Тілдік нұсқа
Радио

мақала

САДАҚАНЫҢ ТҮРЛЕРІ ҚАНДАЙ?
21 мамыр, 2025 жыл 56 Басып шығару нұсқасы

     Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затқа – садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілседе ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі.

Құран Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Шексіз нығмет Иесі болған Алла мақлұқаттың табиғатында өзгеге жәрдем ету, барын бөліп беру сезімін жаратқан. 

Садақа тек қаржымен шектелмейді

Сауапты іс жасау үшін тек қаржылай немесе заттай беру міндет емес. Жақсы ниетпен жасаған әрбір ісіміз садақа болатынын мына хадистер баян етуде: 

«Әрбір жақсылық садақа» (Тирмизи)

«Жақсы сөз садақа» (Ахмад б. Ханбал)

«Күлімсіреген жүзбен сәлем беру садақа» (Бәйхақи)

«Дін бауырына күлімдеп сәлем беру садақа» (Тирмизи)

«Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйу садақа» (Муслим)

«Бауырына қарсы күлімсіреу бір садақа. Жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару да садақа. Жолдан адасқанға жол көрсету садақа, зағип жанға көмек беру садақа, жолдан тас, тікен, сүйек секілді нәрселерді алып тастау садақа, өз шелегіңнен бауырыңның шелегіне су құйу да садақа» (Тирмизи, Бирр 36).

 

Жасалатын жақсылық істің садақа болуы үшін діни тұрғыдан үш ерекшелікке ие болуы керек:

- Мұқтаж жанға беру;

- Алла разылығы үшін берілуі;

- Берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуы тиіс.

Ислам өзгеге жәрдем беруді бұйыратын дін. Адамзат тарихына үңілгенімізде, Исламға дейін бірде-бір елде жарлы мен байдың, әлсіз бен күштінің, әйел мен ердің арасындағы құқық пен теңдік болмаған. Ал ислам діні адамдар арасындағы теңдікті орнатып, бай мен жарлыны жақындатып, бір-біріне көмек қолын созуды, қарайласуды мұсылманға міндет әрі сауапты амал екенін сүйіншіледі.

Сұраушыға көмек беру

Ғалымдарымыз есік алдына келіп сұраушыны бос қайтаруға болмайтынын айтып, мына хадисті негіз ретінде ұстанған.

-وَعَنْ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِىَ اللّهُ عَنْهُما: أَنَّهُ جَاءَهُ سَائِلٌ: فَقَالَ لَهُ اِبْنُ عَبَّاسٍ: أَتَشْهَدُ أَنْ َلا إِلَهَ إِّ لااللّهُ و اَنَّ محمدًا رسولُ الله؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: فَتَصُومُ وَتُصَلِّي؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: سَأَلْتُ وَلِلسَّائِلِ حَقٌّ، إِنَّهُ يَحِقُّ عَلَيْنَا أَنْ نَصِلَكَ. فَأَعْطَاهُ ثَوْبًا وَقَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَكْسُو مُسْلِمًا ثَوْبًا إِلاّ كَانَ فِي حِفْظِ اللّهِ تَعَالَى مَا دَامَ عَلَيْهِ مِنْهُ خِرْقَةٌ. أخرجه الترمذي.

Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша бірде оған бір қайыршы келгенде одан: «Алладан басқа тәңірі жоқ екендігіне және Мұхаммед (с.а.у.) Оның елшісі екеніне куәлік етесің бе?» - деп сұрайды. Қайыршы: «Иә», - дейді. Ибн Аббас: «Ораза ұстайсың ба, намаз оқисың ба?» - дейді. Әлгі адам: «Иә», - деп жауап береді. Ибн Аббас: «Сен сұрадың, сұраушының ақысы бар. Бізде сұраушыға беру міндетіміз», - деп оған бір киім береді. Сөзін жалғастырып былай дейді: «Алланың Елшісінен (с.а.у.) былай дегенін естідім: «Бір мұсылманға киім кигізген әрбір мұсылман Алланың қорғауында болады. Сол киімнің бір бөлшегі оның үстінде болғанша» (Тирмизи, Қиямат 42).

Садақа Алланың ашуын басады

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الصَّدَقَةُ تُطْفِئُ غَضَبَ الرَّبِّ وَتَدْفَعُ مِيتَةَ السُّوءِ. أخرجه والترمذي.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бойынша: «Алланың Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады» (Tирмизи, Зәкат 28)

Садақа апаттан, тозақтан сақтайды

Алиден (р.а.) риуаят бойынша былай дейді:

وَعَنْ علي رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:  بَادِرُوا بِالصَّدَقَةِ فَإِنَّ الْبَلاَءَ لاَ يَتَخَطَّاهَا

«Алланың Елшісі (с.а.у.): Садақа беруде асығыңдар. Өйткені апат садақадан оза алмайды», - деді.  (Ибраһим Жанан, Хадис ансиклопедиси Кутуб-и ситте. Акчаг баспасы. – Истанбул. 9 том. 3262 хадис).

«Жасырын берілген садақа Алланың ашуын қайтарады» (Бәйхақи)

وَعَنْ عدي بن حاتم رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ اِتَّقُوا النَّارَ وَلَوْ بِشِقِّ تَمْرَةِ.

Ади ибн Хатимнен (р.а.) риуаят бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жарты құрма болсада беріп оттан сақтаныңдар», - деді (Ибраһим Жанан, Хадис ансиклопедиси Кутуб-и ситте. Акчаг баспасы. – Истанбул. 9 том. 3265 хадис).

Жақсы көрген нәрседен садақа беру

Аллаға жақын пенде бола білу үшін жақсы көрген нәрсемізді садақа етіп беру керектігін мына аят баян етеді:  

لَن تَنَالُواْ الْبِرَّ حَتَّى تُنفِقُواْ مِمَّا تُحِبُّونَ وَمَا تُنفِقُواْ مِن شَيْءٍ فَإِنَّ اللّهَ بِهِ عَلِيمٌ

«Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады» (4.Али Имран-92).

Әбу Талха есімді сахаба мадиналық дәулетті кісілердің бірі еді. Ол дүние-мүлкінен Пайғамбар мешітінің алдындағы «Бәйраха» деп аталатын бауын ерекше жақсы көретін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сол бауға жиі баратын, сондағы қайнардан мейірі қанып су ішетін. Бірде «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де, Алла оны толық біледі» деген «Али Имран» сүресінің 92-аяты түскен соң, Әбу Талха Пайғамбарымыздың құзырына барып: «Алла кітабында: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» деп бұйырады. Менің ең жақсы көретін дүнием – «Бәйраха» бауы. Ол бүгіннен бастап Алла үшін садақа болсын. Бұл садақаның қайырлы және Алла құзырында оның таусылмайтын ақырет азығы болғанын тілеймін. Ей, Алланың Елшісі! Бұл бауды қалауыңызға қарай игілігіңізге жаратыңыз», - деп, садақа етеді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Сені құттықтаймын. Табысты дүние деген міне осы. Сені естідім Әбу Талха. Оны туыстарыңа бергенді жөн санаймын», - деді. Әбу Талха да: «Ей, Алланың Елшісі. Солай жасайын», - деп, аталған бауды кейбір туыстары мен немере ағайындарына бөліп береді. (Бухари, Зәкат 44; Муслим, Зәкат 42).

Иә, ардақты сахабалар осындай теңдессіз жомарттықты жасай білді! 

Садақаны кезкелген уақытта беру

Садақа беру үшін арнайы уақыт пен сәт жоқ. Көңілден шыққан, беруге ниет еткен затты Алла разылығы үшін күндіз де, түнде де, жасырын да, ашық та беруге рұқсат.

الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُم بِاللَّيْلِ وَالنَّهَارِ سِرّاً وَعَلاَنِيَةً فَلَهُمْ أَجْرُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ وَلاَ خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلاَ هُمْ يَحْزَنُونَ

«Мал-мүліктерінен күндіз-түні, жасырын немесе ашық садақа беретіндердің сауабы Алланың құзырында дайын. Оларға қауіп-қатер, қайғы болмайды» (2.Бақара-274).

Осы аятқа сәйкес Хазіреті Али (р.а.) бірде 4 дирхам ақшасын садақа етуді ниет етеді. Негізінде одан басқа ақшасы да жоқ еді. Сол ақшасының 1 дирхамын түнде, 1 дирхамын күндіз, 1 дирхамын жасырын, 1 дирхамын ашық түрде садақа етіп береді. Оның бұлай істегенін естіген Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Неге бұлай істедің?» - деп сұрайды. Сонда Хз. Али (р.а.): «Раббымның уәде еткен сауабына қол жеткізе білу үшін», - деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ойлағаныңа қол жеткіздің», - деп сүйіншілейді. (Уахиди. 95 бет).

Садақаның қайтарымы еселеп қайтады

Алла шын ниетпен берілген садақаның қайтарымын еселеп беретінін бұйырады. Бұған қатысты аяттарда былай дейді: 

«Алла жолында мал-мүлкін садақа қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла дархан, бәрін білуші»(2.Бақара-261).

مَن جَاء بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا

«Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» (6.Әнғам-160)

وَمَا أَنفَقْتُم مِّن شَيْءٍ فَهُوَ يُخْلِفُهُ وَهُوَ خَيْرُ الرَّازِقِينَ ... 

Алла жолында берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады» (34. Сәбә-39).

Садақа Аллаға берілген қарыз

Алла адамға берген нығметінен өзіне қарыз беруін және қайтарымын еселеп беретінін ескертеді. Бұл жайында аятта: 

«....Парыз намазын оқыңдар, зекет беріңдер, Алла үшін қарыз-несие атаңдар. Сендер өздерің үшін қандай бір жақсы іс істесеңдер Құдай алдында тіпті керемет, тіпті зор сауапқа қолдарың жетеді...» (Музәммил-20) – деп бұйырады. Ал мына аятта болса:

«Кімде кім Алла үшін қарызды көп берсе, оның бодауын Алла әлденеше есе көп етіп қайтарады. Алла біреуді кең, біреуді тар қылады. Сендер Алла құзырына қайтып барасыңдар» (2.Бақара-245) дейді. 

Аллаға қарыз беру деген Алла үшін садақа беру деген сөз.

Садақаның пайдасы

Садақа берген сәтте өзгелер үшін пайдасы болған амал ретінде көрінгенімен негізінде берген адам үшін пайдасы мен сауабы мол. Садақа адамға мейірімділікті, нәпсіні тәрбиелеуді үйретеді әрі мал-дүние мен жүректі тазалайды. Ал ақыретте сауапты амал жасау мүмкін болмаған сәтте берген садақасының сауабы жұмаққа жетелейтін болады.

Пенде дүниеден озғанда мал-дүниесі жайында қиындыққа тап болып, жиған-терген дүниесі артында қалғанымен сол үшін есепке тартылатын болады. Ал дүниесінен садақа берсе, есебін беру жеңіл болмақ.

Өзгеге қол ұшын беру мен садақа берудің ең маңыздысы өзі мұқтаж бола тұра барын бөліп беруі болмақ. «Кімде кім адал жолмен тапқан табысынан бір құрмадай садақа берсе, Алла ол садақасын қабыл етеді. Содан кейін оны таудай болғанша, яғни сендерден біреуіңіз тайын өсіргендей иесіне барынша үлкейеді», - дейді. (Бухари, Зәкат 8; Муслим, Зәкат 63).

Садақа берудің 10 пайдасы бар: осы дүниедегі 5 пайдасы

  1. Мал-дүниені тазартады;
  2. Күнәларды өшіреді: «Су отты сөндіргендей садақа да күнәларды өшіреді» (Тирмизи)

«Садақа тәкәппарлықты жояды» (Тирмизи)

  1. Ауру мен апаттан сақтайды: «Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады» (Бәйхақи риуаяты)

«Садақа беруде асығыңыздар. Өйткені апат садақадан оза алмайды» (Табарани, Бәйхақи)

  1. Мұқтаж жанды қуантады;
  2. Ризықты арттырып, табысқа берекесін береді:

«Садақа бергеннің ризығы артып, дұғасы қабыл болады» (Ибн Мәжа)

«Азда болса садақа беріңдер. Ақшасын тығып бермегенге, Алла да нығметін азайтады»(Муслим)


Садақаның ақыреттегі 5 пайдасы:

  1. Қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады: «Садақа қабір азабынан сақтайды. Қияметте иесін өз қамқорына алады» (Бәйхақи)
  2. Тозақтан құтқарады: «Жарты құрма болса да садақа беріп, тозақтан сақтаныңдар» 
  3. Таразыда сауабы басым болады;
  4. Сырат көпірінен өтуі оңай болмақ;
  5. Дүниесінің есебін беруде жеңіл болмақ.

  Садақа беруде мән берілуі тиіс жайттар

Мұсылман пенде қолғабыс жасау мен садақа беру барысында кейбір мәселеге көңіл бөлгені жөн:

– Жақсылықты Алла разылығы үшін жасау. 

«Ал сендер қандай қайыр-садақа берсеңдер де ол өздерің үшін, тек оны Алланың разылығы үшін ғана бересіңдер...», (2.Бақара-272).

– Садақамызды алдымен жарлы адамнан бастаған жөн. Біреуден бірдеңе сұрауға ары жібермейтін қаншама тұрмысы нашар отбасылар бар. Осындай жанға жәрдем ету сауабы мол іс: 

«Садақа берсеңдер – Құдайға құлшылық етіп, ешқайда шықпайтын, алыстап ешқайда бара алмайтын жоқ-жітікке беріңдер. (Ешкімнен) еш нәрсе тілемегеніне қарап, білмегендер оларды бай деп есептейді, ешкімге жабыспайтынын олардың жүзінен-ақ танисың. Мал-мүліктен нені садақа етсеңдер де оны Алла айқын біледі», (2.Бақара-273).

– Іске жарамсыз өзіңе де, елге де қажеті шамалы бұйымды садақа ретінде беру дұрыс болмайды. Бұл жайында аятта былай делінген: «Әй, мүминдер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден өндірген өнімнің жақсыларынан Алла үшін жұмсаңдар. Ал және өздерің көздеріңді жұмып амалсыз алатын құнсыз, сапасыз дүниені Алла жолына беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы», (2.Бақара-267).

– Берген көмек пен садақаны міндетсінбеу. Аятта былай ескертеді: «Ей, иман келтіргендер, мал-мүлкін көрер көз үшін жұмсайтындар, Аллаға және ақырет күніне сенбейтіндер секілді (сендер де) бергендеріңді міндет қылып, ренжітіп, садақаларыңның сауабын жойып алмаңдар. Олардың мысалы: үстіндегі шаң-тозаңын нөсер жуып кеткен жалаңаш жартас тәрізді болмақ.  Олардың еңбектері еш кетеді. Алла ондай безбүйректерді тура жолға салмайды», (2.Бақара-264).

– Берген садақасын жарияламау. Садақаның жасырын берілуі адамды риядан сақтайды. Жасырын берілген садақа адамның күнәсінің кешірілуіне себеп болмақ. «Егер де садақаны құпия түрде берсеңдер, сендер үшін одан да жақсы. Алла сендердің күнәларыңды жарылқайды», (2.Бақара-271).

Берген қол алушыдан жоғары тұрады. Ал алушы берушіге дұғада болатындықтан, сізде садақа беріңіз, өзгелерде Алладан сіздің тілеуіңізді тілесін.

 

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша

«Уақып» қорының жауапты меңгерушісі Бақдәулет Қыдырбайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары