Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ізгілермен дос болу
26 қыркүйек, 2023 жыл 195 Басып шығару нұсқасы

  Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын.

Заманның ағынымен, күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен уақыт су секілді ағып өтуде. Істеп жатқан амалыңа ой жүгіртіп, қылып жүрген істеріңді ақылға салып кідіре қалсақ болды, құдды бір қоғамның сыртында қалып қоятын секілдіміз. Барлық нәрсені тез істеуіміз керек секілді. Жылдам шешім қабылдап, жылдам ісімізді бітіріп, жылдам өсуді қалап өмір сүруге асығамыз. Осындай қиын-қыстау заманда бізді түзетер біреудің жанымыздан табылуы өте маңызды.

Адамзаттың абзалы, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: "Мұсылман - мұсылманның айнасы" деген. Яғни нағыз Аллаһ разылығы үшін болған дос, шыныдан жасалған айна секілді. Айна тек дұрысты көрсетеді. Сен оған қаншалықты көркем мінез танытсаң да, жақсы мәміле жасасаң да ол тек ақиқатты ғана көрсетеді. Айна ешқашан ұсқынсызды  сұлу, сұлуды ұсқынсыз қылып көрсетпейді. Мұсылман досың да сол айна секілді қателігіңді дұрыс деп, жақсылығыңды жаман деп айтпайды. Айна сенің жамандығыңды көрсеткен кезде оны сындырма. Кемшілікті өзіңнен ізде. Себебі айна тек ақиқатты көрсетеді. Әрбір мұсылманның бір айнаға мұқтаждығы бар.

Ізгілермен дос болсаң һәм үйренушісің, һәм үйретушісің. Себебі ізгі адам деген насихат айтатын адам ғана емес, сонымен қатар насихатты қабылдай алатын адам. Ізгі ортада амалың да дұрысталады. Дұрыс  амалың әдетіңе айналып, істеп жүрген ісің түгілі әдетің ізгіленеді. Ал әдет деген мінезбен пара-пар зат қой. Мінезің ізгі  болса, демек күллі ғұмырың да ізгілікке толы, салиқалы өмірге айналар. Сөйтіп ізгілердің арасында жүрген адам, өзі де қалай ізгілерден болғанын байқамай да қалады. Аллаһ Тағала бізге бұл дүниеде ізгі амалмен шұғылдануды, ал ақыретте ізгілермен тірілуді нәсіп етсін!

Қарағанды қалалық «Әл Машани» мешітінің имамы

Сайлау Жұмағұлұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары