Садақ ату қазақта ежелден бар. Ол жаудан қорғану құралымен қатар, ер азматқа сән беруші әрі спорт түрі болды. Бүгінде спорттық ойындардың қатарына еніп, Азия шеңберінде, тіпті әлемдік жарыстардың қатарында бар. Садақ ату – мергендік спортының бір түрі. 1900 жылдан бері жазғы Олимпия ойындарының тізіміне кірген. Бүгінде осы спорт түрімен әлемнің 140 елінде айналысады. Қазақ балалары әлемдік кубоктарды жеңіп келуде. Мысалы 2022 жылы Румынияда өткен Әлем кубогында қазақтың бүлдіршендері жүлделі бірінші орынға ие болса, Түркияда өткен көшпенділер ойынында біздің садақшы 35 елден келген 100-ден астам қатысушымен бәсекелесіп, күміс медальға ие болды. Ұлттық құрамада бізде 30 садақшы бар. Жалпы дәстүрлі садақ ату спортымен айналысып жүргендердің қатары екі мыңнан асады.
Садақ ату барлық спорт түрлері секілді денсаулыққа өте пайдалы. Неліктен біз естіген түрлі аңыздарда хандар мен патшалар өз қыздарын жамбыны атып түсірген жігітке береміз деп шарт қойған? Өйткені мергендер епті әрі ақыл-ойы жоғары болады деп саналған. Нысананы дәлдеу үшін адам миында қаншама формула құрады, амал ойластырады, жоспарлайды – мұның бәрі тұнып тұрған математика. Денсаулық тұрғысынан айтсақ, садақ ату арқаны тік ұстауға, көру қабілетінің жақсаруына көп көмектеседі. Қазақтың арғы-бергі тарихында жай мен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер көп болған. Оны батырлық эпостардан, хисса-дастандардан жақсы білеміз. Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастардағы суреттер бұған бұлтартпас айғақ. Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақты ұстаса, қазақтар оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тапқаны тарихи деректер¬де бар.
Ал шариғи, діни тұрғыда қарастыратын болсақ мұнда да құптарлық көптеген ақпарат аламыз. Әділетті халифалардан болған Омар Әл-Хаттаб: «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер», – деген хадисті жеткізген. Имам Мүслімнен келген бір хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) садақ ату турасында үш рет қайталап мына сөздерді айтыпты: «Расында, күш – садақ атуда».
Моңғолдар әлі күнге баласына 5 жасқа толғанда садақ табыстап, үйрете бастайды екен. Осы тұста біз де мектеп баласына денешынықтыру сабағында садақ атуды үйретсе деп ойлаймыз. Дәстүрімізден бар спорттың түрлерін насихаттау біздің міндет. Өйткені ол біздің тарихымыз. Ол діни тұрғыдан қарағанда да, медицина секілді ғылыми тұрғыдан қарағанда да пайдалы.
Аллаға шүкір президентіміз ұлттық құндылықтарымызға ерекше көңіл бөлуде. Наурыз мейрамы биыл ерекше аталып өтуде. Алдағы уақытта садақ ату, атқа мінә секілді салт-дәтүрімізді жаңартатын көптеген ісшаралар атқарылады деп сенеміз.
Садақ ату - шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты етеді. Сондықтан балаңызға садақ атуды үйретіңіз. Бұл әрі спортты қолдау әрі сүннетке амал ету болады.
Айта кетейік елімізде "ҚР садақ ату, арбалет және дартс федерация" жұмыс жасайды. https://olympic.kz/ деген сайттары бар. Ақпаратты елімізде қара домалақ садақшыларымыз көп болсыншы деген нниетпен салып отырмыз.
Елін, жерін, тілін, дінін сүйген қазақ балаларымыз көп болсын!
Нуров Махмудқажы Нурұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имамы
Пікірлер