Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Үміт пен үрей
17 қыркүйек, 2022 жыл 681 Басып шығару нұсқасы

Ең әуелі барша ғаламның Раббысы болған, бізді қаншама халықтың ішінен мұсылман үмметінен қылған Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын! Бізді «Сүйікті бауырларым» деп көзіне жас алған ардақты елшіміз Мұхаммед Мұстафаға сансыз салауаттар мен сәлемдер болғай!

Үміт – жан жүрегімен аса Жомарт, Үстем құдіреттің мейірімі аясында қанат қағып, рақым құшағына ену.Үміт арқылы адам өзінің шамасы келмейтін нәрселерге қол жеткізеді. Үміт сенімнен туындайды. Иман келтірген жан әрқашан келешекке үмітпен қарайды. Үмітсіздік адамды күйзеліске ұрындырып, келешегін тұмшалайды. Бұл дүниеде өмір сүруге деген ынта-ыждаһатын, ерік-жігерін, құлшынысын құрықтап тастайды. Жеке адам да, қоғам да үміттің арқасында алға басып, дамиды. Үмітсіздік – үнсіз жұтатын ұйық іспетті. Адам қанша қарманбақ болса да, еш нәрсеге қол іліктіре алмай, батқан сайын бата түседі. Үміт арқылы қиын белестерден қиналмай асып, биік шыңдарға шығуға болады. Үмітсіз – тек шайтан ғана.

Алла Тағала Құранда: «Раббыңның рақымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?», - дейді. Мейірімі мол Алла Тағала басқа да аяттарда кешірімінің ерекше мол екендігін білдіріп, адам баласын үмітке шақырады. «Қоғам түзелгеннен кейін жер бетінде бүлік шығармаңдар. Үрей мен үміт арасында Аллаға жалбарыныңдар! Шын мәнінде, Алланың рақымы жақсыларға жақын», – делінген.

Үмітпен амал ету қорқынышпен амал еткеннен әлдеқайда абзал. Өйткені, Ұлы Жаратушыға ең жақын құлдар – Алла үшін ең сүйіктілер. Сүйіспеншілік қорқынышты емес, қайта үміттілікті арттырады. Біреуден қорқып жасаған қызмет пен көңіл сүйіп жасаған қызмет арасында үлкен айырмашылық бар. Сенің сүйіп қызмет еткен адамыңның алдындағы орның мен одан қорқып істегендегі мәртебең де сол сияқты. Яғни, Алла Тағаланың алдында да мәртебеңнің жоғары болуы үшін, Оған сүйіспеншілікпен мойынсыну – ең дұрысы. Адам баласы қаншалықты күнәһар болса да, ешқашан Алладан үмітін үзбеу керек. Өйткені, Алла Тағаланың өзі мына бір аятта: «Былай де: «Ей, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Аллаһтың рақымдылығынан үміттеріңді үзбеңдер. Аллаһ күнәлардың барлығын кешіреді. Күмәнсіз, Ол тым жарылқаушы әрі өте мейірімді», - деп, бізге бұйыру арқылы үмітсіздікке бой алдыруымызға тыйым салып тұр.

Үрей адамның нәпсіқұмарлығын тежеп, шәһуатты сезімдерін тыяды. Ішінде у бар екенін білген адам балдан қалай тыжырына бет бұрса, жүрегін қорқыныш билеген адам да ар-ұят әдебінен аспай, нәпсінің жамандықты қалауынан жиреніп тұрады. Адам қанында ойнақ салған нәпсіқұмарлықты Алла Тағаладан қорқу мен тозақ азабының үрейі ғана тежей алады.

Үрей жамандықтан тыйып, жақсылыққа жетелейді. Егер жамандықтан тыймаса, оны қорқынышқа жатқызуға болмайды. Алайда, қорқуда да теңдікті сақтай білген абзал. Адамды жақсылық жасауға жетелейтін қорқыныш – нағыз қорқыныш.

Алланың құдіретінен қорқу – шын мәнінде Алланы танудың жемісі, шынайы құл мен пайғамбар ерекшелігі. Олардың көкірегінде үнемі осы сезім жоғары тұрады. Алла Тағаланың құдіретінің шексіздігіне көз жіберіп, жүректерінде қорқыныш сезім орнығады.

Көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленген сахабалардың өздері Хақ Тағаланың рақымдылығына масайрап кетпей, өмірлерін «ақыретте жағдайымыз қалай болар екен?» деген үреймен өткізген.

Қорқыныштың адам баласына беретін пайдалары жайлы көптеген аяттар бар. Осы қасиет арқылы, жәннаттық дәрежелерге қол жеткізетіндіктерін, оларға тура жол, рақымдылық, ілім мен разылықтың бар екеніне назар аудартады. «Ағраф» сүресінің 154-аятында «Раббыларынан қорыққандарға тура жол мен рақымдылық бар» делінсе, «Бәиина» сүресінің 8-аятында: «Алла олардан разы, олар да Алладан разы болды. Міне, осы сый-сыяпат Алладан қорыққандар үшін» деу арқылы қорқудың пайдаларын көрсетеді. «Алла Тағаланың алдында ең ардақтыларың – Одан ең көп қорыққандарың», - делінеді «Хужурат» сүресінің 13-аятында. 

Алла тағала салиқалы құлдардан болуымызды нәсіп қылғай!

 

Сәтбаев қаласы

«Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің

ұстазы Бауыржан Амангелдіұлы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары