Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жақсы сөз-жарым ырысы
24 ақпан, 2023 жыл 363 Басып шығару нұсқасы

   Жаратушының адам баласына берген ұлы нығметтерінің бірі – тіл. Алла Тағала Құран Кәрімде:  «Біз оған (көрсін деп) екі бірдей көз бермедік пе? (сөйлесін деп) бір тіл, қос ерін (бермедік пе)?» – деп, бізге берілген үлкен сый екендігін аңғартады. Алла елшісі (с.ғ.с): «Пайдасыз бос сөзден тілді тыю адамның көркі, Исламның көркі»-деген. Халқымызда «Айтылған сөз атылған оқ» деген даналық сөзі арқылы айтқан сөзіңізді қайтарып ала алмайтындығымызды ескерткен. Отыз тістен шыққан сөз отыз елге әп-сәтте-ақ тарап кетеді. Сол себепті тілін құрықтай білген, оған иелік еткен адам бұл өмірдің ұятынан, ақыреттің азабынан құтылары хақ.

Сөйлеу алу, ішіңдегі сезімдерің мен ойыңды екінші бір адамға жеткізу, Алланың адам бізге берген шексіз нығметтердің бір көрінісі. Алайда сөйлеу тілді еркіне жіберу деген сөз емес. Оның қызметін орынды қолдана білу – адамның имандылығының белгісі. Мұсылман адам өзімізге де, өзгелерге де тек зиян әкелетін бос сөзден, қарғап-тілдеуден, өтіріктен, балағаттан бас тартады. Өкінішке қарай көпшілігіміз пайдасыз әңгімелерге, өсек-аяңға, тірліктің болмашы ұсақ-түйектерін сөз етуге құмармыз. Аузымыз бен тілімізден тапқан осынша орынсыз әр сөзге жауап беретінімізді білмейміз, білсек те немқұрайдылық танытамыз.  Ол адамның ырыс-құтын қашырып, бақ-берекесін тайдырады. Қазақ бабамыз «Жалғанның қысасы ақіретке кетпейді» деген даналық тәмсіл қалдырған. Дана қазақ тегін айтпайды. Алтын уақытты текке өлтіріп жатқандар қаншама. Телефонға телміріп біреудің жеке өміріне сұқтанып, уақыттың көп бөлігін ысыраппен өткізетіндер бар. Осы орынсыз қылықтың орнына сол уақытты құлшылық жасауға, тым болмаса Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтуға жұмсасақ қандай бақыт! Егер адам бос сөзге, бауырларын сөз қылған әңгіме-дүкенге кеткен уақытын Алланың құдыретін тануға жұмсаса өзіне екі дүниеде де қандай жақсылық болып қайтар еді? Алла Тағала: «Мен адамдар мен жындарды  тек Маған құлшылық етсін деп жараттым»-деген. Бос сөздің орнын жақсы сөздермен толтырса, я үндемесе әр мұсылман үшін анағұрлым қайырлы. «Жақсы сөз жарым ырыс» екенін атам қазақ, ал үнсіздіктің үлкен жетістік екенін небір данышпандар айтып кетпеді ме?

Абдулла: «Бірде мен Бану Амир тайпасының бірнеше адамымен бірге Алла елшісіне келдік. Олар келген бойда Пайғамбарымызға «Сен біздің әкеміз, сен біздің әміріміз» деген сарындағы сөздерді айта бастады. Сол кезде Алла елшісі олардың сөзін бірден бөліп: «Келген жұмыстарыңды айтыңдар, сендерді шайтан жолдан тайдырмасын»-дегенін жеткізген. Сондай-ақ Пайғамбарымыз: «Бақыт аз сөйлеп, көп іс тындырған адамға қонады», «Көпсөзділіктен асқан жамандық жоқ»-деген. Бұдан артық азсөзділіктің құнын кім айтсын? Алла Тағала Құранда: «Құпияда айтылған көп әңгіме жақсылық әкелмейді. Тек садақа беруге шақырып, қайырлы істерге үндеп, Алланың разылығына талпынған адамдарға ұлы сый бар»-деген.

Тіл туралы халық даналығы :

·        Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер.

·        Бір жылы сөз бітірер, мың көңілдің жарасын.

·        Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді.

·        Сәлемі жараспағанның, сөзі де жараспайды.

·        Сөйлей білмеген кісіден үре білген ит артық.

·        Сөйлей білмес жаманның – cөзі өтпес бір пышақ.

     Сөз білетін адамның –  әр сөзіне бір тұсақ.

Жоғарыдағы ұлылардан қалған, кейінгі ұрпағына қалдырған ізгі мұраттарымен, данышпандық, шешендік ойларынан, тілдік ұстанымдарынан, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылардың айтқан тіл даналығы туралы, парасат пайымдарынан ақылды ой, алғыр сөз – адамның ең жоғарғы қасиеті екенін, қастерлі тіл мәдениеті-сөз мәдениеті екенін ұғынамыз.                       

Қорыта айтқанда, қазақтың ұлы ханы, өз заманының данышпан дипломаты Абылай ханның қазақ мәмілегер-дипломаттарын қалмақ еліне аттандырар кезде: Үлкендеріңді кішілерің сыйлаңдар, көп арасында мына Қазыбек сияқты кішінің де сөзін тыңдандар. Өздеріңді жат елдің алдында жақсы елдің баласындай ұстаңдар. Мұндайда қол бастайтын батыр болу да қымбат, жол бастайтын көсем болу да қымбат, бәрінен де ел тағдырын шешетін шешен болу қымбат. Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан. Елдесе алмай жауласып кетсек, сендердің олақтықтарыңнан болғаны. Ауыздан шыққан сөз атылған оқпен бірдей, қайтып ала алмайсыңдар. Сөз сөйлегенде ойлап сөйлеу керек”, – деген екен.

"Дін мен дәстүр" бағытының

Қарағанды облысы бойынша жауапты маманы Бақдәулет Қыдырбайұлы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары