай жасаудан бас тартқызса, өздері де, өзгелерді де құтқарған болады.» (Бұхари)

Демек, Пайғабарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  бұл тақырыбымызға керемет мысал келтіре білді. Бұдан ұғынармыз әрбір мұсылман қоғамда болып жатқан оқиғалар үнсіз қалмауы керек. Менің не шаруам бар, әркез өзі істеген ісіне жауап береді» деуі мұсылманға жат нәрсе. Құранда бұл жайлы: «Бәле - жала деген тек сендердің араларыңдағы азғындарға келіп қана қоймайтынын ойлаңдар. Естеріңде болсын Алланың қаһары тым қатты.»( Әифал 8/25)

Бұл аятта Алла нақты ескертуде. Сондай күнә мен жамандықтар бар олар, тек істеуші адамға ғана тиеселі емес, алаулаған отта су шыбықтың жанатынындай, қасындағы адамдарға да, тіпті қоғамға да тиісті болары хақ.

Жалпы жамандықтан тыю, кез-келген адамдардың міндеті. Алайда, белгілі ғалымдардың болуы аса қажет - ақ. Көпшіліктің орнын тиісті білімі бар, сөз өтімді ғалымдар ғана баса алады. Мұны айтуымның себебі аятта Алла Тағала: «Сендерден жақсылыққа шақыратын, сондай - ақ дұрыстыққа қосып, жамандықтан тосатын бір топ болсын. Міне солар құтылушылар» (Али-Имран 3/104)

Жақсылыққа шақыру - ол діннің әрі дүниенің де жақсылығына шақыру. Бұл исламның негізі болып табылады. Ғылым - білімді адамдардың міндеті, тек ескерту. Қоғамға Жаратқанның разылығы үшін үгіт - насихат айтып дұрыс бағыт - бағдар беру маңызды. Бұл орайда Тамим әд-Дари (Оған Алла разы болсын)-ң жеткізген хадисінде: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) :

Дін насихаттан тұрады – деді.

Кімге? десті сахабалар.

Аллаға, Оның кітабы Құранға, пайғамбарларына, мұсылмандардың басшыларына және барша мұсылмандарға» деп жауап берді. (Бұхари,Муслим).

Ислам ғұламалары – исламды толықтырап тұратын төрт хадистің бірі деп санайды. Өзге хадистер мыналар:

«Амалдап ниетке қарай болады. Әркімнің тек ниетіне қарай амалының өтеуін алады.» (Бұхари, Муслим)

«Кімде - кім өзіне қалағанын дін бауыры үшін де қалап ұнатпайынша, толық иман еткен болмайды.» (Бұхари, Муслим)

«Пайдасыз бос сөзді тастауы, исламның көркемділігінен» (Тирмизи, Ибн Мажа)

Діннің тірегі болып саналатын бұл хадисті түсіндірер болсақ:

Дін насихаттан тұрады – демек, ол насихат діннің тіреуі. Мысалыға: Қажылық арафаттан тұрады. Арафатта уахфа жасау, қажылықтың ең үлкен шарты болса, насихатта діннің ең үлкен шарты. Діннің қазіргі таңға дейін үзілмей келуі, осы насихаттың арқасында. Насихат дегеніміз - ішіміздегі кек пен айланы алып тастап, қасыңдағы адамдарға жақсылық пен бақыттың жолын көрсетіп, соған жетуіне тілектес болу. Ал шариғатта насихат сөзбен ғана айтылмайды, іс – әрекетімен де көрсете білу керек. Әр жақсы сөз бен әрекет, насихат болып табылады.

Насихат кімге деп сұрағанда? – Аллаға делінді. Аллаға насихат қалай болады? Ол – Аллаға сенумен, серік қоспау деп білумен, Оған мойынұсынып, қарсы келмеуімен, Оған сенгендерге мейірімді болу, қамқор болу, Алланың берген нығметіне рахмет айтумен, әрі ісінде ықылас пен таза ниетті болумен насихат болады екен. Әйтпесе, Алла  насихат етушінің насихатынан пәк. Ол кемелдік иесі, ешбір нәрсеге мұқтаж емес.

Алланың кітабы Құран Кәрімге насихат дегеніміз - Құран Алланың сөзі екендігіне, Алладан келгендігіне және онымен амал етумен насихат болады екен.

Алланың пайғамбарына насихат болса, оның пайғамбарлығын мойындау, Алладан әкелген шариғатына сену, сүннәтіне тәуелді болу әрі пайғамбарлар ахлағынан яғни көркем мінез-құлқынан үлгі алумен болады.

Мұсылмандардың басшысына насихат - ол, шындықтың жағында болуына септігін тигізу, ал әділеттен, хақтан тайған жағдайда оған ескерте білумен жүзеге асырылады.

Ал, барша мұсылмандарға келетін болса, діни және дүниялық кез-келген істе бір - біріне пайдалы нәрседе көмекші болу, кемшілігін жасыра білу жақсылыққа сілтеп, жамандықтан тосу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, бір - бірінің ақысына тиіспеу, алдап - арбамау, қызғаныш білдірмеу және мейірімділдік танытып қарым - қатынас жасаумен насихат болады екен.

 

Шет ауданы «Жанқұтты би»

мешітінің бас имамы

Маханбетчин Берік Алпысбайұлы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары