Пайғамбарларға уақи әртүрлі жағдайлармен келеді. Кей жағдайда періштелер уақи әкелсе, кей жағдайда пайғамбардың түсіне аян беріледі. Әбу Ләиc ас Самарқанди р.а. өзінің әкесінен естіген хикаяны жеткізеді. Бір пайғамбар түс көреді. Түсінде Алла Тағала бұйрық берді. Бұйрығы 5 түрлі болады. Алғашқысы – ертеңіне жолға шығып, алдынан алғашқы кездескен нәрсені жеу қажеттігі, екіншісі – тапқан нәрсені жасыру, үшіншісі – алдынан кездескенмен келісу, яғни оның айтқанын орындау, қажеттілігін өтеу, төртіншісі – қандай жағдай болса да үміт үзбеу, ал бесіншісі – кездескен пәлекеттен қашу. Таң атқанда пайғамбар жолға шығады. Алдынан үлкен қара тау кездесіп, түсінде бұйырылған, алғашқы кездескенді жеу қажеттігін есіне алады. Бұны қалай жеймін, бұл үлкен тау ғой деп түсінбей тұрғанында, басына Алла Тағала құлдарына көтере алатын жүкті ғана береді деген ой келеді. Сосын ол үлкен тауды жеуге ниет қылып, оған қарай жүре бастағанда тау кішірейіп, кішірейіп өте кішкентай дәмді тағамға айналады. Пайғамбар таудың дәміне тамсана жеп алады. Сапарын жалғастыра бергенде, алтын ыдыс тауып алады. Ыдысты жасыру қажет екенін білген ол, оны жерге көміп қояды. Жүріп артына қараса, әлгі алтын ыдыс жерден шығып қалыпты, пайғамбар оны қайта тығады, ыдыс қайтадан жер бетіне шығып қалады, осылайша үш мәрте ыдысты жерге көміп, бірақ ыдыс қайтадан жер бетіне шығып қала берген соң, «мен Алланың бұйрығын орындадым» деп, жүріп кетеді. Сосын алдына бір құс кездесіп, «Мені тықшы» дейді. Ол құсты жеңіне тығып қояды. Артынан қыран құс келіп, «қарным аш, таң атқалы нәр татпадым, маған бұл құсты берші», деп өтініш етеді. Пайғамбар, әлгі жеңіндегі құсты қыранға бермей, өз денесінен бір кесім етті тіліп алып, қыранды тамақтандырады. Қыран етті жеп алып ұшып кетеді. Сосын пайғамбар жеңіндегі құсты ұшырып жібереді. Жолай келе жатып, сасқан өлексені көріп, одан қашады. Осылайша бір күні өтіп, кеш батқанда Алладан бұл оқиғаның хикметін сұрайды. Сонда Алла оның түсіне аян береді. Бірінші кездескен тау, ол – ашу. Егер кімде-кім осы үлкен қара ашуды жеңетін болса, оның арты тыныштық пен берекеге ұласады. Екінші жағдай ол – адамның істеген жақсы амалы. Жақсы істелген амал ешқашан жасырын қалмайды. Ол жер бетінен өшпейді. Үшінші құстың жағдайы ол – адамға берілген аманат. Егер, кімде-кім аманат етсе, ол аманатқа қиянат жасамау қажет. Төртінші – сен өзің тіпті, бір нәрсеге мұқтаж болып тұрсаң саған өзге кісі келіп, көмек сұраса, оның мұқтаждығын өтеу. Ал, бесінші жағдай – ол ғайбат. Кімде-кімнің біреуді ғайбаттап жатқанын көретін болсаң, ол жерден қаш. Міне, осылайша болған оқиғаның хикметі түске аян болып келді.
Осы оқиғадан көретініміз, адамның істеген жақсылығы ешқашан жасырын қалмайды. Жамандық секілді жақсылық та жерге көміліп жатпайды, ол керісінше аспан мен жердің ортасында, адамзаттың санасында болады. Ықыласпен, ізгі ниетпен істелген амалдар тарихтан орын алып, тамыры тереңдей береді. Қазақ даласына, оның тарихына көз тастасақ ауыз толтыра айтып, мақтан тұтатын ардақты ағаларымыз көптеп болған. Солардың бірігейі болған Құнанбай атамыздың да өмір жолын жеке айтуға болады. Кеңес дәуірінің жетпіс жылдық бодандығында қазақ халқына ол кісіні өте қатыгез, өте дәулетті, бірақ қайырымсыз зұлым, етіп көрсетті. Тіпті, М.Әуезов «Абай жолы» кітабында да ол туралы шындық жарыққа шығарылмады. Бірақ, Алланың қалауымен жақсылық бүгінде баршаға жария болуда. Құнанбай атамыздың қазақ халқы үшін істеген қайырымды амалдары халыққа жеткізіліп жатыр. Құнанбай атамыз ұлты өшіп кетпей, керісінше білімді, сауатты қазақ болсын деп, тек бір Аллаға құлшылық етсін деп көптеген амалдар жасаған. Мекке қаласына барып, қазақ деген ел бар екенідігін көрсетіп, сол жерден үй тұрғызған. Жер беріңдер деп жер алып, бұл қазақтың үйі деп ешкімнен қорықпай, халықтың батасын алғысы келді. Осы Құнанбай атамыз секілді Отанымызды, ұлтымызды сүйіп, шынайы амал қылып, шынайы жақсылықтар істейтін болсақ, әрбір амал тарих бетінен орын алып қалады. Бүгінгі бейбіт елде өмір сүріп жатқан әрбір қазақ үшін қанын төккен ата-бабаларымызбен біз марқаямыз, мақтанамыз, Аллаға шүкір етеміз. Осылайша, артынан жақсы сөз қалсын деген азамат Отанға адал қызмет етіп, жақсы амалдар жасағаны абзал. Жоғарыдағы оқиға секілді, жақсылық жерге көміліп қалмайды. Қайырымды іс барда қайырлы ел болмақ. Ел үшін, Отан үшін адал еңбек етуді басшыларға ғана жүктеп қоймай, сіз бен біз болып, бірлесе жұмыс жасау қажет. Дінімізді, тілімізді көркейту, ұлтжандылық қасиетті жоғалтпай кейінгі ұрпаққа жеткізу әрбір қазаққа міндет!
Алла Тағала халқымызға амандық беріп, әр мұсылманның жүрегіне жақсы амалдарды орындауды нәсіп еткей!
Пікірлер