Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Рамазан айы
14 маусым, 2014 жыл 650 Басып шығару нұсқасы

Рамазан айы Рамазан айын құрметтеуіміз керек. Құрметтеу үшін Алла Тағаланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтануымыз қажет. Ораза тұтып, ғайбат жасаған, жалған сөйлеген, ренжіткен, харамдардан сақтанбаған адам Рамазан айын құрметтемеген болып саналады. Хадис- шәріптерде былай бұйырылды:
«Мұқият болыңдар. Рамазан айындағы сауап пен күнәлар еселеніп жазылады. Рамазанда көп намаз оқыңдар. Көп Құран оқыңдар. Өйткені, Рамазанда оқылған Құран Кәрімнің әр әрпі үшін Хақ Тағала жәннат бақшаларынан бір бақша береді».
«Рамазанды құрметтеу керек. Оның рақымдылығы мүміндерді қуантады. Оның алғашқы күндері рақымдылық, ортасы кешірім және соңы тозақ отынан құтылу».
«Егер құлдар рамазан айындағы ізгілік пен жақсылықтарды білсе, бүкіл бір жылдың рамазан болғанын қалар еді. Өйткені, онда көп сауап бар».
«Рамазан айында бір күнә істеген адам екі азап алады. Рамазанда бір жақсылық жасаған адам екі сауап алады».
«Рамазан айының күндізі мен түнінде Құран Кәрімнен бір аят оқыған адамға әр әрпі үшін бір шәйіт сауабы беріледі».
«Рамазанды құрметтеген адам Алла Тағаланы құрметтеген болады».
«Алла Тағала Рамазан айында күнә істемеген адамның он бір айлық күнәсін кешіреді».
«Рамазан айты күні періштелер жолдың шетінде тұрып, айт намазына бара жатқандарға мынаны сүйіншілейді: «Ей, мүміндер қауымы! Сендерге жақсылықтар, мол нығметтер беретін рақымды Раббыларыңнан тілеңдер. Өйткені, Ол сендерге түнді ғибадатпен өткізуді бұйырды, сендер орындадыңдар. Ол сендерге күндіз ораза тұтуды бұйырды, сендер тұттыңдар. Ол сендерге Раббыларыңа бағынуды бұйырды, сендер бағындыңдар. Олай болса, олардың қайтарымын алыңдар». Намаздан кейін бір періште былай дейді: «Біліңдер, ей, мүміндер. Бүгін күмәнсіз сый тарату күні, күнәлардан құтылу күні және айыптардан тазару күні».
Оразаның парыздары
Оразаның үш парызы бар:
1- Ниет ету.
2- Ниетті алғашқы және соңғы уақыт арасында жасау.
3- Имсак уақытынан күн батқанға (ақшамға) дейінгі аралықта оразаны бұзатын нәрселерден тыйылу.
Оразаға ниет
Рамазан және нәпіл оразаға ниеттің алғашқы уақыты күн батқаннан (ақшамнан) кейін басталады. Соңғы уақыты ертеңіне түскі намазға бір сағат қалғанға дейін болады. Ал қаза және кәфарат оразаларының ниеті ақшамнан имсак уақытына дейін жалғасады.
Рамазандағы оразаға ниет еткенде ақшамнан имсак уақытына дейін, «Аллаһ разылығы үшін ертең ораза тұтуға ниет еттім», имсактан кейін «Аллаһ разылығы үшін бүгін ораза тұтуға ниет еттім» деп айтылады. Жаңылысып қате айтылса да ораза тұтатын күні мәлім болғаны үшін зияны жоқ. Рамазанда бір айлық оразасы үшін жалпылама бір рет ниет етуге болмайды, әр күні үшін бөлек-бөлек ниет ету парыз болып табылады.
Түнде жатарда тамақтанып немесе тамақтанбай ниет етсе, кейін түнде оянғанда, сәреге тұрғанда тамақтанудың зияны жоқ. Тіпті кешкі ас кезінде ертенгі оразаға ниет етіп қою жақсы болады. Ниеттен кейін имсак уақытына дейін ішіп-жеудің зияны жоқ. Рамазанда «ертең тісім ауырмаса ораза тұтамын, ауырса тұтпаймын» деген секілді күмәнды ниетпенен ораза тұту сахих болмайды.
Ауызашарда
Күн батқаны анық болғаннан кейін алдымен әузу-бисмиллә айтып: «Аллаһуммә йа уаси’әл-мағфираһ иғфирли уә ли-уалидаййә уә ли-устазиййә уә лил-мумининә уәл муминат йәумә йақумул хисаб» дұғасы оқылады. «Ей кешірімі мол Аллаһым! Қиямет күні есепке тартқанда мені, ата-анамды, ұстазымды, ер-әйел бүкіл мұсылмандарды ғафу ет» деген мағынаны береді. Артынан «Я, Раббым, Сен үшін ораза тұттым және Сенің берген нығметтеріңмен оразамды ашқалы тұрмын. Мені, ата-анамды және барлық мұсылмандарды кешіре гөр» деп айтып, мүмкін болса құрмамен немесе сүт яки сумен ауыз ашылады.
Бір-екі жұтымдық нәрсе жеген соң, «Зәһәбәззамаъ уәбтәлләтил уруқ уә сәбәтәл ажр иншааллаһу таала» дұғасын оқып, тамақ ішуді бастайды. Бұл ауызашар (ифтар) дұғасының мағынасы:
Аштық бітті. Тамырларымыздың сумен қауышу уақыты жетті. Иншаллаһ сауап жазылды.
Тәубе айы Рамазан айы жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Ғибадат айында ерекше рухани атмосферада іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға болады. Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау нағыз дімкәстікті білдіреді.
قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: اُحْضُرُوا الْمِنْبَرَ فَحَضَرْنَاهُ، فَلَمَّا ارْتَقَى دَرَجَةً قَالَ آمِينَ، فَلَمَّا ارْتَقَى الدَّرَجَةَ الثَّانِيَةَ قَالَ آمِينَ، فَلَمَّا ارْتَقَى الدَّرَجَةَ الثَّالِثَةَ قَالَ آمِينَ، فَلَمَّا نَزَلَ قُلْنَا يَا رَسُولَ اللَّهِ لَقَدْ سَمِعْنَا مِنْك الْيَوْمَ شَيْئًا مَا كُنَّا نَسْمَعُهُ قَالَ: إنَّ جِبْرِيلَ عَرَضَ لِي فَقَالَ: بَعُدَ مَنْ أَدْرَكَ رَمَضَانَ فَلَمْ يُغْفَرْ لَهُ قُلْتُ آمِينَ، فَلَمَّا رَقَيْتُ الثَّانِيَةَ قَالَ بَعُدَ مَنْ ذُكِرْتَ عِنْدَهُ فَلَمْ يُصَلِّ عَلَيْك قُلْتُ آمِينَ، فَلَمَّا رَقَيْتُ الثَّالِثَةَ قَالَ بَعُدَ مَنْ أَدْرَكَ أَبَوَيْهِ الْكِبَرُ عِنْدَهُ أَوْ أَحَدَهُمَا فَلَمْ يُدْخِلَاهُ الْجَنَّةَ قُلْتُ آمِينَ
Әл-Хаким таратқан риуаят бойынша бірде Пайғамбар (с.ғ.с) сахабаларына мінберді әкелуге бұйырады. Сосын әкелінген мінберге көтеріліп бара жатып: «Әмин», – деп үш рет айтады. Сосын қайтадан төмен түседі. Сахабалары мұның мәнісін сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Маған Жебірейіл (ғ.с) көрініп: «Рамазанға жетсе де, күнәсі кешірілмеген жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Екінші мәрте көтерілгенімде: «Сенің есімің аталғанда салауат айтпаған жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Үшінші мәрте көтеріле бергенімде: «Ата-анасының екеуі, не біреуі көз алдында қартая тұра, жұмаққа кіруіне себепкер бола алмаған (ата-анасына лайықты қызмет ете алмаған) жан аулақ кетсін!» – деді. Мен тағы да: «Әмин» – дедім».
