Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ихсан – рухани тәрбие негізі: тәубе
17 сәуір, 2024 жыл 109 Басып шығару нұсқасы

Ихсан – тәубе туралы ілімнің бір ұшын ұстап тұрған қайнар көз. Тәубе ету, тәубеге келу жақсылықтың есігін ашады. Ғибратты оқиғаны мысал етсек:

Бір ақсақал ғұлама шәкірттерімен әңгіме барысында: «30 жыл бұрын «Әлхамдулиллаһ» дегенім үшін 30 жыл бойы тәубе сұрап келемін» дейді. Шәкірттері таң қалып, мұның мәнін сұрағанда, әлгі ақсақал былай деп түсіндіреді: Сауда орнында үлкен өрт шығып, көптеген саудагерлердің дүкендері өртеніп, иелері үлкен шығынға ұшырады. «Сенің дүкеніңе ештеңе болмапты» деген хабар маған жеткенде мен оған абайсыздан «Әлхамдулиллаһ» деп қалдым.  Кейін осы әрекетіме қатты өкіндім. Мұсылман бауырларымның мал-мүлкі жанып кеткен кезде, өзімдікі аман қалды деп шүкір еткенім шынайы мұсылмандыққа жараспады, қатты қиналдым, еңіреп тәубе еттім. Кейін өрттен зиян көрген мұсылман бауырларыма ортақтас болайын деген мақсатпен, дүкенімдегі барлық заттарды кедейлерге таратып берсем де, сол күннен бері, яғни 30 жыл бойы тәубе етсем де, әлі де жаным тыныштық таппады. Мен өлген кезде, ешкім білмейтін, адам жүрмейтін бір жерге апарып жерлеулеріңді сұраймын. Топырақ мені қабылдамай, достарымның алдында ұят болып қала ма деп қорқамын» деген екен.

Тәубе сөзінің мағынасы «қайту, оралу» дегенді білдірсе, қолданыстағы шариғи ұғымы «пенделікпен жасаған күнәсына шынайы өкініп, оны қайталамауға бел буу» деген сөз.

Алла Тағала Құрани Кәрімде: ««Алланың қабылдаймын деп уәде еткен тәубесі – жамандықты білместікпен істеп алып, одан соң көп ұзамай (өлмей тұрып) түзелген адамның тәубесі. Алла олардың тәубесін қабыл етеді. Ол барлығын біліп тұрады, әрі хикметпен іс істейді. Тірлігінде жамандық жасаудан тыйылмай, өлер шаққа келгенде, яғни өлер алдында «енді тәубе етемін» деушілердің тәубесі және кәпір қалпында өлгендердің тәубелері қабыл болмайды» («Ниса» сүресі, 17-18-аяттар).  Осы аятқа сүйенген жоғарыдағы ғибратты оқиғадағы кейіпкер неткен бақытты еді дерсің. Сондай ақ, аяттың соңында айтылғандай істеген қателігіне кешірім сұрауға үлгермей кетіп жатқандар бар. Білместіктен тәубе етіп үлгермеу кешірімді шығар, ал біліп тұрып қасақана кешірім сұұрамау, күнәсі үшін өкінбей үлкен қауіп. Өкінішке орай кейбір жандар өздерін күнәсізбіз деп санауы қателік екенін білуі тиіс. Адам күнәсіз болса, оның жаратылу мақсаты қалмайды. Себебі күнәсіз жаратылыс иесі періште. Адамның жаратылу мақсатының бірі күнә істеп, жасаған ісі үшін Жаратушыдан кешірім сұрап, тәубе ету.

Алла пендесіне тәубе ету мүмкіндігін берді. Яғни адамға жасаған күнәсі үшін кешірім сұрау мүмкіндігі берілген. Пенде қандай күнә жасамасын, үмітсіздікке салынбауы керек. Алланың рахымы шексіз.  «(Ей, Мұхаммед) айт: Ей, өз бастарына залал келтірген пенделерім! Алланың рахымынан үміт үзбеңдер. Алла (қалаған адамның) барлық күнәсін кешіреді. Ол өте кешірімшіл, асқан мейірімді» (Зумар сүресі, 53 аят). Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ күнәдан пәк болғанымен үнемі тәубе мен истиғфар жасайтын. Ал біз күнакар пенде ретінде Пайғамбарымыздан ﷺ да артық етіп тәубе мен истиғфар жасауымыз қажет.

Ихсан ілімінің бір тармағы боп таралған осы тәубе тақырыбы өте  кең ауқымды алады. Сондықтан да бұл туралы  «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабында жазылып, кең ауқымда қамтылған. Сонымен рухани тәрбие негізі болып табылатын ­Ихсан ілімі кітап оқырман қауымға жол тартты.  Ілім іздеген әр жанға мол сауаптан болсын!

 

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары