Біз үшін дара, көркем мінез иесі Расулалланың (с.а.с.) өміріне көз жібергенімізде, барлық іс-әрекеттерінде басар мен басиретке қайшы ешқандай мәселе жоқтығы байқалады. Әрі осы ақиқатты бізге білдіру, әрі ол кемел жолбасшыны үлгі алуымыз үшін Алла тағала Құран Кәрімде елшісіне былай деп айтуды бұйырады: «Былай де: Міне, менің жолым осы. Мен Аллаға соқырша емес, көрегендікке негіздеп шақырамын. Маған ергендер де осылай…» (Юсуф сүресі, 12/108) Бұл тұста Алла ардақты пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уә сәлләм), әрі ізінен жаңылмай оның соңынан ергендердің үндеуін көрегендікке сүйеп жасағандарын әрі жасауы керектігін білдірген. Бұның мағынасы болса, жасалатын үндеудің біліп, көріп, естіп жасалуы әрі кездесуі мүмкін мәселелерді есепке ала отырып, бұлардың әрбірі үшін балама шешімдер әзірленуі деген сөз. Тіпті кездескен мәселеге тек бір шешім ғана ойластырмай, жағдайға қарай екі, үш, төрт немесе одан да көп балама шешімдер әзірленуі тиіс. Неге десеңіз, шешім жолдары қаншалықты көбейсе, мәселе сол шамада дұрыс қолға алынып, яғни дұрыс ақыл, дұрыс жүрек, дұрыс жан-сезімнің талабына сай әрекет жасалған болады. Бұл аят пайғамбарлар падишасымен (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) қатар оның соңынан ергендердің де үндеуін көрегендікпен жасағанын, жасауы керектігін білдіруде. Иттиба (араб тілінде) біреудің соңынан еру, ізінен жаңылмау, артынан жүру деген мағынаны білдіреді. Пайғамбарымызға лайықты түрде ергендердің әуелгісінде Әділетті халифалар тұр. Расында Расулалла (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) олардың бұл ерекше жағдайына назар аудару үшін былай деген: فَعَلَيْكُمْ بِسُنَّتِي وَسُنَّةِ الْخُلَفَاءِ الرَّاشِدِينَ الْمَهْدِيِّينَ عَضُّوا عَلَيْهَا بالنَّوَاجِذِ «Сіздер менің әрі тура жолдағы Әділетті халифалардың жолын ұстаныңыздар. Азу тіспен тістегендей етіп бұл жолдан айрылмаңыздар» (Tирмизи, Илим 16; Әбу Дәуіт, Сүннет, 5; Ибн Мәжә, Мұқаддима 6)
Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) бір хадис шәріпте «Әрбірің малшы тәріздісіңдер, қоластыларыңдағылардан жауаптысыңдар» (Бұһари, Жұма, 11; Mүслим, Имарат, 20) деген сөзімен адамдардың жауапкершіліктеріне назар аудартқан. Әркімнің жеке, отбасылық және қоғамдық өмірі тұрғысынан түрлі-түрлі міндеттері бар. Біреу отбасы, біреу аудан, бірі қалашық, бірі қала, енді бірі ірі мемлекет үлкендігіндей жауапкершілікке ие болуы мүмкін. Осы тұрғыдан әр адам деңгейіне қарай түрлі салаларда жауапты болған адамдарын басқару, бағыттау, олардың тәрбиесімен айналысу міндетімен ұшырасады. Мойнына артқан жауапкершілікті толықтай орындау болса, жоғарыда сәл де болса түсіндіруге тырысқан көрегендік шамын қолға алып әрекет етумен байланысты.
Сахабаның көрегендік өресі
Әуелде Алла елшісінен бастап (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) кейіннен оның ізінен ерген ардақты сахабалардың өмірін айтарлықтай көрегендікпен өткізгенін айтуға болады. Олай болмаса, мейлі Бақытты ғасырда, мейлі Әділетті халифалардың ел басқарған кезеңінде белең алған сонша келеңсіздіктерді біржақтылы ету мүмкін болмас еді.
Хазірет Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһу) атқарған істеріне қарағанымызда, әрбірін атқару үшін жоқ дегенде он бес, жиырма жыл қажет екені байқалады. Бірақ оның халифалығы екі жылдан сәл ғана асқан. Барлық істерін осы аз ғана уақытқа сыйғызған. Бұл не деген парасаттылық, бұл не деген көрегендік, бұл не деген сұңғылалық десеңізші?! Иә, сахабаларымыз биік көрегендігі бар жандар болғандықтан, оқиғаларға дұрыс қарап, дұрыс бағалап, Алланың қалауымен дұрыс шешім де қабылдай білген. Қандай да бір туындауы мүмкін келеңсіздіктің өзіне он түрлі балама шешімдер әзірлеген. Осы себепті жауапкершіліктеріне алған міндеттерін еш кемшіліксіз орындаған.
Әрине, Пайғамбарымызға ергендер тек сахабалармен шектелмегендіктен, кейіннен келген Мұхаммед үмбетінің де аятта айтылғандай, жұртты көрегендікпен Алла жолына шақыруы әрі бүкіл істерін көрегендікпен қолға алуы керек. Неге десеңіз, мәселелер дұрыс ақыл, дұрыс жүрек әрі дұрыс сезіммен қолға алынбаған жағдайда келеңсіздіктерді шешу мүмкін емес.
Құран Кәрім бізді әр оқиғада көрегендікпен әрекет етуге шақырғанына қарағанда, біздер адамдардың табиғатын оқып, мінез-құлықтарының сараптамасын жасап, бір жағынан геосаяси жағдайларын жақсы анықтап, отыз жылдан кейін туындауы мүмкін оқиғалардың өзін қазірден көруге тырысуымыз керек.
Нуров Махмуд қажы Нурұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имамы
Пікірлер