Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ДІН ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ
09 наурыз, 2023 жыл 382 Басып шығару нұсқасы

  Ұлт болып  ұйысу сүрлеуіне түскен әрбір қауымның  тұрақты  жері, тарихы, тілі  мен дәстүрі  болуы керек  екенін  заманның өзі-ақ дәлелдеп келеді. Осы ұстындар өн бойынан табылмаған кейбір ұлттар мен ұлыстардың тіпті жаһан картасынан жойылып та кетіп жатқанын тарғыл тарихтың парақтарынан оқып жүрміз.

Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніңіз, әр ұлттың қалыптасуының, дамуының басты алғышарттары деген сөз. Қазақ халқының да ата-бабасынан аманатталып, тәніне тәбәрік боп дарыған сондай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері жетерлік. Осы ұлы құндылықтардың арқасында қаймана қазақтың бармақ бағы еселеніп, атар таңы арайланып келе жатқаны жарысын емес. Бізді ұлт ретінде ұстап тұрған алтын темірқазығымыз да міне осылар. Осы құндылықтармен құндақталған ұрпақ – ұлттық тәрбиенің, ұлт болмысының қадір-қасиетіне жететіні сөзсіз..

Қыз ұзатып, келін түсіру, құда шақыру дәстүрлеріміздің ағайынның арасын жақындатуға, туыстық тұғырымызды нықтауға негізделгенін естен шығармаған жөн. Жаратушының  қасиеті сөзінде: «Сондай-ақ  бір-бірлеріңді  тануларың үшін сендерді  ұлттар, рулар  қылдық» - дейді. Осыдан-ақ Ислам дінінің адамның  абыройы мен ар-ожданың  бәрінен де биік  қоятынын, отбасы мен қоғам  бірлігін сақтайтынын, әлеуметтік  әділеттілікті көздейтінін аңғарамыз. Ал біз өз кезегімізде адамгершілік қағидаларға негізделген хақ дініміз бен біздің ата-дәстүрлеріміз сабақтасып жатқанын жеткізгіміз келеді. Бұлай деп ой қорытуымыздың себебі – біздің ұлттық дәстүрлеріміздің дінмен тамаша үйлесім табуы арқылы саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруда ерекше рөлге ие болуында.

«Тәрбие – ана құрсағынан басталады» тұжырымға тұздық ретінде: бала дүниеге келе салысымен болатын «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару» сынды өзіндік тәрбиелік мән-мағынасы бар ғұрыптарымызды қоспасқа тағы болмайды. Бүгінде жалпақ мәшһүрдің жартысы мойындаған көшпелі мәдениеттің әлемдік өркениеттегі ықпалы жайлы ойласақ, қазақ халқының ұлттық ұстанымы, танымы-түсінігі, салт-дәстүрлері – замана көші мен уақыт тезінен өткен өмір сүру қағидалары екенін лажысыз мойындаймыз.

Біз көбіне ұрпақ тәрбиесі қазақы менталитетте болуына қырың қарайтын сияқтымыз. Яки еліктеушіліктің ермегіне еріп кеткенбіз бе деген ойға қаламын. Бала тәрбиелеуде ең бірінші туған тілі мен дәстүріне сүйене отырып тәрбиелеуіміз керек. Өйткені, ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың салт-дәстүрлері мен тағылымдарын өнеге тұтпай тұрып, жастарды ұлтын сүюге, ұлтжандылыққа, ізгілік пен парасаттылыққа баулу әсте мүмкін емес. Өз халқының табиғи мінезін бойына сіңіріп өскен әрбір ұрпақ ана тілінің де қадіріне жетері сөзсіз. Халық аңыз әңгімелері, ертегілер, шешендік сөздер, тарихи мәні зор батырлық, ғашықтық, эпостық жырлар жасөспірім баланың таным-түсінігіне әсер ететіні ақиқат. Ол оның өнерге деген сезімін оятады, құштарлығын арттырады, жақсылыққа, ізгілікке, парасаттылыққа тәрбиелейді.

Жаһандану үрдісіне өзінің ұлттық менталитетін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, тілін, ділін сақтай білген халық қана төтеп бере алады. Сайып келгенде, «Тәрбиелеу дегеніміз – халықтың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту» деген түсінік қой. Міне сондықтан да, естілердің сөзін ескеріп өскен, ұлтты рухы өн бойында жалындап тұрған ұрпақты тәрбиелеу – сіз бен біздің парасатты парызымыз екенін ұмытпасақ жарар еді...

Абай аудандық мешітінің имамы

Асхат Қанайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары