Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ихсан туралы не білеміз?
15 мамыр, 2024 жыл 44 Басып шығару нұсқасы

  «Ихсан» сөзі қандайда істі көркем түрде жақсылап жеткізуді білдіреді. Құран Кәрімнің «Сәжде» сүресінің жетінші аятында «Алла жаратқан барлық нәрсені ең көркемімен жаратты» дегенде «ихсан» сөзін қолданған. Мәдениеттілік жайында жазылған әдебиеттерде ихсанды көбінесе «Парыз болған амалдармен қоса алғанда міндет болмаған басқа да игі амалдарды шынайы ықыласпен және сүйіспеншілікпен жасау» деген мағынада қолданады.

Қолданыста Ихсан жасаған адамды «Мухсин» деп айтып жатады. Кей жағдайларда бұл сөздің мағынасын толық түсінбегендіктен орынсыз қолданылып қалатын кездері де бар. Яғни «Мухмин» мүмін мұсылман деген мағынада қодлданылып кетеді. Бірақ екеуінің мағынасы екі түрлі. Құран Кәрімде «Кімде-кім Алланы құрметтесе (тақуа болса) және сабырлы болса, Алла жақсылық жасаушылардың (мухсинин) сауабын еш уақытта да азайтпайды» («Жүсіп» сүресі 90-аят.) деген аятта ихсан мен тақуаның қаншалықты байланысты екенін көрсетеді. 

Құран Кәрімде «ихсан» сөзі жетпістен астам аятта Аллаға да, адамдарға да қатысты түбір сөз, етістік және зат есім түрінде айтылған. Бұл аяттардың кейбірінде «Біреуге жақсылық жасау» немесе «Жасаған ісін ең көркем етіп жасау» деп қолданса, басым көп жерінде ешқандай сипаттамасыз келеді. Алла елшісінің сөз қоданысында да «ихсан» сөзі көркемдік, аса сұлу, пәк, шынайылық мағыналарында берілген.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Жәбірейіл хадистерінің бірінде: «Ихсан Алланы көріп тұрғанындай ғибадат ету. Өйткені сен Оны көрмесең де, Ол сені көреді» келеді (Бұхари).

Бірде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен сұх­баттасып отырғанда бір кісі келіп: «Иман дегеніміз не?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Иман дегеніміз – Аллаға, Оның періштелеріне, пайғамбарларына, Алламен кездесуге, қайтыс болғаннан кейін қайта тірілуге сену» деп жауап береді. Сонда әлгі кісі: «Ислам дегеніміз не?» деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам дегеніміз – Аллаға құлшылық ету, Оған ешнәрсені серік қоспау, намаз оқу, парыз болған зекетті беру, рамазан айында ораза ұстау және қажылық жасау» деп жауап береді. Сұрақ қоюшы: «Ихсан дегеніміз не?» деп сұрағанда әз Пайғамбар: «Сені көріп тұрғандай Аллаға құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де Ол сені көріп тұрады» дейді.

Біз осы хадистен «ихсан» ілімінің негізгі мәні Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету екенін түсінеміз. Біз Алланы көрмесек те Ол бізді көріп тұрғандай сеніммен құлшылық ­жасауымыз керек. «Ихсан» ілімі адамды тақуалыққа тәрбиелейді.

Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің имамы Әсет Наурызбайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары