Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ерлі-зайыптылардың міндеттері
13 ақпан, 2025 жыл 91 Басып шығару нұсқасы

Қазақта «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Бұл сөздің мағынасы ауқымды, терең екенін отбасы құрған жандар ғана ұқса керек. Себебі, отбасы болу тек неке қиып, бірі күйеу, бірі келін атану ғана емес. Отбасыны бүтін бір мемлекет деп алсақ, сол мемлекеттің дамуына, көркеюіне, құламауына үлкен күш жұмсау қажет болады. Ал мемлекетті мықтап ұстап тұру үшін темірдей тәртіп, өзіндік ережелер сақталған дұрыс. Отбасының әр мүшесі өз орнын біліп, міндеттерін жақсы атқарса, ол отбасының болашағы жарқын, ғұмыры ұзақ болмақ. Шариғатымыз осы отбасындағы, оның ішінде ер адамның міндетін жеке, әйел адамның міндеті жеке дара көрсетіп кеткен. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 228-аятында:

وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ

«Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында (атқарылуы тиіс)міндеттері бар», – деп айтқан. Осы міндеттердің бірнешеуін алып, тоқталатын болсақ Алланың тағы бір хикметіне көз жеткіземіз. Мысалы, ер кісіге отбасын асырау, қажетті дүниелермен қамтамасыз ету міндет болса, әйел адамға сол ерінің тапқан табысын оңды-солды шашпай, орнымен жұмсау міндетті. Ері нәпақа табу үшін түзге шығып кеткенде әйелі үйіндегі бала-шағасына, мал-мүлікке аманат етіп қарауы міндетті. Яғни, бір жағынан ері жасап жатқан істі әрі қарай толықтырып алып кетіп отыру әйел адамның міндеті болып саналады екен. Бұдан ер адам отбасын мек материалдық дүниелермен қамтамасыз етуі керек деген түсінік туындамауы керек. Әйелі, бала-шағасы Алланың берген нығметі болғандықтан олармен жұмсақ мәміле жасауы, мейірімді болуы – осы ең маңыздылардың бірі. Себебі, адам, оның ішінде жаны нәзік жаратылған бала мен жаны таза сәби бірінші жылы сөзге, жылы қабаққа мұқтаж болады. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 19-аятында:

وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ فَإِنْ كَرِهْتُمُوهُنَّ فَعَسَى أَنْ تَكْرَهُوا شَيْئًا وَيَجْعَلَ اللَّهُ فِيهِ خَيْرًا كَثِيرًا

«Сондай-ақ олармен (жұбайларыңмен) жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар, (қайдан білесіңдер бәлкім)сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алла көптеген жақсылық жасап қойған болуы мүмкін», – деп айтқан.

Қазіргі заманда уақыт өте жылдам өтіп, адамдардың көбісі жұмысбасты болып кеткені рас. Соның салдарынан баламыздың қалай ер жетіп, қызымыздың қалай бой жеткенін байқамай жатамыз. Оларға дұрыс тәрбие беріп, көңіл бөлуді де ұмытып кетеміз. Осындай маңызды сәттерді жіберіп алмас үшін отбасыға бір сәт көңіл бөлу де міндетіміздің бірі болып саналады екен. Жұмыстан келіп, ас-ауқатымызды ішіп, шаршағанымыз басылған соң балалардың басынан сипап, жанына отырып аз уақыт әңгіме құру бала үшін маңызды іс болып табылады. Балаға көңіл бөлу – Пайғамбардың сүннеттерінің бірі. Пайғамбарымыз (с.а.с) өз хадисінде: “Баласы бар баламен бала болсын”,-деп айтқан. Бұл баланың еркін, өзін керек адам ретінде сезініп өсуіне әсер етеді.

Жалпы, отбасында жоғарыда айтылғандардан бөлек атқарылатын міндеттер аз емес. Ең маңыздыларының бір бөлігіне ғана тоқталдық. Отбасы болғаннан кейін ыстығы мен суығы қатар жүреді. Әр ер мен әйел алдымен Алладан қорқып, Пайғамбарымыздың (с.а.с) отбасылық өмірін үлгіге алар болса, мәселенің шешілуі де оңай болар еді деп ойлаймын. Қазір өкінішке орай, ажырасып жатқан жастар көп. Ажырасу-Аллаға ұнамсыз амалдардың бірі. Сол себепті, отбасыны сақтап қалуға, дұрыс құруға қашан да барымызды салу керекпіз. Ол үшін әлбетте ер мен әйелдің бір-бірінің алдындағы міндеттері орындалуы өте маңызды. Алла баршамызды өзі разы болған, берекелі отбасылардан етсін, әмин!

 

МӘУЛЕН ӘБІЛХАЙЫР КӘСЕНҰЛЫ

ШАХТИНСК ҚАЛАЛЫҚ «НҰР» МЕШІТІНІҢ ИМАМЫ 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары