Тілдік нұсқа
Радио

мақала

АСЫРА МАҚТАУДЫҢ АРТЫ НЕГЕ АПАРДЫ?!
07 қазан, 2020 жыл 656 Басып шығару нұсқасы

 

Омар (р.а.) тағайындаған басшылардың бірі жұма хұтбасы кезінде Омарды жер-көкке сыйғызбай мақтағаны сонша, сахабалардың біреуі шыдай алмай орнынан атып тұрып әлгі кісімен шарт-шұрт сөзге келіп қалды. Намаз біткенде мешітте болған жайт Омардың құлағына да жеткен еді. Халифа Омардың әмірімен әлгі сахаба дереу тұтқындалып алдына әкелінеді. Сахаба кірген бойда халифаға сәлем береді. Алайда өзі ашуланып отырған халифа оның сәлемін алмастан тіпті жекіп те жібереді. Сол кезде сахаба: – Ей, Омар,- дейді жұлып алғандай басын көтерген күйі,- мен бір кінә жасасам, сен нақ екі кінә жасап отырсың! Бұны естігенде бағанадан бері Омардың алқымына тығылған бар ашуы сап тыйылып: – Менің екі кінәм не болды сонда?- деп сұрады таңырқап. Сахаба тағы да тайсалмастан: – Аллаһтың бер деген сәлемін беріп ем, ашумен сәлемімді алмадың. Яғни уәжіпті елемедің, бұл – бір. Кінәлі адамға құлақ түрмей жатып бір жақты ғана үкім айттың, бұл – екі,- деді. Бұны естіп сабасына түскен Омар (р.а.) болған жайды айтып беруін өтінгенде, ол былай деп түсіндірді: – Сен тағайындаған басшы хұтбада сені жер-көкке сыйғызбай мақтағаны сонша, ел сені Әбу Бәкірден де артық па деген ойға қалды. Алайда сенің Әбу Бәкірге жете алмасың айдан анық жайт. Мен осыған келіспеушілік білдірдім. Омардың таңғалысы тіпті арта түсіп: – Иә, неліктен мен Әбу Бәкірге жете алмайды екем?- деп сұрады. Сонда әлгі сахаба: – Сол да сөз болып па,- деді өз сөзін дәлелдемек болып,- «жасаққа қол ұшын беріңдер» деп Пайғамбарымыз бұйырғанда сен қолыңдағы малдың жартысын ғана әкелдің де, ал Әбу Бәкір болса өзіне тышқақ лақ та қалдырмай қолында барын түгел әкеліп елді бір жылатпап па еді?! Бұны естігенде Омар (р.а.) әлгі сахабадан кешірім сұрап, оны еркіне қоя берді. Артынша жағымпаздық жасаған әлгі басшыны жұмыстан босатты.

 

Дереккөзі: «Тағылым тамшылары»

 

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары