Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қазақты батыр еткен иманы мен руһы
16 мамыр, 2023 жыл 245 Басып шығару нұсқасы

   Қазақтың бойына біткен күш пен қуат Жаратушыға деген сенімі оның руһын жігерлендіріп отырды. Руһы  мықты, жігерлі, көрегендігімен ел басқартып, отанын қорғаған Жәнібек, Керей, Есім, Тәуке секілді хандар мен Қобыланды, Алпамыс, Өтеген, Наурызбай секілді батырларымыз және Қазибек, Төле, Әйтеке билеріміз біздің мақтанышымыз. Бұл батырларымыз Алла Тағаланың «Жақсылықта және жамандықтан қорғануда бір-біріңе жәрдем етіңдер» [Мәидә сүресі, 2-аят] деген аятына амал еткендер десең қателеспейміз. Өйткені ел басқаруда ханға мойынсұнып, мыңдаған әскердің қолбасшысы болу, сыртқы арамза пиғылдылардың теріс пиғылдарына халықты еріп кетуден сақтап қалған билеріміз барлығы бір-бірімен ақылдаса амал етті. Тәуке ханның даналығы мен көрегендігінің арқасында  Тәуке хан ел билеген кез — халық есінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш берекелі заман болып қалды. Отанға және ұлтқа деген сүйіспеншіліктің иманнан екенін біліп, мұсылмандар арасындағы бауырмалдықтың шырқын бұзбай, оны нығайтуға тырысқан берекелі замандар болды. Бүгінгі таңда да осы бірлігімізді, иманымызды, дінімізді сақтап қалу біздің біліміміздің тереңдігінен болмақ. Білім алуға ұмытылып, саналы түрде амал етер болсақ білектің күшімен емес, ақылдың өрелігімен жеңетін боламыз сыртқы жауды. Алла бұл жайында мұсылмандарға мынадай кеңес береді: «Әй, иман келтіргендер! Егер жолынан тайған пасық адам сендерге бір хабар әкелсе, әуелі анық-қанығына жетіңдер, әйтпесе білмей, абайсызда бір елге кесірлерің тиіп кетеді де кейін істеген-деріңе өкінесіңдер» [Хұжурат сүресі, 6-аят].  Жаратушы Иеміз деп соққан халықтың ішінен уақыттың өзі екшеп шығарған, даналық сөзімен, әділетті ісімен, қара қылды қақ жарған тура билігімен аттары бұл күнде аңызға айналған атақты билердің болғанын айтады. Осындай алыптардың замана тынысын тамыршыдай тап басып танып, халықтың басын қосып, елдің бірлік – берекесін кетірер ішкі дау – жанжалды, барымта – сырымтаны тиып, елді ынтымақта ұстау мақсатында ой тоғыстырып, бір бағытта игілікті іс-қимыл жасау арқасында Қазақ хандығының жағдайы күрт жақсарып, сыртқа айбарын асырды. Талай жаугершілікті бастан кешіріп, ол шеті мен бұл шетіне құс қанаты талатын казіргі кең байтақ өлкемізді, құтты қоныс, ата мекенімізді ұлы жорықтарда батыр бабаларымыз білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғай жүріп бізге аманаттап қалдырды. Осы еңбегі үшін халық биікке көтерген, ардақтап, аттарын аңызға айналдырған батырлардың ішінде, әсіресе, Абылай ханның бас қолбасшылары саналған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай бір төбе. Олар ұлаңғайыр даламызға көз тіккен сырт көз дұшпандарға тойтарыс бере отырып, өз ұрпағын туған топырақты шексіз сүюге, қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеген. Асыл дініміз Исламда да отансүйгіштікке, туған еліңді қадірлеуге айырықша мән берген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) Отаныңды, яғни тарихи мекеніңді сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты сауап екендігі жайында бірнеше хадистер қалдырған. Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (ﷺ): «Я, Расулаллаһ! Ең абзал амал не?» - деп сұрағанда, Алла елшісі (ﷺ): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», - депті.

Алланың діні мен пайғамбардың (ﷺ) сүннетіне амал етіп, елін жерін қанын төгіп қорғап қалған батырларымыздың құрметіне біз елімізді, жерімізді қорғап, шекарамызды бұзбай сақтап отыруымыз қажет.  Тәуелсіздіктің бағасын таразылағанда қазақ батырлары жасаған ерліктің, тарихи ерліктің құнын терең қадірлеуіміз қажет.

 

Нұров Махмұд қажы Нұрұлы

Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешітінің  имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары