Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Тәубе - рухани жаңару, қайта оралу
25 қараша, 2024 жыл 25 Басып шығару нұсқасы

«Күнәға тәубе етпеу - күнәні істегеннен де жаман» (Жағфар ибн Синан)

 

Алла тағала жаратқан мақлұқаттарының ішінде мүлде күнә жасамайтын жаратылыс иесі періште және исмат сипаты бар, яғни күнә жасаудан Алланың құдіретімен сақталған пайғамбарлар ғана. Ал азғын және тәубесі қабыл болмайтын жаратылыс иесі ол - шайтан.

Адам баласы періште де емес, шайтан да емес. Себебі нәпсі оны үнемі жамандыққа итермелеп тұратындықтан жаза басып, қателеспеуі мүмкін емес. Алайда Алла Тағала адам баласына күнәсынан арылып, құлан таза болуы үшін, «тәубе»,- деген есікті өз кеңшілігімен ашып қойған.

«Тәубе» сөзінің мағынасы «қайту, оралу»,-дегенді білдірсе, қолданыстағы шариғи ұғымы «пенделікпен жасаған күнәсына шынайы өкініп, оны қайталамауға бел буу»,-деген сөз.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Барлық Адам атаның балалары - қателесуші. Солардың ішіндегі ең жақсылары - істеген қателіктері үшін тәубе ететіндері», - деген (Имам ибн Мәжа)

Расында да адам баласы қателесуші, бірақ тәубе етуші де болу керек. Өйткені Адам атамыз (оған Алланың сәлемі болсын) өз қателігін мойындады, тәубе етіп, Алладан кешірім сұрады. Алайда оны азғырған шайтан тәубе еткен жоқ, қателігін мойындамады, тәкаппар болды. Сол сияқты адам баласы өткеніне өкініп, тәубе етсе, Адам атасына ұқсағаны, ал тәубе етпесе, шайтанға ұқсап тәкаппар болғаны. Қасиетті Құранда:

«Уа, мүминдер! Бақытқа жетіп құтыламын десеңдер, барлығың бірдей Аллаға тәубе етіңдер» деген («Нұр» сүресі, 31-аят).

Тәубе ету - адам баласының жаратылысында бар қасиет. Олай дейтініміз, әу баста Адам (оған Алланың сәлемі болсын) Алланың сынағына тап болып, тыйым салынған жемісті жеп қойған қателігі үшін тәубе етті. Алла тағала оның тәубесін қабыл алды. Жоғарыда атап өткеніміздей, адам баласы нәпсі мен шайтанның жетегіне еріп қателесуі әбден мүмкін. Алайда жасаған қатесін жуып-шаятын «тәубе»,- деген «сабынды» қолдануы тиіс. Бұл - пенде үшін таптырмайтын мүмкіндік.

 

ҚМДБ – Қарағанды облыс ыбойынша Жастар ісі секторының меңгерушісі Думан Қамариденұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары