Перзент аманаты
«Қызын пасыққа (күнәхарға) берген адам Алла тағаланың аманатына қиянат еткен болады. Аманатқа қиянат еткендердің баратын жері – тозақ» (С. Әбәдийа).
Омардың (р.а.) халифалығы кезінде бір адам оған баласын ертіп келіп: «Ей, мұсылмандардың әміршісі. Мынау – менің ұлым. Өзіме қарсы шығып, жапа шектірді», – деп шағымданады. Омар (р.а.) балаға қарап: «Құдайдан қорықпайсың ба? Баланың әке-шешеге қарсы шыққанын кімнен көрдің? Ата-ананың ақысын білмеуші ме едің?» – деп ұрсады. Бала еш қаймықпай: «Мырзам, айтып тұрғаныңыз әке-шешенің ақысы. Ал, баланың ақысы жоқ па?» – деп сұрайды. Омар (р.а.): «Иә, ата-анада баланың да ақысы бар. Ең әуелі үйленерде баласына ана болатын жақсы жар таңдауы тиіс. Тәрбиесіз қызға үйленсе, болашақта туылатын балаға қиянат жасаған болады. Баласы туылғанда оған жақсы ат қоюы керек. Сосын ес білгенде оған Аллаһтың кітабы Құранды үйретуі керек», – деп санап береді. Мұны естіген бала: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Әкем жоғарыдағы айтқандарыңыздың ешбірін орындаған жоқ. Біріншіден, менің анамды құл базарынан сатып алған. Оның өткен өмірі белгісіз. Екіншіден, маған қара қоңыз деген мағына білдіретін «Жуал» деген нақұрыс ат қойған. Үшіншіден, Құраннан бір әріп те үйретпеді», – деп зарлап қоя бергенде Омар (р.а.) баланың әкесіне бұрылып: «Балаңның қиянат жасағанын айтып шағымданасың. Негізінде, сен оған қиянат жасағансың. Бұл қателік алдымен өзіңнен кеткен. Енді амал жоқ. Бар, жолыңды тап», – деп шығарып салады.
Ең алғашқы аманат
Алла Тағала құлдарын өте жақсы көреді. Мейірімін төгіп, күнәхар пенде тәубесіне келсе кешіреді. Жаратушы Өзінің кереметтері арқылы адамзатқа көптеген нығметтерін сыйлаған. Барша құлына Ислам дінінің басты діңгегі ретінде Құран Кәрімді аманат қылып жіберді. Кім Құран оқыса оның әрбір әрпіне сауаптар жазылады. Бізге жеткен хадис шарифтер осының айғағы. Алла елшісі (ﷺ) «Сендерге екі аманат қалдырдым: Алланың кітабы және Әһли бәйтім» деген (имам Ахмед).
Адамзатқа аманат болып қалған Құранның қасиетін бағалап жүрміз бе?!
Намаз
Миғраж түні парыз етілген 5 уақыт намаз да барша мұсылманға аманат. Өйткені, парыз етіп берілген нәрсенің сұрауы бар. «Ниса» сүресінің 58-аятында: «Негізінен Алла (Т.) сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды ...әмір етеді» деген. Осы аяттағы «аманат» сөзін Расулуллаһ «ғибадат» деп айқындап, бес уақыт намаз оқуды бұйырған» (Бәйдәуи). Парыз болға намазды оқымай, оған бей-жай қарау Алланың әмірін орындамау болғаны. Алланың аманатына жауапсыздық танытқан боламыз.
Дене аманаты
Адамға берілген нығметтер ол – Алланың кереметтері. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Қол – адамға берілген аманат, онымен харам болған нәрсені ұстама! Аяғың – саған берілген бір аманат. Онымен харам жерге барма! Көбею құралы да саған берілген бір аманат, онымен зина жасама» деген (islamdini.kz). Яғни, әрбір мүше бізге берілген аманат. Бүкіл денені бір мүше етіп қарамай, әр мүшені жеке аманат етіп берген. Көз көруге, құлақ естуге, тіл сөйлеуге қажет дегендей, он екі мүшеміз бен шаштың әрбір қылы да аманат екенін ұғыну қажет. Осы аманаттарды Алланың разылығынан басқа жолға жұмсау – аманатқа қиянат болып табылады.
Отбасындағы аманаттар:
Ер мен әйелдің бір-біріне аманаты
Алла елшісінен (ﷺ) жеткен хадистерде отбасы мүшелерінің аманаты жайлы көптеп айтылған. «Әйелдер – сендерге берілген Алла тағаланың аманаты» (Ибн Жәрир) деп, ер азаматтың әйелін сырт көзден қорғап, қажеттілігін өтеп, өзімен бірге Жаннатқа жетелеуін жеткізген. Тағы бір хадисте: «Жұбайларыңды ренжітпеңдер! Ол – Алла тағаланың сендерге берген аманаты» деген (Мүслим). Бұл хадистен ер мен әйелдің бір-біріне мейірімділік танытып, өкпе-ренішке жол бермеу қажеттігін байқаймыз. Әйелдер ер азаматы үйге келгенде күліп қарсы алып, жағдайын жасап отыруы қажет. Ибн Омардың Пайғамбардан (ﷺ) жеткізген мына хадисінде: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты...», – дейді.
Айтылған сөздің аманаты
«Егер сенің бауырың, саған оңашада қандайда бір әңгіме айтқан болса ол – аманат. Тіптен ол саған бұл арамыздағы құпия болсын, ешкімге айтпассың» деп ескертпеген күннің өзінде сен оны құпия ретінде сақтап, аманат ретінде қабылдауға тиіссің» (Ибн Муфлик «Адаб Аш Шари’а»). «Барлық мүше таң атқанда тілге қарап: «сөйлер сөзіңе ие бол, өйткені біз барлығымыз саған тәуелдіміз», - дейді екен. Яғни, тілден жақсы сөз шықса, сауабы мол болып, басқа мүшелер жапа шекпейді. Тілге сақ болмай, яғни ғайбат айтып, жаман сөздер сөйлеу аманатқа қиянат еткен болады. «Сөз – аманат. Жаман сөзді жеткізу (сөз тасу) халал болмайды» (Әбу Нуайм).
Дос алдындағы аманат
Кусантина қазысы Хасан бин Бадис, Әбу Абдуллахқа бір қалта алтын беріп кетеді. Ол үйіне апарып қойып қояды. Бірнеше күннен соң кері сұрағанында қалтаның бетінде 100 деп жазылып тұрған жазуды көреді. Аманатқа өте мән беретін Әбу Абдуллах апарар алдында түгел ме екен деп қалтадағы алтынды тексеріп шығады. Әрі санап, бері санап, тек 75 алтынның барын байқайды. Азайып қалған екен деген оймен өз алтындарынан 25 алтын қосып иесіне апарады. Бір-екі күн өткеннен кейін қазы Әбу Абдуллахқа қайта келіп: «Қалтада 75 алтын болуы керек еді, орнына 100 алтын шықты, мұның хикметі не екен?» - деп сұрайды. Ол былай деп жауап береді: «Қалтаны сізден алған кезде ішіндегі алтындарды санамаған едім, ал апарар кезде сыртындағы 100 деген жазуды көріп, жоғалтып алған екенмін деп ойладым. Сөйтіп өз алтындарымнан 25 қосып 100-ге толтырмақшы болдым». Мұны естіген, Хасан көзі жасқа толып, көңілі қуаныштан босап, аманқа қиянат жасамайтын адамдардың барына өте риза болған екен.
Қызмет барысындағы аманат
Абу Зарр (р.а) Пайғамбарымыздан: «Ей, Алла Tағала елшісі, мені бір жерге тағайындағың келмей ме?» - деп сұраған еді. Сонда Пайғамбарымыз иығынан қағып: «Ей, Абу Зарр бұл – аманат. Сен бұл іске әлсіздеу келесің, егер адам істі өз жауапкершілігіне алып, сенімді ақтай алмаса, қиямет күні өкінішке және масқара болуға алып келеді» деп айтты. Құран Кәрімде бұл турасында: «Негізінен Алла (Т.) сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді. Расында Алла сендерге нендей жақсы уағыз береді. Шәксіз Алла, толық естуші, тым қырағы» деп айтылған. («Ниса» сүресі, 58-аят). Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген: «Араларыңда Алла Тағала лайық қылған адам бола тұра, туысқандық себебінен лайықты емес адамды қызметке тағайындасаңдар, онда сендер Алла тағалаға, оның елшісіне және барлық мұсылмандарға қиянат жасаған боласыңдар» (Ғазали, Мұсылман ахлағы).
Алла Тағала Құран Кәрімнің «Тахрим» сүресінің 6-аятында: «Ей, мүміндер! Өздеріңді және үй-іштеріңді (жанұяларыңды) тозақ отынан қорғаңдар!», – деп бұйырған. Олай болса, әрбір мұсылман өзіне берілген нығметтерге ие болып, аманатқа қиянат жасамауы парыз!
Кәусар Сабыр
Балқаш қалалық орталық мешіті
Пікірлер