Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Дүниеге махаббат қою
20 қыркүйек, 2022 жыл 629 Басып шығару нұсқасы

Әуелі бізді осы дүниеде құлшылық қылу үшін жаратқан Аллаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын! Білмегенімізді үйреткен асыл Пайғамбарымызға сансыз салауаттар мен сәлемдер болғай!

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әйелдер, еркек кіндік балалар, қап-қап алтын мен күміс, асыл тұқымды сәйгүліктер, төрт түлік мал мен егінжай сынды нәпсінің құмарын арттыратын дүниелер адамдардың көз жауын алатындай тым тартымды етілді. Әсілі, бұлар дүние тіршілігінің өткінші қызығы мен бұйым-боқшасы ғана. Шүбәсіз, ең тамаша мекен Алланың құзырында» («Әли Имран» сүресі, 14-аят).

Дініміз адам баласына адал кәсіп істеуге, еңбек етіп мал табуға тыйым салмайды. Тек, бүкіл өмірінің мәнісі мал табу болып кетіп, көрсоқырлыққа түсіп қалудан сақтандырады. Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,

Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.

Арың сатпа, терің сат, адалды ізде,

Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи, - деп өсиет қалдырған.

Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бастап барлық ғалымдар «дүниеге деген махаббат – барлық күнәнің бастауы» деген. Иса пайғамбар: «От пен судың бір жерде басы түйіспегені секілді дүниеге деген махаббат пен Аллаға деген махаббат та бір жүрекке сыймайды», – дейді.

Бірде атақты ойшыл һәм сопы Мухиддин ибн Араби Шам қаласында мінберде уағыз айтып тұрып халыққа:
«Сендердің табынғандарың менің табанымның астында!» – дейді екен.
Халық Ибн Арабидің бұл сөзін күпірлікке балап, қазыға шағымданып, жаза беруін сұрайды. Ибн Арабидің жанашырлары оны бұл сөзінен бас тартуын сұрайды, бірақ Ибн Араби: «Менің сырым «Син» «Шин»-ге кіргенде ашылады», – дейді де қояды. Арада үш жүз жылдан астам уақыт өтіп, Османлы патшасы Сұлтан Селим Шам қаласына басып кіреді. Шамда жүргенінде Ибн Арабидің еңбектерімен танысып, қатты әсерленеді. Басына зиярат ету үшін жұрттан қабірін сұрастырады. Жергілікті халық Ибн Арабидің оқиғасын баяндап беріп, «Менің сырым «Син» «Шин»-ге кіргенде ашылады» деп кеткенін де айтады. Сол кезде Сұлтан Селим «Синнің» өз есімінің бас әрпі екенін, ал «Шиннің» Шам қаласы екенін түсініп, Ибн Арабидің уағыз айтқан мешітіне барып, тұрған мінберінің астын қаздыртады. Қаздыртса, Ибн Арабидің астынан қазына шығады. Халық Ибн Арабидің «Сендердің табынғандарың менің табанымның астында!» дегенінің мәнін және бұның бір керемет екенін сонда ғана түсінеді.
Сұлтан Селим де: «Діндерің – ақша, құбылаларың – қатын. Ибн Арабидің де осыны меңзеп айтқанын ешкім түсіне алмаған екен», – депті.

Алла тағала жүрегімізді дүниеқұмарлықтан сақтасын!

 

Сәтбаев қаласы

«Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің

ұстазы Бауыржан Амангелдіұлы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары