Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ата-анаңа құрмет ету - ұрпағыңа міндет
11 ақпан, 2025 жыл 124 Басып шығару нұсқасы

«Мәриям» сүресінің 41-48 аяттарында Ибраһим пайғамбар әкесі Азарды бір Аллаға иман етуге шақырады. Алайда әкесі оның сөзін тыңдамайды. Осыған қарамастан, Ибраһим пайғамбар оған сыпайы әрі құрметпен сөйлейді. Құранда бұл оқиға былай баяндалады:

«Бір күні ол әкесіне былай деді: "Әкешім! Неліктен саған еш пайдасы жоқ нәрсеге табынасың? Әкешім! Маған сен бұрын-соңды білмеген ілім берілді. Сондықтан менің сөзіме құлақ ас, сені тура жолға бастайын. Әкешім! Шайтанға құл болма. Себебі шайтан аса мейірімді Аллаға қарсы шыққан. Әкешім! Алланың азабына ұшырап, шайтанның жетегіне кетесің бе деп қорқамын"» (Мәриям, 42-45).

Ибраһим пайғамбар әкесінің жүрегін жараламауға тырысады. Ол төрт мәрте «Әкешім» деп қайталап, оның ақиқатқа келуін қалайды. Бірақ әкесі оған құлақ аспайды. Сонда Ибраһим пайғамбар: «Аман-сау бол. Раббымнан сен үшін кешірім тілеймін. Раббым маған жақсылық жасаушы» деп, сабырлық танытады.

Бұл оқиға ата-ананы құрметтеудің ең жоғары үлгісі. Біз бүгінгі жастарға ата-анаға әдептілік танытып, ізгілік көрсету керектігін үйретуіміз қажет. Бүгінгі ұрпақ білімді, жігерлі, ой-санасы терең. Дегенмен, олар ұлттық тәрбиеден алыстамауы керек. Қорқыт баба: «Қызы анадан өнеге алмаса, ұл атадан үйренбей сапар шекпес» деп, отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын атап көрсеткен.

Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ. Ер бала үшін әке тәрбиесі, қыз бала үшін ана тәрбиесі ерекше рөл атқарады. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Ер бала әкесінен ақыл, жігер, қайрат, сабырлық сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Ал ана сәбиіне жарық өмір сыйлап, мейірімі мен махаббатын аямай өсіреді. Қыз бала анасының төзімділігі мен инабаттылығын бойына сіңіреді. Сондықтан «әке» мен «ана» сөздерінің мағынасы терең әрі қасиетті.

Қасиетті Құранда ата-ананың қадірі ерекше бағаланған. Өмірде үш дұға міндетті түрде қабыл болады екен. Соның бірі – ата-ананың баласына жасаған дұғасы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ата-ананың баласына жасаған дұғасы міндетті түрде қабыл болады» деген. Бұл – өмірдің шындығы. Себебі ата-ана баласына ешқашан жамандық тілемейді.

Құран аяттарында ата-ананы құрметтеу үнемі абзал іс ретінде айтылады. «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында» деген хадис бар. Ал ата-ананы сыйламау – ең ауыр күнәлардың бірі. Тіпті, ата-анасын құрметтемеген адамның жәннатқа кірмейтіні де айтылады.

Алла Тағала Құранда: «Адам баласына әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру – отыз ай. Ақыры, ол ержетіп, қырық жасқа толған кезде: "Раббым! Өзіме, әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкіршілік етуімді, Өзің разы болатын түзу амал істеуімді нәсіп ете гөр! Менің ұрпақтарымды да түзу жолға сал. Шын мәнінде, мен тәубе қылдым. Әрине, мен бойұсынушыларданмын", – деді» (Ахкаф, 15-сүре).

Ата-ана – өміріміздегі ең қымбат жандар. Алла Тағала бүкіл ғаламды жаратқанда, оның ішіндегі ең кереметі – адам баласы. Ал сол адамзаттың өсіп-өнуі, көбеюі ата-ана арқылы жүзеге асады. Сондықтан ата-ананы құрметтеу – әрбір перзенттің басты міндеті.

Нұров Махмұд қажы Нұрұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары