Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Шүкіршілік – нығметтің кілті
16 қаңтар, 2025 жыл 40 Басып шығару нұсқасы

Шүкіршілік – нығметтің кілті

Қасиетті Құранда шүкіршілік жасаудың маңыздылығы бірнеше рет айтылады. Соның бірі «Ибраһим» сүресінің 7-аятында Алла Тағала: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты» деп баяндайды. Бұл аятта шүкір етудің адам өміріндегі орны мен оған берілетін нығметтің еселене түсетіні анық көрсетілген.

Бізге шүкір етуге себеп болатын нығметтер сансыз көп. Адам өмірінде кездесетін әрбір игілік – Алланың шексіз мейірімінің көрінісі. Құран Кәрімде бұл туралы «Нахл» сүресінің 18-аятында: «Егер Алланың нығметтерін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар» деп айтылады. Расында, тыныштықта өмір сүріп, деніміз сау болып, күнделікті ішіп-жеміміз жеткілікті болса, одан асқан бақыт бар ма?

Алланың сансыз нығметтерін бағалай білуді Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу әлейһи уа сәлләм) хадистерінде де ерекше атап өткен. Ол бір хадисінде былай дейді: «Кім таңды тыныштықта қарсы алса, дені сау болса және бір күндік азығы болса, ол адамға бүкіл дүние берілгендей болады». Бұл хадис адам баласының шынайы бақыт пен береке үшін көп нәрсеге мұқтаж еместігін, негізгі қажеттіліктердің өзі – зор нығмет екенін түсіндіреді.

Шүкірсіздік – берекенің кетуіне себеп

Адамның денсаулығы сыр беріп, басына қиындық түскенде ғана өмірдегі тыныштық пен саулықтың қадірін түсінетіні белгілі. Ұйқысы қашқан, әл-дәрмені таусылған адам өмірден мән таппай, әр нәрседен ем іздейді. Осыған байланысты халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп айтқан. Бір күндік азықтың болуы да үлкен нығмет. Қазақтың «Арпа, бидай – ас екен, алтын, күміс – тас екен» деген сөзі адам өмірінде қарапайым нәрселердің өзі үлкен байлық екенін ұғындырады.

Алайда адам баласы көп жағдайда бар нәрсеге қанағат қылып, шүкір етудің орнына жоқ нәрсеге көңіл бөліп, наразылық білдіруге бейім. Мұндай көзқарас – берекенің кетуіне, адам өмірінің мәнін жоғалтуына себеп болады. Сондықтан біз өзімізге берілген нығметтерді бағалап, Алланың берген әрбір игілігіне шүкір етуді үйренуіміз қажет.

Шүкіршіліктің берекесі

Шүкір ету – нығметті арттырудың кілті. Бұл туралы Алла Тағала «Ибраһим» сүресінде: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін» деп уәде етеді. Шүкір етудің ең жақсы жолы – Алла берген нығметті игілікке пайдалану және айналадағы адамдарға жақсылық жасау. Шүкір етуші адам – өзінің өміріндегі әрбір игіліктің Алланың рақымымен келгенін түсініп, тәубе етеді, ризашылығын білдіреді.

Құрметті ағайын! Бізге осындай тыныштық пен берекелі өмірді, сансыз нығметтерді нәсіп еткен Аллаға әрдайым шүкіршілік етіп жүрейік. Алла баршамызды шүкір етуші құлдарының қатарынан етіп, нығметін арттыра берсін.

Шүкіршілік – адамның ішкі жан дүниесін тазартатын, өміріне береке әкелетін құндылық. Шүкір еткен жан ешқашан тарықпайды, қиындыққа сабырмен қарап, нығметтің қадірін түсінеді. Ендеше, барша нығметтер үшін Аллаға шүкір етіп, берекелі өмір сүрейік!

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары