<Кім жәннатқа кірсе, өлмей мәңгі тірі болады. Олардың киімдері тозбайды, сондай-ақ әрдайым жас болып, қартаймайды. Жәннаттың кірпіштері күміс пен алтыннан, сылақтары хош иістен, жері шафраннан,тастары гауһар және жақұттан>. (Хадис).
Бұл дүниедегі барлық жәннат ұғымын азды-көпті біледі, түсінеді. Өйткені жәннат сөзінің өзі адам баласына бұл өмірде қуаныш сыйлайтын, көңіліңді жұбатып, бақытты ғұмырға жетелейтін, ал о дүниеде әрбір пенде аңсайтын мекен.
Адам баласы бұл дүниеде жәннатты көре алмағанымен, Құран және хадистерде келген мәліметтер бойынша сенеді, иланады. Соның негізінде жәннатты аңсайды,《соңғы тұрағымның мекені болса》 деп армандайды.
Ислам діні бойынша жәннат жаратылған және ол қазір бар. Мұсылман баласы 《жәннат Алланың қалауымен мәңгі қалады, ол бар, ешуақытта жоғалып кетпейді》деп иман келтіруі тиіс. Сонда ғана оның иманы дұрыс әрі кәміл болады.
Жаратқан Алла Тағала пенделерін бұл өмірде бостан-босқа жаратқан жоқ. Адамзат бұл дүниеде ақыреттегі мәңгілік өмір үшін жаратылады. Пенде бұл дүниеден өтуімен не жәннаттық болады, не тозақтық болады. Кім соңғы тұрағының жәннат болуын қаласа, бұл өткінші өмірде өзінің жастық шағын, денсаулығын, байлығын, бос уақытын сауапты амалдарды жасаумен өткізуі қажет.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
《Раббыларыңның кешіріміне, кеңдігі жер мен көктей болатын, тақуалар үшін әзірленген жәннатқа ұмтылыңдар》деген (《Әли Имран》сүресі, 113-аят).
Жәннат – иман келтіріп, Алладан қорқатындардың орны. Алла Тағала ол жайында бірнеше аятта мысалдар келтірген. Солардың бірі《Сәжде》 сүресінің, 17-аятында:
《Ешбір жан иесі істеген ісінің сауабы ретінде олар үшін көзайымдардан (жұмақ қызықтарынан) не жасырылғандығын білмейді》, - деген.
Сондықтан мәңгілік өмірде бақытты болуымыз үшін бұл қамшының сабындай қысқа өмірде ақырет жұртына ізгі іс, сауапты амал істеп, дайындықпен баруымыз керек. Алла Тағала Құранда: 《Негізі дүние тіршілігінің рахаты ақыреттің жанында (түкке тұрғысыз) аз》деген (《Тәубе》 сүресі, 38-аят).
Жәннат – Алла Тағаланың салиқалы және әміріне бой ұсынған пенделері үшін дайындалған нығмет. Алла Тағала келесі аятта: 《Тақуаларға: 《Раббыларың не түсірді?》делінгенде, олар: 《Игілік》, - дейді. Көркем іс істегендерге осы дүниеде жақсылық бар. Ал ақырет жұрты одан да қайырлы. Тақуалар жұрты (жұмақ) қандай керемет. Олар (тақуалар) кіретін жәннат – астарынан өзендер ағатын《Адын》бақтары. Онда олар үшін қалаған нәрселер бар. Алла тақуалардың тартуын осылай береді》, - деп айтқан (《Нахл》сүресі, 31-аят).
ҚМДБ – Қарағанды облыс ыбойынша Жастар ісі секторының меңгерушісі Думан Қамариденұлы
Пікірлер