Тақуалық айы
Алла Тағала былай дейді:
﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ ١٨٣﴾
«Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақтанарсыңдар».[13]
Осы шарапатты аяттың соңы «әрине сақтанарсыңдар» деп аяқталып тұр. Бұл сөзде терең мағына жатыр. Ораза парызы Раббымыздан шынайы түрде қорқуға, тақуалыққа тәрбиелейді. Бұл аяттағы «тәттәқун» сөзі «сақтанарсыңдар» деген мағынамен бірге «тақуалық етерсіңдер» деген мағынаны да білдіреді. Оразаның түпкілікті мақсаты пенденің бойында Құдай Тағаладан қорқу, тақуалық қасиетін қалыптастыру болып табылады.
«Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді халық даналығы. Тегінде, тақуалық адам баласының ең көркем сипаты. Өйткені Құдайдан қорқу сипаты пендені талай жаманшылықтан сақтайды. Сондай-ақ, барша пайғамбарлар алдымен Құдайдан қорқуға шақырған.
Рамазан айында парасат-пайымы биік пенде үшін артындағы ғұмыр жолына бір қарап алып, өткенін безбеңдеп, болашағын бағдарлайтын қайталанбас сәт туады. Шындығында, өз-өзіне есеп беру тақуа жандардың дағдысы, байыптылардың әдеті. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
﴿…إِنَّ اللَّهَ لَا يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّىٰ يُغَيِّرُوا مَا بِأَنفُسِهِمْ…. ١١﴾
«Алла бір қауымды қашан олар өз-өздерін өзгертпейінше өзгертпейді».[14] Яғни өз-өзін жақсы жаққа өзгерту, Раббы Тағала разы болатын бағытқа бұру ең алдымен әрбір пенденің ықылас-ниетіне, ерік-жігеріне, қажыр-қайратына байланысты дүние. Пенде тура жолға ниет етсе, Алла да оның жолын жеңілдетіп, сауабын еселейді.
Пайғамбар (с.ғ.с) бір хадисінде былай дейді: «Зерек – нәпсісін төмен ұстап, өлімнен кейінгіге амал еткен адам, ал дәрменсіз – нәпсісі мен әуейілігіне еріп, Алладан шексіз үміттенген адам». Осы хадистегі «нәпсісін төмен ұстау» деген ұғымды ғалымдардың бір тобы өз-өзіне есеп беру деп түсіндірген. Яғни Қиямет күні талқыға түспей тұрып, осы дүниеде өз ісіңе талқы жасап, есеп беруге дағдылану, сөйтіп, Ұлы Есеп күніне өзіндік есеппен, іс-амалды таразылап, елеп-екшеумен бару.
Өз-өзіне есеп беру ізгі пенделердің дағдысы, мұсылманнның иманын жаңартып, түлететін ой таразысы, пікірі мен түсінігін туралап, түзейтін тезі. Бұл туралы мұсылман тарихында талай ділмәрлар, тақуалар түрлі айшықты ойларын айтып кеткен. Солардың біразы мынадай. Омар ибн Хаттабтан (р.а) қалған мынадай мәшһүр өсиет бар: «Есепке алынбастан бұрын өздеріңнен есеп алыңдар, оны таразыға түспестен бұрын таразылаңдар, ең үлкен тексеру күніне дайын болыңдар, «Сол күні сендер тексерілесіңдер, сонда сендердің ешқандай құпияларың жасырын қалмайды».[15]
Уаһб ибн Мунәббиһ былай деген: «Дәуіт (ғ.с) әулетінің даналықтарының бірі мынадай: «Әрбір ақылды пенде үшін ешқашан естен шығармауы тиіс төрт сағат бар: ұлы әрі даңқты Раббысына мінәжат ететін сағаты, өз-өзіне есеп беретін сағаты, айыбын, кемшілігін бетіне басып, нәпсісі туралы шынайы сөйлейтін достарына баратын сағаты және нәпсісін адал әрі көркем қызықтармен оңаша қалдыратын сағаты».
Хасан Басри былай дейді: «Мүмін адам өз нәпсісінің қожайыны. Алланың разылығы үшін өз-өзінен есеп алып отырады. Осы дүниеде өз-өзіне есеп бергендердің Қиямет күнгі есептері жеңіл болады екен де, керісінше, әрбір істі еш есепсіз, қалай болса солай істейтіндердің Қиямет күніндегі есебі өте ауыр болады екен».
Расында да халық аңызындағы Аяз би секілді әрбір адам баласы бір сәт өз ісіне есеп беріп, нәпсісінің жағдайына баға беріп отырмаса болмайды. Аяз би кедей кезіндегі шоқпыт-шоқпыт шекпенін үйінің жоғары бір жеріне іліп қойыпты. Нәпсісі дандайсып, шектен шыға бастағанда-ақ сол шекпеніне қарап бұрынғы халін есіне түсіріп: «Аяз би жолыңды біл, құмырсқа әліңді біл», – деп өрекпіген көңілін сабасына түсіріп, тәубесіне келіп отырады екен.
Үмбетіміздің тарихында талай тақуалар, ғұламалар, ұлы адамдар өз-өздеріне есеп беріп отыруды ғұмырлық дағдыға айналдырған. Олай болмағанның өзінде өзінің мінін бетіне басып айтатын шыншыл адамдармен жолдас болған. Көптеген билікке жеткен әділ әміршілер, байлыққа ие болған ақылды бай-бағландар тақуадар ғалымдарға, би-шешендерге, ақындарға өздерін бірде мақтатып, бірде міндерін айтқызып, даттатып отырған. Ондағы мақсаттары нәпсілерінің жайына қанығу, имани-рухани ахуалын сырт көз арқылы безбеңдеп, бағамдау. «Сырт көз сыншыл» дегендей, адамның өзі көре алмаған мінін басқа біреу көреді. Сырт көзге сын айттыруы арқылы ақылды адам өз мінін біліп, оны түзетуге тырысады.
Әділдігімен қара қылды қақ жарып Фаруқ атанған Омар ибн Хаттаб (р.а): «Бізге кемшілігімізді көрсеткен адамға Алла рахым қылсын», – дейді екен.
Әбу Сүлеймен Дарани былай деген екен: «Дүние мен ақыреттегі бүкіл ізгіліктің түп негізі – Алладан қорқу. Дүниенің кілті – тою, ал ақыреттің кілті – аш болу».
Сабыр айы
Пайғамбар (с.ғ.с) ораза ұстаушыға былайша өсиет еткен:
الصِّيَامُ جُنَّةٌ فَلاَ يَرْفُثْ وَلاَ يَجْهَلْ، وَإِنِ امْرُؤٌ قَاتَلَهُ أَوْ شَاتَمَهُ فَلْيَقُلْ: إِنِّي صَائِمٌ؛ مَرَّتَيْنِ
«Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, дауысын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса: «Мен оразамын, мен оразамын», – десін».[16] Яғни ораза ұстаушы қандай жағдайда болмасын оразасын былапыт сөздермен, ұрыс-керіспен ластамай, сабырлық танытып, ғибадатын мүлтіксіз түрде орындауы керек. Сонда ғана ғибадаты кәміл болып, Раббының дәргейінде қабыл болады. Өйткені ораза тек қана ішіп-жемнен тыйылу емес. Сондай-ақ, жаман әдеттерден, дөрекі сөздерден, теріс мінез-құлықтардан арылуы. Ал күнделікті үйреніп қалған дағдылардан, мінез-құлық кемшіліктерінен бірден арылу оңай емес. Ол бірте-бірте орындалатын іс.
Тирмизи таратқан хадисте Пайғамбар (с.ғ.с): «Ораза – сабырдың жартысы», – дейді. Десе дегендей, күні бойы ашқұрсақ жүріп, кеңпейілділік қалпын сақтай алу нағыз бекзаттыққа апаратын рухани шынығу.
Жалпы сабыр атаулы шарғи мағынада үшке бөлінеді: Алла Тағаланың құлшылығын орындауда сабыр ету, Алла Тағала тыйым салған нәрселерден тартынуда сабыр ету және Жаратқанның жазмышына көркем түрде сабыр ету. Мұндағы құлшылық-тағатқа сабыр етудің мағынасы намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты парыз амалдарды қандай да бір қиыншылыққа қарамастан, ауа-райының қолайсыздығына, ахуалдың қысылтаяңдығына қарамастан көркем сабырмен орындау дегенді білдіреді.
Хақ Тағала Зүмәр сүресінің 10-аятында сондай сабырлы құлдардың сауабын есепсіз беретіндігі жайлы былай дейді:
﴿…إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ ١٠﴾
«Расында, сабырлылар сауаптарын қисапсыз түрде молынан алады». Алла Елшісі (с.ғ.с): «Бұл ай – сабырлық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат», – деп ораза айының қайырлы қорытындысымен сүйіншілеген.
Шүкіршілік айы
Мүбәрак рамазан айында ораза тұтушы бұрын мән бермей жүрген көптеген нығметтердің қадірін сезінеді. Ашығып, шөліркеп Жаратқанның ырзық-несібесінің, қара судың қадіріне жетеді. Күні бойы аш құрсақ жүретін жарлы-жақыбайдың жағдайын басынан кешіреді. Бойындағы жанашырлық, бауырмалдық сезімі оянады. Өзінен төменге қарап шүкірлік етеді. Қолда бар мүмкіндіктердің қадірін ұғынады. Оразаның осындай хикметті қырлары бар.
Асылы, Хақ Тағала құлдарының ішінен Өзінің нығметтеріне, ырзық-несібесісіне әрдайым шүкір етіп жүретіндерін жақсы көреді. Өйткені Жаратқанның берген ырзығына алғыс білдіру иманның ажырамас бөлігі. Себебі, Алла Тағала Өзіне күпіршіл болмай, шүкіршіл болуға бұйырған:
﴿فَاذْكُرُونِي أَذْكُرْكُمْ وَاشْكُرُوا لِي وَلَا تَكْفُرُونِ ١٥٢﴾
«Мені естеріңе алыңдар, сонда Мен де сендерді есіме аламын. Маған шүкіршілік етіңдер, күпірлік етпеңдер».[17]
Раббысы берген өмірге, денсаулығына, материалдық және рухани байлықтарына алғыс білдіріп, лайықты түрде шүкір ету әрбір пенденің міндеті.
Ақиқатында, Алла Тағала құлдарының шүкірлігіне мұқтаж емес, керісінше, пенделер Раббыларының рахымына зәру. Аятта былай делінген:
﴿…وَمَن شَكَرَ فَإِنَّمَا يَشْكُرُ لِنَفْسِهِ ۖ وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ رَبِّي غَنِيٌّ كَرِيمٌ ٤٠﴾
«Кім шүкірлік етсе, расында ол өзі үшін шүкірлік етеді. Ал кім шүкірсіздік етсе, расында Раббым Бай һәм Жомарт».[18]
Алланың Елшісі (с.ғ.с) өз үмбетіне нығметке шүкір етудің сырларын анықтан түсіндіріп берген. Суһайбтан (р.а) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с) былай дейді:
عَجَبًا لأمرِ المؤمنِ إِنَّ أمْرَه كُلَّهُ لهُ خَيرٌ وليسَ ذلكَ لأحَدٍ إلا للمُؤْمنِ إِنْ أصَابتهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فكانتْ خَيرًا لهُ وإنْ أصَابتهُ ضَرَّاءُ صَبرَ فكانتْ خَيرًا لهُ
«Мүміннің ісі неткен ғажап! Шындығында оның барлық ісі қайырлы. Бұл мүміннен басқаға жазылмаған. Егер оның басында қуаныш болса, Аллаға шүкір етеді де, сонысына сауап-сый алады. Егер оған бір жамандық төнсе, оған сабыр етеді де, онысына да сауап алады. Алланың мұсылманға жазған әрбір тағдыры қайырлы».[19]
Шариғат пайымында шүкіршіл жүрек ең үлкен байлықтардың бірі. Ибн Аббастан (р.а) жеткен хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с):
أَرْبَعٌ مَنْ أُعْطِيَهُنَّ فَقَدْ أُعْطِيَ خَيْرَ الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ: قَلْبٌ شَاكِرٌ، وَلِسَانٌ ذَاكِرٌ، وَبَدَنٌ عَلَى الْبَلَاءِ صَابِرٌ، وَزَوْجَةٌ لَا تَبْغِيهِ خَوْفًا فِي نَفْسِهَا وَلَا مَالِهِ
«Кімге мына төрт нәрсе нәсіп етілсе, оған дүниенің де, ақыреттің де игілігі берілген болады: шүкір етуші жүрек, зікір етуші тіл, сынаққа сабырлы тән және өз нәпсісінде де, жарының малына да еш жамандық қаламайтын әйел», – деген.[20]
Пайғамбардың (с.ғ.с) өзі шүкір етуде үмбетіне үлкен үлгі болды. Ол (с.ғ.с) түні бойы Раббысына құлшылық қылып, табаны жарылып кеткенше намаз оқитын. Сонда жұбайларының бірі: «Уа, Алланың Елшісі! Неге олай етесіз? Бұрынғы да, кейінгі де күнәларыңыз кешірілген жоқ па?» – дегенде, ол (с.ғ.с): «Олай болса, шүкір етуші пенде болуым керек емес пе?» – деп жауап берген.[21]
Тіршіліктің түрлі кезеңдерінде бастағы бақтың қадірін біліп, шүкір ету нағыз иманды пенденің белгісі. Бірде Пайғамбар (с.ғ.с) сахабаларына шығып: «Уа, сахабаларым! Қалай тұрдыңдар?» – деп сұрайды. Сонда сахабалар y: «Аллаға мүмін болып тұрдық, уа, Расулалла!» – деп жауап қайырады. Пайғамбар (с.ғ.с): «Имандарыңның белгісі қандай?» – деп сұрайды. Сахабалар y: «Бәле-жалаға сабырлылық, халімізге шүкіршілік, тағдыр-қазаға разылық танытамыз», – дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с): «Олай болса, Қағбаның Иесімен ант етейін, сендер нағыз мүмінсіңдер», – деген екен.
Расында, Алла Тағаланың адамзат үшін көк пен жерден төгіп жатқан нығметтердің саны шексіз. Алла Тағала былай дейді:
﴿وَآتَاكُم مِّن كُلِّ مَا سَأَلْتُمُوهُ ۚ وَإِن تَعُدُّوا نِعْمَتَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا ۗ إِنَّ الْإِنسَانَ لَظَلُومٌ كَفَّارٌ ٣٤﴾
«Сондай-ақ, Ол (Алла) сендерге сұрағанда-рыңның бәрін берді. Егер Алланың нығметтерін есептейтін болсаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам өте әділетсіз әрі шүкірсіз».[22]
Сол нығметтердің бірі денсаулық пен бос уақыт. Тәннің саулығын буын сырқырап, сырқаттанғанда ғана білеміз. Әрбір пенденің ең басты қазынасы – өмірі. Ол өмір жолы жылдардан, айлардан, күндерден, сағаттардан, мезеттерден тұрады. Сол уақыттың қадірін біліп, Раббының разылығы үшін мүлтіксіз пайдаланып жатқан пенде кемде-кем. Сондықтан Пайғамбар (с.ғ.с) осы айтылған екі нығметтің әрдайым назардан тыс қалатындығын үмбетіне ескертіп: «Адамдардың көбі екі нығметтің қадірін дұрыс білмейді. Олар – денсаулық пен бос уақыт», – деген. (Бұхари, Тирмизи риуаят еткен).
Мұсылман пенде нығметке қуанып, белгілі бір табысқа жеткенде, Аллаға шүкіршілігін білдіруі керек. Ол үшін шын ықыласпен «Әлхамдулилләһ» деп айтудың өзі жеткілікті. Рахымдылардың рахымдысы Раббымыз бізді Өзінің нығметтеріне шүкір ететін шүкіршіл пенделерінен қылғай.


Бала қажы мешітінің


Бас имамы: Нуров Махмуд қажы





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары