Қадір түні несімен ерекшеленеді дейтін болсақ, бұл түні Рамазан айының ең құнды, ең қасиетті түні. Қадір түні тек осы үмметке яғни, мұсылман қауымына тиесілі. Басқа пайғамбарларға мұндай ізгілікті түн берілмеген. Хадис шәрифте: «Алла та'ала Қадір түнін үмметіме сыйлады, басқа үмметке бермеді» делінген. (Дәйләми)
Пайғамбарымызға өзінен бұрынғы адамдардың өмірлерінің қандай болғандығы білдірілгенде өз үмметінің өмірлерінің қысқа екендігін көрді. Өмірлері ұзақ болған бұрынғы үмметтердің орындаған салих (жақсы) амалдарын өз үмметі орындай алмайды деп ойланған кезінде, Алла та'ала Оған мың айдан қадірлі болған Қадір түнін тарту етті. Алла та'ала «Қадір түні сенің үмметіңдікі» деп, ардақты елшіміздің көңілін жайландырды. Сондықтан да Қадір түні — Ләйләт-ул-Қадыр қасиетті түн ораза айының соңғы он күнінің бірінде болады. Бұл түн туралы Құран Кәрімнің Қадір сүресінде айтылған. Бес аятан тұратын сүреде Құқранның Қадір түнінде түсірілгендігі, оның мың айдан қайырлы екендігі, бұл түнде Жәбірейәл періште Алланың әмірімен жер бетіне түсіп, адамдарға қызмет ететіндігі және таңға дейін тыныштық болатындығы айтылады. Қадір түні періштелер мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болады. Бұл кеште жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады. Кейбір риуаяттарға қарағанда Қадір түні Рамазан айының 27-ші түні дегенмен Қадір түнінің дәл қай түн екені белгісіз. Сондықтан тақуа кісілер ораза айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізетін болған. Бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше және қасиетті түн араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз» және «өлшем» деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар бұл сөз «құдырет» мағынасын да қамтиды. Қадір түнінің қасиетін жұмыр басты пенде өз ақылымен біле алмайды. Сондықтан оның қадір-қасиетін Жаратушымыздың өзі «Қадір» сүресінде: «1. Біз Оны (Құранды) қадір түні түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? 3. Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез-келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5. (әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады», - деп баяндайды.
Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Аллаһ Қадір түнін үмбетіме сый ретінде тарту етті, бұл бұрынғы үмбеттерге берілмеген» деуінің өзі, бұл сыйдың қадірін біліп барынша қастерлеп өткізуге шақырады. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім сауабын тек қана Аллаһтан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі», - дейді. Сондықтан мүмкіндігінше, әрбір пенде Қадір түнінде берілетін сыйдан мақұрым қалмауға тырысуы керек. Ол түнді бос өткізбей, дәрет алып, екі бас болса да намаз оқып, Аллаһ Тағаланың шексіз мейірімінен шын жүректен сұрап, дұға еткен жөн.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді», - деген. Тағы бір хадисте: «Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады», - деген. Қадір түні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмбетіне деген терең сүйіспеншілігінен туындаған дұғасының құрметі үшін қабыл болған. Қадір түні мың айға тең деп Құранда айтылған бұл сан есеп бойынша 83 жыл, 4 айға тең келеді. Бірде Айша анамыз Пайғамбарымыздан: «Уа, Аллаһтың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем қандай дұға оқиын?», - деп сұрағанда, Ол: «Аллаһумма, иннәкә афуун, тұхиббул афуа, фаафу анни» (Уа Аллаһым! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!), деп дұға ету керектігін үйреткен. Қадір түнінде де Аллаһ Тағаланың құдіреті үстем болады. Ол түннің қадірін білгендерге Аллаһтың мейірімі мен берекесі жауады, ал одан құр қалмау адамның рухани сергектігіне байланысты. Пайғамбарымыз үйреткендей, мұсылман баласы әрбір ісіне өзіне берілген ең соңғы мүмкіндік секілді қарай білуі керек. Сол себепті Қадір түнін енді көрем бе, көрмеймін бе, дегендей өте бір мұқияттылықпен өткізгені жөн. Жоғарыда айтып өткеніміздей Құдыреті шексіз Раббымыз үмбетіне рақымдылық қалағандықтан, Қадір түні Рамазан айының қай түні екенін ашық айтпаған. Бұл сынақ әлемінде мүміндер ұдайы Аллаһтың разылығын іздеп, құлшылық жасасын деген мақсатпен Жаратқан иеміз бұдан да басқа өте маңызды нәрселерді құпия қылған. Мәселен, өмірдегі ажал белгісіз, адамдар арасындағы әулиелер белгісіз, көркем есімдерінің арасында Аллаһтың ұлық есімдері белгісіз, күллі құлшылықтың ішінде Аллаһтың разылығы қайсысында екені, дәуірлердің ішінде қияметтің қашан екені, Рамазан айында Қадір түнінің қай түн екені белгісіз. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз бұл түннің Рамазанның соңғы он не жеті күніндегі (21, 23, 25, 27) тақ күндердің бірінде екенін айтқан. Алайда ислам ғұламаларының көпшілігі оның 27-інші түн екендігін мақұлдаған әрі бүкіл мұсылман әлемі бұны осылайша қабылдаған. Әрине, бүкіл жұртшылық осылай сеніп, осылай қабыл еткен болса, Аллаһ Тағала да миллиондаған құлдарының ниетін қабыл етіп, ол түнді шын мәнісіндегі қадыр түні етер деп ниеттенеміз. Арабшадағы «Қадр» сөзі қадірін білу деген мағынаны да қамтиды. Олай болса, қадіріміз артсын десек, бұл түннің қадірін білгеніміз жөн. Бұл түні таң ағарып атқанға дейін Аллаһ Тағаланың мейірімі төгіліп тұрады. Жылына бір рет Рамазан айында келетін қасиетті Қадір түнінің рухани салмағы орасан зор екенін сезінуіміз қажет. Бұқара халыққа қасиетті кешіміз Қадір түнініңтарихы мен мән-мағынасын білдіре кетуіміз үшін, таным-түйсігімізді арттыру мақсатында осы сүренің түсіндірмесін назарларыңызға ұсынбақпыз.
Қадір сөзі не мағына береді?
Құран-Кәрімге алғаш түсіндірме жасаған мәшһүр ғалым Ибн Кәсир «Қадыр» сөзінің төмендегідей үш мағынасы бар екенін айтып өтеді.
Бірінші, «Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Осыған байланысты Қадір түні дегенде Алланың тағдырды үкім ететін түні деген ой түюге болады. Бұл жердегі тағдыр ұғымы, әуелгі тағдырдың паш етілуі болатын. Өйткені Құран-Кәрімде: «Ол кеште барлық хикметті істер айырылады» (Дұхан, 4) деп бұйырылған.
Екінші, «ұлы және орасан зор» мағынасын береді. Яғни, Қадір түні ұлы және орасан зор болған аса құнды түн деген сөз. Ұлы және орасан зор болатын себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Бұл хақында Құран-Кәрімде: «Қадыр түні мың айдан да қайырлы» (Қадыр, 3) деп баяндалады.
Үшінші, «сығыстыру» мағынасын береді. Осыған орай зерттеушілер тарапынан Қадір сөзі нығыздау мағынасын береді деген жорамал айтылады. Өйткені, бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен кейін оларға жер-жүзі тар келіп, сығылысады. Бұл хақында Құран-Кәрімде: «Періштелер және Жебірейіл с.ғ.а ол кеште Раббыларыңның рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі» (Қадыр, 4) деп бұйырылады. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, «сығылысудағы» мақсат «үлкен қайырлы істердің жүзеге асуы, сондай-ақ Пайғамбарымыз с.ғ.а-ға. Хира үңгірінде Жебірейіл (с.а.у)-ға алғашқы уахи түсіргенде, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның жаны сығылғандығы белгілі.
Құран-Кәрімнің алғашқы аяты қасиетті кеште түскен
Қадыр түні несіменен ардақты деген мәселеде ислам ғұламалары осы түні алғаш рет Құран-Кәрім аяттарының Пайғамбарымыз (с.а.у)-ға паш етілгендігімен байланыстырады. Базбір тәпсіршілердің топшылауынша, Құран-Кәрімдегі: «Негізінде Құранды Қадыр түнінде түсірдік» деген аят, осы түн хақында айтылған. Келесі бір тәпсіршілер бұл құтты күнді Шабан айының он бесінші түніндегі Барағат кеші деп біледі. Себебі, көптеген тәпсіршілер Құран-Кәрімнің келесі бір сүресіндегі «Шын мәнінде оны құтты бір кеште түсірдік…» (Дұхан, 3) деген аятты Барағат түні деп түсіндіреді. Ал, атақты Ибн Кәсир өз шығармасында Ибн Аббастың мынандай риуаятын алға тартады: Алла-Тағала алғашқыда Құранды мұртын бұзбастан тұтас Лаухи-Маһбухздан (тағдыр тақтасы) көк жүзіне түсірді. Соңынан біртіндеп, көк жүзінен оқиғалардың барысына қарай жиырма үш жылда Пайғамбарымыз (с.а.у)-ға нәзіл етті». Осы риуаятқа сәйкес, тәпсіршілер Құранның Лаухи-Маһбуздан көк жүзіне тұтас түскен күні Шабан айының он бесінші жұлдызындағы Барағат кеші деп, ал, Құранның көк жүзінен Пайғамбарымыз (с.а.у)-ға алғаш паш етілуі Рамазан айындағы Қадыр түні болған деп жорамалдайды. Әлбетте, бұл нығмет Алланың мұсылман жұртына деген ерекше қамқорлығы мен рақымдылығы болатын. Мың айды жылдарға шағатын болсақ, сексен үш жылдан астам уақыт болады. Адам өмірі де орташа есеппен жетпіс-сексен жыл шамасында. Бір түннің мың айдан да қайырлы болуы, яғни, Қадыр түнінде Хақты ұлықтаған адам, бүкіл ғұмыр бойы құлшылық еткен болады. Бұл дегеніміз, қасиетті Қадыр түнінің шапағатына бөленген адамның жаны иншалла қиямет күні жасыл бақ жаннатта шалқиды деген сөз.
Жұмаққа жолдама әперер иллаһи мүмкіндік
Бірде Рамазан айында Пайғамбарымыз (с.а.у) : «Рамазан айы келді. Бұл қасиетті бір ай. Бұл айда ауыз бекітуді Алла сіздерге парыз қылды. Бұл айда жұмақ есіктері ашылып, тамұқ есіктері жабылады. Шайтандар шідерленеді. Бұл айдың сондай бір түні бар мың айдан да қайырлы. Бұл түннің шарапатынан мақұрым қалған – шынында мақұрым қалған саналады» деп бұйырған. Бұл қасиетті түнді құлшылықпен өткізген мұсылманға, періштелердің салауат айтып, оған бейбіт өмірді тілейді. «Бұл түн - бейбітшілік түні. Бұл түні шайтанның жамандық жасауға қауқары жетпейді. Бұл түні барлық істер белгіленеді (тағдыр жазылады) және рызықтар айырылады». Шынында да мың айдан да қайырлы болған Қадыр түнінің мүмкіндігінен мақұрым қалу, мына беу дүниеде ертеңгі күнгі ақырет үшін ешбір рухани азық жинамай, ондағы есеп күні иллаһи шуақтан құр алақан қалу деген сөз. Байыбына бара білгенге, Хақ-Тағаланың бір түндік құлшылықты мың айдан астам уақыттық құлшылыққа теңестіруі, Оның адам баласына деген ерекше мейірімділігі болатын. Тамұқтың есіктерін тас бекітіп, жұмақтың қақпасын айқара ашып, бізді жай күндері арбайтын шайтанды шідерлеп, бір түндік ғибадатты мың айлық құлшылыққа балап, мәңгілік жасыл бақ жаннатта жаның жай тапсын деп, қол бұлғап шақырып тұрған Тәңірі-Тағаланы қалайша ерекше мейірімді демейсің. Бұл шуағы мол мейірімнен құр алақан қалған, шынында да мәңгілік бақыттан құр алақан қалады деген сөз.
Қасиетті кештегі айтылар дұға-тілек
Айша анамыз Пайғамбарымыз (с.а.у)-нан : «Қадыр түнінің қасиеттілігіне сай, қалайша дұға етсем болады» деп сұрайды. Сонда, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Аллаһым сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешір» деп дұға етуді ұсынған». Иә, әсілі, адамзат баласы нәпсімен бірге жаратылғаннан кейін, кей шақты мына сынақ әлемінде аяғын шалыс басып, күнаға бататыны анық. Әрине, мұндай сындарлы шақта ішкі тасырын иманына жеңдіріп, күнәдан бойын аулақ ұстаған болса, құба-құп. Алайда, адам баласы дәйім, бір сызықтың бойымен жүріп тұра алмайды. Кейде, адамның аңғармай, алып-ұшып жүріп от басатыны белгілі. Бәлкім, арамызда күнәдан пәк адамдар болуы да әбден мүмкін. Дегенмен, «мен күнәдан пәкпін» деп көкірек қағуымызға жол жоқ. Пәк болсақ та, басын иген мәуелі ағаштай кішірейгеніміз абзал.
Бұл кеште қандай амал істегеніміз абзал
Ислам ғұламалары қасиетті Қадыр түнін төмендегіше атқаруды үндейді:
Бірінші, бұл түнде Алланың рызашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек.
Екіншіден, Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінунге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс.
Үшіншіден, Пайғамбарымызға (с.а.у) салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үммбетінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт.
Төртіншіден, Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып шайып, көңілге ұялаған көмескіліктен арылуыға тиістіміз.
Бесіншіден, Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағұлмат беретін мешіттерге барған абзал. Әсіресе, адам өз өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс.
Алтыншыдан, Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақсынып, қайырлы істерді жасауға ниет болуы шарт.
Жетіншіден, Алланы зікір етіп, тефеккур (терең жақсы ойлану) етіп, Алланы еске алғаннан жүрек тынышталады.
Сегізіншіден, Жиі-жиі дұға жасауымыз керек. Өйткені, дұға адамды Ұлы Жартушыға жақындататын дәнекер десек болады. Пайғамбарымыз (с.а.у) бұл түні көбінесе мына дұғаны жасаған: «Аллаһүмме иннеке афүввин түһиббүл афве фа фү анни». Яғни, «Аллаһым сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр».
Тоғызыншыдан, Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болған болса, мүбәрак түннің рухтарға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректің қақ төрінен орын алары сөзсіз.
Оныншыдан, Бұл Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан бүкіл исі бүтін мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеуіміз керек. Қадыр түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт.
Осындай нығметке толы қадір түні тамыз айының 3-нен 4-не қараған кеште болады.
Оның ізін ала мұсылман əлемі отыз күн оразадан кейінгі Шəууал айының алғашқы үш күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Ораза айт мерекесін алғаш рет хижраның екінші жылы (624 жылы) атап өткен. Бізге жеткен дереккөздерге қарағанда, Исламға дейін Мəдина халқы əрбір жылы екі күн ұлан-асыр той жасайтын болған. Меккеліктер: «Бұл қандай мереке?» — деп сұрағанда, мəдиналықтар: «Жаһилиет дəуірінен бері тойлап келе жатқан мерекеміз»,— деп жауап беретін. Бұны естіген Хақ Елшісі (с.а.у.): «Алла тағала сіздердің бұл мерекелеріңізді Фитр (ораза айты) мен Құрбан мерекесі етіп өзгертті»,— деп бұйырады. Осы хадистегі «Фитр мерекесін» Ислам ғұламалары отыз күнгі оразадан кейінгі Ораза айт мерекесі деп біледі. Осылайша, Алла Елшісі (с.а.у)-ның бастамасымен ескінің сарқыншағы жаңа илаһи екі мерекемен алмастырылған болатын.
Жафар бин Мұхаммедтің жеткізуіне қарағанда, Алла Елшісі (с.а.у.) Ораза айт мерекесі күндері әдемі киімдерін киіп жүретін. Ораза айтының намазын оқымай тұрып, май мен құрма жейтін. Хасан ас-Сабит: «Екі айтта да Хақ Елшісі (с.а.у.) бізге әдемі киінуді, жұпар иіс себуді, жағдайымыз мүмкіндігіне қарай семіз малды шалуды бұйыратын еді», — дейді. Осы хадиске байланысты Ислам ғұламалары мұсылмандарды Ораза айтының таң сәрісінде бой дәрет алып, тістерін тазалап, мұнтаздай таза һәм әдемі киімдерін киіп жүруге үндейді. Ораза айт намазынан бұрын пітір садақа беріп, мешітке барып уағыз-насихат тыңдаудың мұстахаб (амалдардың абзалы) екенін айтады.
Ханафия мазхабының ғұламалары “Кәусар” сүресіндегі «Фасалли ли Раббикені...» (Сондықтан айт намазын оқы) Ораза айт намазына жасалған ишара деп біледі. Осыған орай біздің мазхабымызда Ораза айтының намазын оқу уәжіп (міндетті) саналады. Ораза айт намазы күн найза бойы көтерілгенде мешіттерде оқылады. Айт намазы тамыз айының 8-ші жұлдызында таңғы 07.00-де оқылады. Ораза айты — отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін, бейне осыған шүкіршілік іспетті илаһи шуағы мол мереке. Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңіл айдынын хақ дариясымен суарып, жүректі ақиқат сырларына малындырып, адамзат баласы «мумин» (Хаққа жан-тәнімен илану) мақамына көтеріледі. Осы илаһи жаңа леппен қауышуына орай, Алла тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні мұсылман қауымы екі рәкат намаз оқиды. Намаздан кейін «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатады. Осы күні дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, аста-төк ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайды.
Мұхаммед (с.а.у)-ның үмбеті Қазақ халқында айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі. Олай болса, отыз күнгі оразамен халқымыз тақуалыққа бой ұрып, тектілік тұғырына көтерілсін! Ораза айт мерекесімен ұлтымыздың мерейі тасып, бірлігі мен тірлігі арта берсін деп тілейміз!
ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы: Бекқожа Өмірзақ қажы
Пікірлер