Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Сәлем сұрасудағы ерекше жәйт
11 наурыз, 2022 жыл 243 Басып шығару нұсқасы

Мұсылмандар үшін бір-біріне сәлем беру аса маңызды дүние. Бұл адамдар арасындағы қарым-қатынасты жақсартады, бауырмалдылықты арттырады, бейбітшілікті орнатады. Сәлем беру ислам дінінің мейірімді дін екенінің дәлелі, әділдік пен тазалықтың көрінісі. Дегенмен, кей жағдайда мұсылманның сәлеміне жауап қатпайтын кездер болады. Оны әрбіріміз біле жүргеніміз жөн.

Атап айтқанда, намаз соңында екі иыққа қарап: “Әссәләму ғаләйкум уа рахмәтуллаһ”,-деп, сол жаққа да дәл осылай сәлем жолдау – сүннет амалына жатады. Алайда намаз оқыған кезде қасындағы адамның қолын қысып, онымен құшақтасып жату сүннетке қайшы амал болып табылады.

Егер адам намаз оқып тұрғанында біреу келіп сәлем беретін болса, ол адам сәлем берушіге жауап қатпайды, бәлкім қолымен ишарат жасайды. Ибн Омар (р.а) Білалдан (р.а): “Алла  елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазда тұрғанында келіп сәлем берушілерге қалай жауап қататын еді?”,-деп сұрағанында ол: “Қолымен ишарат жасайтын”,-деп жауап қатқан екен. (Ахмад, Әбу Дәуд. Сахих /сенімді/ хадис).

Кей жағдайда күнә жасап, күнәсі үшін өкінбейтін мұсылман бауырларды түзеп, тәрбиелеу үшін олармен амандаспай қоюға болады. Бірақ, оған сәлем жолдамай қойған кезде түзелетініне анық көз жеткізу керек. Егер ол адамға сәлем жолдамай қойған кезде ол одан әрі күнәлі істер жасап кетеді деген қауіп болса, сондай-ақ, оның жүрегінде ыза, кек пайда болатынына көз жетсе, онда бұлай тәрбиелеу әдісін қолданбаған жөн. Ал егер ол мұсылман адам шынымен ықыласты, Исламды терең түсінген жан болса, онда ол өзге мұсылмандардың амандаспай қойғанын дұрыс түсініп, тәубеге келіп, амалдарын жақсы жаққа өзгертуге тырысады. Бұған “Тәбук” соғысына қатыспай, артта қалып қойған үш сахабаның оқиғасы дәлел. Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олармен арласуға, кейін келе тіпті сәлем жолдауға да тыйым салады. Сонда әлгі сахабалар жүректері езіліп, көкейлерін мұң басып, жер басып жүргеннен көрі жер құшағында жатқанды абзал көріп, қатты өкініп, тәубелеріне келген кезде Алла Тағала олардың тәубелері мен өкініштерін қабыл алады.

Бірақ, амандаспай қоюдың өзі үш күннен артық созылмауы керек. Алла  елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Мүмин адам өзінің бауырын үш күннен артық тастауы халәл болмайды. Кездесе қалса мынау да теріс айналып, анау да теріс айналады, ал екеуінің қайырлысы-сәләмді алғашқы боп жолдағаны”,-деген. (Бұхари, Муслим).

Бейтаныс әйел адамдарға сәлем беруде жағдайға қарау керек. Егер адам бейтаныс әйелмен сәлемдескен кезде жүрегінде әлгі әйелге деген ынтықтық пайда болатындай жағдай болса, онда амандасуына болмайды. Ал егер ондай сезім тумайтындай болса, өзінен жасы едәуір үлкен әйел болса немесе мешіт жанында жиылған бір топ әйел болса, амандасуға болады. Ал өзінің жұбайы, әжелері мен анасы, әпке-қарындасы сияқты туыстары болса сәлем беру талап етіледі.

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары