Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ихсан ілімі жайлы не білеміз?
15 сәуір, 2024 жыл 496 Басып шығару нұсқасы

   Қазіргі техника мен технологияның қарыштап дамыған заманында, аумалы-төкпелі кезеңде, құндылықтар құлдырай бастағанда адамдық болмысымызды жоғалтпай, тура жолдан адаспағанымыз абзал. Асыл дініміз исламды берік ұстанып, иманымызды күшейту арқылы ғана зор жетістікке жете аламыз. Десек те, осы ізгі жолда мұсылман адамның бойынан жақсылық, қайырымдылық, мейірімділік қасиеттері көрінуі керек. Әрине, жетістікке жетуде ихсан ілімінің алар орны айрықша екенін айтып өткеніміз ләзім. Жалпы, ихсан ілімі қазақ халқына жат емес. «Ихсан» сөзі шынайылық деген мағынаys білдіреді. Мәселен, мұсылман адам Алла тағала өзін көріп тұрғандай құлшылық жасауы керек. Жаратушы алдында қорқыныш пен үміт қатар пайда болып, намазды жауапкершілікпен, шынайылықпен оқуымыз қажет. Бірде екі дүниенің сардары, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сахабаларымен сұхбат құрып отырғанда бір кісі келіп, ихсан ілімі жайлы сұрайды. Сонда пайғамбарымыз: «Сен Оны көріп тұрғандай Аллаға құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрады» деп жауап береді. Осы хадистен біз ихсан ілімінің негізі шынайылықта, жүрек қалауымен әрекет ету екенін аңғарамыз. Қаратал ауданындағы қала, ауыл имамдары, мешіт жамағаттары рухани кемелдену жолына бастайтын істердің ұйытқысы болып жүреді. Қалтасы қалың азаматтар кедей, көпбалалы отбасыларына азық-түлік, көмірін түсіріп беріп, қол ұшын беруде. Мүгедек, мүскін жандар да назардан тыс қалған емес. Әрине, осының бәрін ихсан ілімі аясында жасалып жатқан ізгілік, жақсылық, игілік дегеніміз жөн. Рухани дүниеден материалдық құндылық басымдау болып тұрған заманда ихсан ілімін насихаттаған абзал. Аллаға шүкірлік қылып, пайғабарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауат айтып, иманымызды күшейту арқылы біз ихсан ілімінің маңызын тереңірек түсінеміз. Өйткені, Аллаға тәубе мен тәуекел қылған адам қиын сәтте сабыр сақтап, байсалды әрі парасатты қалпынан айнымайды. «Әнфәл» сүресінің 29-шы аятында: «Әй, мүміндер! Егер Алладан қорықсаңдар, Ол сендерге жақсы, жаманды айыратын қабілет (білім) береді әрі жамандықтарыңды жойып, жарылқайды. Алла зор кеңшілік иесі», – делінген. Жалпы, ихсан ілімі ерте заманнан мұсылмандық жолды таңдаған қазақ халқы үшін таныс ілім. Бір айта кетерлігі, ихсан ілімінің кемелденуіне Түркістан діни мектебінің негізін қалаған Қожа Ахмет Яссауи бабамыз бен оның шәкірттері айтарлықтай еңбек етті. Тарихтан мысал ретінде Қжоа Ахмет бабамыздың туған ұлы Ибрахимді қастандықпен өлтірген адамға қызын қосып, астындағы мініп жүрген атын беруінен біз тақуа жанның сабырлы, дегдар адам болғанын байқаймыз. Ол көне түркілік дәстүрлер мен Ислам дінінің құндылықтарын біте қайнастырып, ел ішіндегі мәдени, діни қақтығыстардың арасынан тура жол тапты. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ихсан – тәрбие негізі» атты мақаласында: «Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттырып, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіретті күшті Хақ Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтардың бірегейі де осы – ихсан ілімі» деген болатын. Расында, ихсан – тақуалыққа тәрбиелейтін мектеп. Тақуалық дегеніміз – әдепсіз әдеттерден, зиянды нәрселерден аулақ болу, аз сөйлеу, қорғану, күнәлі істерден аулақ болу, ұятты амалдардан сақтану, Алла тағалаға құлшылық қылып, өзгелерге жақсылық жасау. Бірде тақуалық туралы сұраған адамдарға сахаба Әбу Һурайра (а.с.): «Сіздер өмірлеріңізде тікені көп жолмен жүріп көрдіңіздер ме?» – деп сұрайды. Сонда әлгі адамдар: «Иә, өттік», – деп жауап береді. Сахаба: «Олай болса, сол жерден өткенде не істедіңіздер?» – деп қайыра сұрақ қояды. «Тікеннен сақтанып өттік», – дейді олар. Сонда Әбу Һурайра: «Тақуалық та дәл солай, күнә мен қателіктерден сақтану», – деген екен. Ислам діні көркем мінез бен әдептілікке негізделген. Адам әдепті болса, соншалықты сүйкімді болмақ. Ихсан ілімі көркем мінез бен адам бойындағы әдептілікті қалыптастырып, жақсы жолға бастайды. Біз біреулерге жақсылық жасау арқылы, жұмсақ сөйлеп, игі істер атқару арқылы ихсан іліміне жақын бола түсеміз. Мәселен, үлкенге сәлем беру, науқастың көңілін сұрау, көршіге жақсы қарау арқылы біз игі қасиет иесі атанамыз. Сонымен бірге жомарттық танытып, кешірімді болсақ, нұр үстіне нұр. Адамның қадірін түсіретін өтірік айту, ғайбат сөйлеу, көре алмаушылық, туысқаннан қарым-қатынасты үзу секілді жаман әдеттерден аулақ болғанымыз абзал. Бір сөзбен айтқанда, ихсан ілімі – адам баласын жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа үйрететін ілім. Бұл ілім қоғам үшін аса маңызды әрі ғибратты тәрбие жолы.

Абай аудандық мешітінің имамы

Асхат Қанайұлы
 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары