Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Миғраж түнін құрметпен қарсы алайық
26 қаңтар, 2025 жыл 173 Басып шығару нұсқасы

Алланың қалауымен, Григориан күнтізбесі бойынша, қаңтардың 26-нан 27-не қараған түні Миғраж түні кіреді. Алла Тағала Исра сүресінде: «Пендесін бір түні оған белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрәк қылған Ақса мешітіне (исра жасатып) апарған Алла Тағала әр түрлі кемшіліктен пәк», – делінген. Аятта келген «Исра» сөзі түнде жүру дегенді білдіреді. Миғраж пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза – Алланың құдіретімен жүзеге асатын, тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді. Миғраж түні 5 уақыт намаз парыз етілді, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қиямет күні шапағат етуі мен Бақара сүресінің соңғы аяттары уақи етілді. Ол күні Пайғамбарларды көріп, оларға имам болуы, жәннат пен тозақты көру т.б. қиямет жағдайларының Алла елшісіне (с.ғ.с.) білдіруі – мұсылман үмметіне ислам дінін толық жеткізуші, пайғамбарлардың ең абзалы, соңғысы екенінен хабар беріп тұр.

Бұл түнде немесе күндізге бекітілген нақты ғибадат жоқ. Күндізгі ораза ережеп айындағы мұстахаб ораза болып саналады. Миғраж түнін нәпіл намаздар оқу, дұға-истиғфар ету, Құран оқу, зікір ету, Пайғамбарымызға салауат айту, күндіз ораза ұстау т.б. құлшылықтармен өткізіп, мешіттерде айтылатын уағыздар мен кітаптардан Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірімен жақынырақ танысуға ұмтылғанымыз дұрыс.

Осы түнде періште Жәбірейіл (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбарымызға: «Ей, Мұхаммед, Алла Тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырып жатыр», – дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен амандығы болсын) пайғамбарымызды әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Аяттағы әл-Харам мешіті дегенде Мекке қаласы меңзеледі. Әл-Ақса мешіті кезінде Мұса мен Иса және ол екеуінің арасында өткен пайғамбарлардың (Алланың оларға сәлемі болсын) қыбыласы болған. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен амандығы болсын) да Меккедегі әл-Харам мешіті қыбыла болғанға дейін Ысқақ пен Яқуб екеуі салған әл-Ақса мешітіне қарап намаз оқыған. Бұған қажылық сапарына барған бауырларымыз Мединедегі әл-Қибләтәйн (екі қыбылалы) мешітінде болғандарында көздері жетеді. «Ақса» ұзақ, алыс, бір шеттегі деген мағынаны білдіреді. Ол мешіт Меккеге қарағанда алыс, шеттегі ғибадатхана болғандықтан «әл-Ақса» деп атанып кеткен.

Әл-Ақса мешіті Алла тағала тарапынан берекелі мекен етілген. Оның хабарын аятта: «төңірегі тұнған береке», – делінді. Расында да, ол мекен мүбарак етілгендігінен Алла Тағала топырағын өте құнарлы, егіндерінің өнімін мол, ауа райын ғажап, суларын мөлдір әрі шипалы еткен. Сондай-ақ осы өлкеден көп пайғамбарлар шыққан.

Исра оқиғасы түс те, рухани серуен де емес. Ол пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өңінде денесімен, әрі рухымен жасалған сапар. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәбірейіл  маған пырақ деген жануарды жәннаттан алып келді. Пырақ есектен биік, қашырдан аласа, қадамын көз ұшы жететін жерге тастайтын жүйрік жануар екен. Оған мініп, Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) екеуміз Бәйтул-Мақдиске келдік. Мұнда бізді дүниеден өткен пайғамбарлар күтіп алды. Сахих хадистерде Алла елшісі пайғамбар бауырларымен Ақса мешітінде екі ракағат намаз оқығаны айтылады. Екі бас намазда пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) имамдыққа өтуі Ислам діні Алла Тағаланың Өз пендесіне жолдаған соңғы сөзі екендігінің айғағы. Сондай-ақ, бұл намаз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның әкелген дінінің дәрежесін көрсетеді.

Миғраж түнінен кейін Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) келіп пайғамбарымызға намаздардың уақыттары мен оның оқу тәртібін үйретеді. Сол күнге дейін ол Ибраһим (оған Алланың сәлем болсын) намаз оқығандай, күніне екі рет – таң мен кешкі уақыттарында екі ракағаттан төрт ракағат намаз оқып жүретін.

Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлық мұғжизасы исра және миғраж оқиғасын барлық мұсылмандар үлкен нығмет әрі құрмет деп қабылдаулары тиіс.

 

Құрметті жамағат! Бүгінгі түнді құлшылық ғибадатпен өткізуге тырысайық. Алла Тағала ісімізге береке, құт берсін. Еліміз тыныш болсын!

 

“Бала қажы” мешітінің бас имамы

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары