Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Оразаңды Құранмен көркем ет
21 наурыз, 2024 жыл 111 Басып шығару нұсқасы

Қасиетті рамазанның үштен бір бөлігі өтіп те кетті. Алда аз уақытта қалған күндерді көркем де сәнді ету сіз бен біздің қолымызда. Ол үшін әр күні әр сәтте Алланың еске алып жүру керек. Алланы еске алу әртүрлі амалдар арқылы жүзеге асса керек. Соның бірі әрі ерекшесі – Құран оқу! Құранды, яғни Алланың сөзін оқу арқылы біз тікелей Алламен байланыста боламыз. Намаздағы секілді Құран оқу арқылы да біз Аллаға жақын боламыз. Бұл айда Құран оқушы ең бақытты жан. Себебі Құранның әр әрпіне сауаптар еселеніп жазылады. Құран оқу арқылы жаны тынышталады, сауаптар жинайды, күнәлар кешірілуіне себеп болады. Осы және ақыреттік дүниесін көркем етеді. Мұсылман бар құлшылығын жалғыз Аллаһ Тағаланың разылығы үшiн орындайды. Ал құлшылығын жалғыз Аллаһ Тағаланың разылығы үшiн орындау дегенiмiз – жаны мен тәнiн, бүкiл өмiрi мен тiршiлiгiн Аллаһ Тағалаға арнау. Осы жағдайда ғана адам баласы Жаратушысының кәмiл разылығы мен қамқорлығына лайық бола алады.

Алла Тағала Құран оқушыны көптеген сүйіншілерімен қуантады:«Солар – иманға келгендер және Алланың еске салуымен (Құранмен) жүректері тыныштық тауып, орныққандар. Біліңдер! Жүректер Алланың Еске салуымен (Құранмен) тыныштық тауып, орнығады» «Рағыд» сүресі, 28-аят. Тәпсір саласының бірқатар ғалымдары аяттағы «Еске алуды» Құран деп түсіндіреді. Құран аяттары және ондағы хикметті өсиеттермен танысқан жүрек онымен тыным тауып, орнығады. Өйткені, ол аяттар бұлжымас ақиқатты, көз жеткізер айғақ, дәлелдермен куәландырады. Мұның бәрі адам жүрегіне тыныштық әрі айқын сенімділік сыйлайды. Бұл ілімді кемшілігі болмаған әрі кемел сипаттарға ие Құраннан ғана табуға болады.

Құранды оқу тазалықты, ықыласты қажет етеді. Яғни дәретпен, шынайы ниетпен оқу лазым. «Саған аяттарын ойлансын әрі ақыл иелері үгіт алсын деп мүбәрак бір Кітап түсірдік» («Сад» сүресі 29 аят). Осы аятқа амал ету қажет. Құранға махаббат – Алла Тағала мен оның сүйікті Елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббаттан туындайды. Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Кімде-кім Алла Тағаланы және Оның Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көруді қаласа, өзінің Құранға деген махаббатына қарасын. Егер ол Құранды жақсы көрсе, онда шынымен де Алла Тағаланы және Оның Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  жақсы көргендігі», – деген. Құранға ғашық адам оны оқыған кезде жүрегі ерекше күйге түсіп, одан рухани ләззат алады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранды естуді ерекше жақсы көріп, өзгенің оқығанын естігенде көзін жас кернеп, ерекше әсерленетін болған. Даналардан қалған мынадай қанатты сөз бар: «Құран оқыған алғашқы кезімде одан ешқандай әсер алмайтын едім. Кейін оқи беріп, бейне бір Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына Құран оқып жатқандай күйді сезініп, әсер алатын болдым. Құранды үздіксіз оқу арқылы Жебірейіл періште Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран түсіріп, аяттарын үйретіп жатқанын сезінетіндей әсерде болдым. Одан кейінгі оқығандарымда бейне бір Жаратушымен тілдесіп отырғандай күйге түстім. Осы кезде Құранның шынайы ләззатын сезініп, оны оқымайынша сабыр сақтап тұра алмайтын болдым». Хазіреті Осман (Алла оған разы болсын) осы себепті: «Жүректерің тазарған болса, Жаратушыларыңның сөзі Құранға тоймайтын едіңдер», – деп айтқан.

Ендеше, Құранды оқығанда, тыңдаған кезіміздегі жүрегіміздің қандай күйде болатындығына мән беру аса маңызды. Жүрегі Жаратушысы мен Оның елшісіне  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббатқа толы адам, Алла Тағаланың кәләмі оқылып жатқанда бей-жай күйде болмауы тиіс.

«Рамазан – Құран айы» дегенді әрдайым жадымызда сақтау керек. Өйткені бұл айда Құран көп оқылады, әлем нұрға бөленеді. Әрбіріміздің биылға рамазанымыз да нұрға бөленсін. Алла Тағалам оқыған Құрандарымызды қабыл еткей!

 

 

Нуров Махмудқажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы



 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары