Әлемдердің жаратушысы, барлық мақтау иесі, аса ұлық Аллаһ Тағала құлдарына міндет еткен 5 парыздың бірі – рамазан айында ораза ұстау. Қасиетті Құран Кәрімде Аллаһ тағала былай дейді: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Кімде-кім науқас болып, не жолсапарда жүрсе, басқа күндерде санын толықтырсын. Аллаһ Тағала сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар». (Бақара сүресі 185 аят). Рамазан айы – Аллаһ Тағаланың ерекше ықыласы түскен, шарапаты мол ізгі ниетті істер үшін сауабы көп, жыл он екі айдың ең қадірлісі.Мұсылмандар қадір тұтатын қасиетті Құранның алғашқы аяттары да Аллаһ Тағала тарапынан рамазан айында түсіріле бастаған.Сондықтан рамазан айы – Құранның, құлшылық пен тәубе, кешірімнің айы.Ораза нәпсіні тізгіндеп, жүректі тазартады. Жүректе Алла Тағалаға деген сүйіспеншіліктен басқаға орын қалмайды.Ораза ұстаушының күнәлары кешіріліп, сабырлығы мен кешірімділігі артады. Аштықты басынан өткізген адам кедейлер мен кембағалы жандарға көмек көрсету керектігін жүрегімен сезініп,түсінеді.Бір ай бойы ішіп – жеуден ғана емес, өтірік өсек айту, біреуді сыртынан ғайбаттау сияқты адамды күнәға итермелейтін жаман істерден де аулақ болу керек.Себебі бұл айда шайтандар кісенделіп, адамдарды азғыру мүмкіндігінен айырылатын уақыт.Сондықтан бізде бұл мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуымыз керек. Намаз оқымайтын адам намаз оқып үйреніп, мінезі нашар адамдар өзін көркем мінезділікке тәрбиелеп, жағымсыз қылықтардан арылуы үшін үлкен мүмкіндік.Ораза ұстау шамасы жеткен барлық мұсылмандарға міндет. Егер жазылмайтын науқас немесе қатты кәрілік жетсе 30 күн бойы бір жарлы адамды тамақтандыруымен мойнынан ораза міндеті түседі.Себебі Алла Тағала Құран Кәрімде «Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіндер, (кәрі немесе аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық хайыр қылса, ол өзіне жақсы. (Мұндай ораза ауыр келетін кәрі, ауру не екі қабат, омырауда баласы болған әйелдер оразаның орнына күніне бір фітір садақасын беруіне болады.Ж-Қ) Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. » (Бақара сүресі 184 аят). Әбу Хурайраның (р.а) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген:«Ұлылығы шексіз Аллаһ Тағала: Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. өйткені, ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да, оның қарамын (сауабын) Өзім беремін- деген ».
«Пітір садақа» яғни оразаның аяқталуын білдіретін айтқа байланысты кедейлерге таратылатын садақа.
Пітір садақасы қарыздардан азат, ақыл есі дұрыс, барлық мұсылмандар үшін міндетті. Бұл садақаның міндеттілігі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) оразаның аяқталуына байланысты айтқан: «Жас бала болсын, кәмелетке келген болсын әрбір адам кедейлерге жарты (саа) бидай немесе бір (саа) тары немесе арпа таратып берсін» - деген сөзіне негізделеді. Пайғамбардың (с.ғ.с) бұл сөзі бізге адамгершілік міндетті жүктейді. Әбу Ханифа пікірі бойынша саа сегіз ирақ ратлінен тұрады.
Пітір садақаның міндеттілігінің шарттары:
Пітір садақа беруге міндетті адамдар. – Пітір садақа беру (жоғарыда белгіленген мөлшерде) оны төлей алатын әр адам үшін міндетті, себебі, Ибн Амир Пайғамбардың пітір садақаны бүкіл адамзат үшін және еш айырмасыз екі жыныс үшін бұлтармас міндет (парыз) түрінде бекіткенін айтады.
Кез келген адам пітір садақаны өзінің жас балалары үшін төлеуге міндетті, себебі, ол қамқоршы болып табылады және оларды асырау оның мойнындағы міндет ретінде қойылады; сондықтан осы жас балалардың мойнындағы садақа беру міндетін орындау да олардың әкесінің немесе оның орнындағы адамның міндеті саналады.
Пітір садақаның мөлшері және төлеудің мерзімі
Пітір садақа мөлшері және төлеуге қолдануға болатын заттар туралы. – Пітір садақа бидай, ұн, кебек немесе кепкен жемістер арқылы берілетін болса, олардан жарты саа құрма немесе арпамен берілетін болса – бір саа мөлшерінде төленеді.
Пітір садақаны ұн немесе арпаның, бидайдың кебегімен төлегенде олардың құнын есепке алған дұрыс, мысалы, бидайдың жарты саағасының құны бидай ұнының жарты саағасының құнына тең келетін болса қолданылады. Бидай немесе ұнының уәжіп болған мөлшері: 1кг 459 г немесе құны; құрғатылған жүзім 2кг 918 г немесе құны. Пітір садақаны нанмен төлеген кезде тек оның құны ғана есепке алынуы тиіс;.
Пітір садақа төлеу кезінде бидайға қарағанда ұн бағаланады, ал ұнға қарағанда ақша бағаланады, себебі, ақша қажеттіліктерді барынша толық түрде, ал ұн бидайға қарағанда неғұрлым жылдамырақ қамтамасыз етеді, себебі, бидай тағамға пайдалану үшін алдымен диірменге тартылуы тиіс.
Биыл 2014 жылы пітір садақа адам басына 200 теңге болып бекітілді.
Тарауих намазы
Рамазан айында жиырма рәкәғат тарауих намазы оқылады. Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Хақ тағала сендерге оразаны парыз етсе, мен тарауих намазын сүннет еттім. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады», – деген хадисі бар («Сунәнун-Насаи»). Сондықтан ер және әйел кісінің жиырма рәкәғат тарауих намазын оқуы – сүннет муәккәдә («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»).
Тарауих намазы
Рамазан айында жиырма рәкәғат тарауих намазы оқылады. Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Хақ тағала сендерге оразаны парыз етсе, мен тарауих намазын сүннет еттім. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады», – деген хадисі бар. («Сунәнун-Насаи»). Сондықтан ер және әйел кісінің жиырма рәкәғат тарауих намазын оқуы – сүннет муәккәдә («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»).
Сүннет муәккәдә – бекітілген сүннет, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрдайым істеген және істеңдер деп өсиет еткен амалдар. Мысалы, таңғы намаздың парызынан бұрын екі рәкәғат сүннет намазын оқу. Бұл үкімді орындамаған адам мол сауаптан және қиямет күні Алла елшісінің (с.ғ.с.) шапағатынан құр қалады.
Тарауихтың бұл үкіміне, біріншіден, имам әл-Байһақи ибн Аббастан және Әс-Сәййиб ибн Язидтен (р.а.) жеткен риуаяттар дәлел. Нақтырақ айтқанда, ибн Аббастың (р.а.) риуаятында Расулулла (с.ғ.с.) тарауих намазын жиырма рәкәғат етіп оқығаны жайында айтылса, әс-Сәййиб ибн Язидтың (р.а.) риуаятында екінші халифа Омар ибн әл-Хаттабтың заманында тарауих намазы жиырма рәкәғат етіліп оқылғаны айтылған («Фиқ-һүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»).
Жалпы, ғалымдар тарауих намазының рәкәғат санына қатысты түрлі пікір айтқанымен, ғалымдардың басым көпшілігі: «Тарауих рәкәғатының саны – жиырма», – деген көзқарасты ұстанып, бұл мәселеде Омар, Әли, т.б. сахабалардың (р.а.) риуаяттарына сүйенген («Тух-фатүл-Ахуази»). Мәселен, мәзһабымыздың Имамы Әбу Ханифа, ғалымдардан Имам Әт-Таури, Имам Ибн Әл-Мүбәрак, Имам Шафиғи, Имам Мәлік, Имам Ахмад, т.б. Ислам әлеміне әйгілі ғалымдар тарауих жиырма рәкәғат етіліп оқылатыны жайында айтқан («Тухфатүл-Ахуази»).
Омар ибн Әл-Хаттаб (р.а.) халифалық дәуірінен бастап, мұсылмандар жаппай тарауих намазын жиырма рәкәғат етіп оқитын болды.
Биыл рамазан маусым айының – 28 басталады.28 – 29 – 30 шілде рамазан айт күндері.
Қасиетті рамазан айында ұстайтын орзаларыңызды құлшылық – ғибадаттарыңызды Аллаһ Тағала қабыл еткен болсын.
Абай ауданының найб имамы: Смағұлов Жасұлан Манапұлы
Пікірлер