Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ТЫНЫШТЫҚ - ТӘҢІР СЫЙЫ
17 қаңтар, 2022 жыл 574 Басып шығару нұсқасы

Тыныштық – Тәңір сыйы
 
Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
 
Адам баласы Құран Кәріммен таныса бастаған сәттен-ақ, «тыныштық», «бейбітшілік» ұғымдарының ерекше құндылығы айқындалды. Себебі «ислам» және «бейбітшілік» сөздері (арабша әс-сәләм) – «с-л-м» деген бір түбірден шығады. Сондай-ақ, Алла Тағала «сәләм» сөзін біздің, яғни мұсылмандардың өзара амандасуы ретінде таңдаған. Осы сөз арқылы мұсылмандар бір-біріне «тыныштық, бейбітшілік, есендік» тілейтінін білеміз.
 
Сәлемнің – Алла тарапынан берілген бұйрық екендігі туралы Құранда:
 
«(Уа, мүміндер) Сендерге сәлем беріліп, игі ниет білдірілгенде, сендер одан да артық ниет білдіріп, одан жақсы сәлем беріңдер немесе жоқ дегенде дәл солай сәлем қайтарыңдар. Біліп қойыңдар, Алла барлық нәрсені жіпке тізіп есепке алуда һәм бәрінің тиісті қарымын қайтарады» («ан-Ниса» сүресі, 86 аят), деп айтылады.
 
Өз кезегінде ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Расында, әс-Сәләм – ол Алла Тағаланың жерде қалдырған есімдерінің бірі. Ендеше оны араларыңда таратыңдар! Егер бір адам басқа адамдарға сәлем айтса және олар бұның сәлеміне жауап берсе, бұл адамның олардан артықшылығын көрсетеді. Өйткені ол бұл туралы бірінші болып олардың есіне түсірді. Ал егер олар оған жауап бермесе, онда оған одан да жақсылар мен лайықтылары жауап береді».
 
Ізгілік, тыныштық пен бейбітшілік туралы осындай аят-хадистердің аясында тәрбиеленген мұсылман үмметінің негізгі ұстанымы – әрдайым тыныштық пен бейбітшілікті сақтау болып, соғыс елге жасалған шабуылды тоқтатудың, қорғаныстың амалы ретінде қабылданады.
 
Бұдан қалды ата-бабаларымыз да есендік, амандық пен тыныштықтың қадірін біліп, елдігіміз бен егемендігімізге қауіп төнгенде ғана қолына қару алғанына тарих беттері куә.
 
Қазыбек би Келдібекұлының:
 
«Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз», деуі де осы сөздеріміздің бірден бір дәлелі.
 
Басындағы бейбітшілікті Алланың берген үлкен сыйы ретінде бағалаған халқымыз «ел тыныштығы – ер қолында» деп әр азаматтың ел бақыты үшін жауапты екенін меңзеген.
 
Осы тұста Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екі көзге тозақ оты тимейді. Бірі, Алла Тағаладан қорқып жылаған көз. Бірі, Алла жолында ел қорғап ұйқысыз түн өткізген көз», деген хадисі еріксіз еске түседі. Бұл шекара қызметкерлері ғана емес, елдің тыныштығын, тұрақтылығы мен амандығын сақтауға атсалысатын барша азаматтар туралы хадис болып табылады.
 
Сөзімнің қорытындысын ақын Мирас Қадырмұрат бауырымыздың:
 
«Аллаға мәлім, ризықтан бұрын тыныштық,
Ризықтан бұрын тыныш таңдардың мұңы ыстық,
Атадан қалған ат басты алып алтыннан,
Бағалы елге тыныштық деген күміс құт», деген әсерлі өлең жолдарымен аяқтағым келеді.
 
Раббымыз Алла жерімізді жаудан, елімізді даудан аман етіп, тыныштық сынды баға жетпес нығметінен айырмасын! Әмин!
Естай Айтуғанұлы,
 
Теміртау қаласының «Әлихан Бөкейхан»
атындағы орталық мешітінің бас имамы

Ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары