Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Шағбан – Рамазанға дайындық айы
21 ақпан, 2023 жыл 366 Басып шығару нұсқасы

Шағбан айы – қасиетті Ережеп пен Рамазан айларының ортасында келетін берекесі мол ай.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Айша (р.анһа) анамызға: «(Нәпіл оразалардан) маған ең ұнайтыны – шағбан айының оразасы. Уа, Айша! Бұл айдың ерекшелігі, жыл ішінде қайтыс болғандардың есімдері шағбан айында өлім періштесіне тапсырылады. Мен де атымның оразалы кезде берілгенін қалаймын» - дейді.

Үммү Сәләмә (р.анһа) анамыз: «Расулуллаһ (с.а.у.) Рамазан айынан басқа ешбір айда шағбан айындағыдай (көп) ораза ұстамайтын»  - дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Режеб Алланың айы, шағбан менің айым, рамазан үмметімнің айы. Шағбан күнәларға кәффарат, Рамазан болса, күнәларды тазалаушы ай».

Шағбан айы жақсылық есіктері ашылып, береке жауатын, қателік пен күнәлар кешірілетін және жаратылыстың ең қайырлысы Пайғамбарымызға (с.а.у.) көптеп салауат оқылатын ай.

Мүміндер бұл айда ғапылдықтан оянып, күнәларына тәубе етіп тазарып, Рамазан шәріп айына дайындалады.

Бұл айда Алла Тағалаға жалынып, жалбарынып, Пайғамбарымызды (с.а.у) себепші қылып Алланың рахметіне жақындауға тырысу керек. Бұларды кейін жасаймын деп кешіктіру дұрыс емес. Себебі дүние үш күннен тұрады:

Біреуі кеше өтіп кетті, ғибрат алатын күн. Екіншісі бүгін. Амал жасау күні Оны олжа санап, пайдалы өткізу керек. Үшіншісі ертең. Бұл үміт. Адам ертең бар-жоғын білмейді.

Айлар да осындай. Режеб айы өтті, қайта келмейді. Рамазан шәріп келешекте, оған жетіп-жетпейтінімізді біле алмаймыз. Шағбан айы болса осы екі ай арасына дәнекер. Бұл айда ғибадатпен шұғылдануды олжа деп санау қажет.

Амалдарымыз Раббымыздың құзырына әр түні, әр күні, әрбір дүйсенбі және бейсенбі күндері және Шағбан айында көтеріледі. Алла елшісі ﷺ адам баласының күн сайынғы амалының көтерілетініне анық мысал келтіріп: «Жандарыңда күндіз-түні алма-кезек ауысып отыратын періштелер бар. Олар таң және екінті намазының уақытында кезек алмастыру үшін жиналады. Содан кейін түнімен сендермен бірге болған періштелер Алланың құзырына көтеріледі. Алла Тағала бәрін біліп тұрса да олардан: Сендер кетерде құлдарым не істеп жатыр еді? деп сұрайды. Періштелер: «Біз кетерде олар намаз оқып жатқан еді. Қайтып барғанымызда да намаз оқып жатыр екен,» деп жауап береді» – деген.

Берекеге толы Шағбан айын бекерге өткізіп алмай, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасаған дұрыс. Бұған қоса, сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауаттар арнаған жөн.

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Шағбан айы келгенде, «Алла Тағалам! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз деген дұғасын жиі айтатын болған. Бізге де бұл мүбәрак айды берекелі етіп, құлшылықпен өткізуді нәсіп етсін!

Қарағанды қалалық "Қазыбек би" мешітінің имамы

Ысқақ Рахимбекұлы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары