Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Уақыптың маңызын ұғынатын уақыт келді
08 маусым, 2023 жыл 171 Басып шығару нұсқасы

  Аллаға шүкір бүгінгі таңда уақып тақырыбы қоғамда кеңінен насихатталып, оның маңыздылығы артып келеді. Кейінгі бірер жылда бұл бағыт насихатталып қана қоймай, Алла разылығы үшін белгілі бір мүлікті қайырымдылық жолына арнау ісінде де қозғалыс бар. Ал, уақып дегеніміз – істелуі өте ұнамды болған және Аллаға жақындататын ізгілікті іс. Бұл турасында қасиетті Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» (Бақара-267) деп, ескерте отырып, тағы бір аятта: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады», (Әли Имран-92) деген.

Сауапты саралай білген сахабалар бар мал-мүлік, жиған дүние мен қаражатын елдің игілігі мен дамуы жолында, Алланың разылығына бөлену үшін сарп еткен. Осы игі істері арқылы өздері өмір сүріп отырған қоғамдағы  тұрмысы төмен отбасыларды тұрмыс тауқыметінен құтқара отырып, өздері  уақып жасаушыға бұйыратын мол сауапқа кенелген. Саңлақ сахабалардың бірі Әнас ибн Мәликтің өгей әкесі Әбу Талха, Алла елшісінен жоғарыдағы аяттарды естіген сәтте өзінің иелігіндегі «Бейруха» атты бақшасын дереу Алла жолына уақып еткен. Қоғам қайраткері болған алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатұлы бір өлеңінде былай дейді:

Жарар еді ортада мешіт салсақ,

Қаза қылмай намазды барып тұрсақ,

Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,

Байларымыз жиналып уақып қылсақ.

Уақыптың пайдасы мен хикметін түсінген ардақты тұлғалар халқымызда кем болмаған. Біздер де осы сауапты амалды өз мүмкіндігімізге қарай атқарар болсақ, дүние мен ахирет игілігіне бөленеріміз хақ. Себебі, дүние мүлікті  Алла жолында уақып қылу Аллаға жақындатады. Осы арқылы үлкен сауапқа ие болып қайырлы істі үзілмей барып тұратын игі амалға айналдырған болар едік. Сонымен қатар, рухани құндылықтардың дамуына өз үлесімізді қосар едік. «Уақып» бағыты еліміз бен дініміз үшін өзекті мәселе. ҚМДБ-ның тікелей қолдауымен ашылған «Уақып қоры» дәстүрлі рухани құндылықтарды дамыту, діни ғимараттар мен әлеуметтік нысандар құрылысын бірлесіп салу, дін қызметкерлеріне қолдау көрсету, олардың біліктілігін арттыруға көмектесу сынды игі істерді мақсат еткен. Осы істің айналасына топтасып, бірлескен  қимыл жасай білсек нұр үстіне нұр болар еді.

 

Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің

«Дін мен дәстүр» бағытының жетекшісі

Бақдәулет Қыдырбайұлы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары