Дін- дүниедегі әрбір жан иесінің өмір сүру үлгісі, екі дүниеде де бақытты болуға жетелер нәзік жол. Дәстүр- әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Әрбір ұлттың ұстанар діні, өзіндік ғұрыпы, дәстүр сабақтастығы мен бір ұлтты екінші ұлттан өзгешелейтін мінез-құлық ережесі және өмір сүру ерекшелігі болады. Ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің болуы қажет, яғни, діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Діні мен дәстүрін бөліп жармай, бір белдеудің көлемінде ұстануды жөн көрген ата-бабаларымыздың діни дәстүрді қалыптастырғаны тарих беттерінде анық бейнеленген. Ата-бабадан аманат болып жеткен сол дәстүрлердің бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым-ұстанымдар болса, ал басым бөлігі асыл діннің әсерінен пайда болған дағдылар. Расында да белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін алдымен ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, Отаны болуы тиіс.
Қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз қалайды. Сондай-ақ, Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа, пітір таратып, бата беру, тәуіптік емдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сондай-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды.
А.Сейдімбек мәдениетіміздегі ислам дінінің орны туралы: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр» дейді. Дәстүр мен дін аясында айтылатын және сарапталатын дүниелер саны көп. Әр салтымызға діни көзқараспен қарар болсақ, өткен дәуірдегі ата-бабаларымыз ұстанған дара әрі хақ жолдың келер ұрпаққа қаймағы бұзылмастан келгенін тілге тиек ете аламыз. Кез-келген дәстүр өз тамырын діннен алады, неге дейсіз ғой, себебі дін ол Хақты қалап, әділдікті талап ететін жалғыз ғана тура жол. Соның ішінде мейірімділік, ата-ананы құрметтеу, жалған сөзден тыйылу, қызды қырық үйден тыю мен оның тәрбиесін, адамгершіліктің кемелін, сонымен қатар ұят пен ардың, ождан мен тәртіптің қайталанбас тұғырлы төрін көрсетеді. Қазақ халқының бойына сіңген салт-жоралғылар мен халықтық ғұрыптар тізгінін қазіргі уақытта жастарға ұстатар болсақ, келешекте оның сақталып қаларына үлес қосқан болар едік. Себебі, дәстүрді не болмаса көне түсініктерді тек ақсақалды қарттарымыз бен ақжаулықты аналарымыз ғана жадыларына құйып кетер болса, біз келешек ұрпақ, діни дәстүрдің дәмін сезіне алмай кетуіміз ғажап емес.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», – дейді. Діннен тамыр жайған дәстүрімізге берік, иманымызды өзімізге серік ету арқылы ғана біз өзіміздің тарих сахнасынан орын алған тәуелсіз ел екенімізді дүйім жұртқа дәлелдегеніміз болар еді. Дін мен дәстүріміз бөлек дегендер, бір ел болашағының қамын жегендердің сипатына келмейді. Өйткені олардың түсінігі тар, я болмаса қазақ тарихынан хабарсыз деуге ғана келеді. Дәстүріміздің әлі күнге дейін өз орнын жоғалтпауының бір себебі, ол дінмен ұштасуында. Дінге қарап бой түзеп, дәстүрімен сусындап, тарихынан өнеге алған әрбір қазақ, Абай атамыз айтқандай «пенде мақсаты –Адам болу» деген сияқты өз мақсатымызға жетер ма едік, кім біледі?! Қазір кезеңде ұлт пен халық рухани қолдауға мұқтаж. Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз әлеуметтік, этностық және діни шиеленістер мен қақтығыстарды еңсерудің жаңа сенімді механизмдерін жасауымыз керек. Дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс әрекетін қатаң түрде тыйып отыру қажет. Қоғамда, әсіресе жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейтуіміз керек», – деп атап өтті. Сол Жолдау бойынша әрекет жасау үшін дініміз бен дәстүріміз егіз ұғым екенін, бір ағында ағып жатқанын және үйретері мен талабының айқындығын жастар түсінерліктей етіп жеткізу жолдарын қарастыру қажет. Мақсатымыз – ұлттық болмыс, табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу.
Абай аудандық мешітінің имамы
Асхат ҚАНАЙҰЛЫ
Пікірлер